Редакциямызға аудандардың бірінен хабарласқан ерлі-зайыптылар перзентханадан жаңа туған сәбиді асырап алғысы келетінін айтты. Бірақ олар бұл істің талап-тәртібін, заңдылықтарын жақсы білмейтіндіктен арнайы маманнан кеңес алуға ниетті екендіктерін жеткізді. Біз осы тақырыпқа дөңгелек үстел өткізуді жөн көрдік. Көптің көкейіндегі сауалдарға облыстық мамандандырылған балалар үйінің директоры Салтанат Фатихова мен білім басқармасының бас маман-заңгері Досым Қалдыбаев жауап берді.
Бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыптылар аз емес. Олардың ішінде қазіргі медициналық технологияның көмегімен (ЭКО) сәби сүйгісі келетіндер де, перзентханадан нәресте алып бауырына басуды құп көретіндер де бар. Біздің дөңгелек үстел отырысында айтылар әңгіме осы тастанды балаларды асырап алудың тәртібі, жөн-жосығы төңірегінде өрбиді.
– Салтанат Ерболатқызы, балалар үйіне перзентханадан түсетін тастанды балалар көп пе?
– Жуырда перзентханадан төрт нәресте түсті. Олардың бәрін асырап алушылар бірден алып кетті. Бір айта кетерлігі, баланы тек тәрбиелеу үшін емес, болашақта өз аттарына жаздырып алғысы келетін ата-аналардың таңдауы әлі есін білмейтін, жаңа туған нәрестелерге түседі. Ол түсінікті де. Өйткені олар бөбектің өмірінің әр сәтін бірге қызықтап, көз алдында өскенін қалайды. Яғни ата-ана болудың қызығы мен шыжығын қатар көргісі келеді. Сондай-ақ ес білмеген сәбидің де ата-анасына тез үйреніп, бауыр басып кетуі оңай.
– Өзіңіз басшылық ететін мекеменің тыныс-тіршілігі, ондағы тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы туралы айтып берсеңіз.
– Қазір облыстық мамандандырылған балалар үйінің тәулік бойы жұмыс істейтін бөлімінде төрт жасқа дейінгі отыз бөбек тәрбиеленіп жатыр. Одан басқа күндізгі коррекциялық бейіндегі бөлім бар. Оған ата-аналар денсаулығында кінәраты бар бөбектерді әкеледі. Мамандандырылған мекеме болғандықтан педагогтармен бірге медициналық қызметкерлеріміз де бар. Диагноз қойылған, сырқат балалармен педиатр, невропатолог, реабилитологтар айналысады. Физио, массаж, емдік денешынықтыру кабинеттері жұмыс істейді. Тілі шығып келе жатқан бүлдіршіндермен логопед маман жұмыс істейді.
– Сіздерде күтуші мамандар жеткілікті ме?
– Тәулік бойы жұмыс істейтін топтағы отыз сәби төрт топқа бөлінген. Қазір бір жасқа дейінгі балалар тобында бес-ақ бөбек бар, оларға екі күтуші қарайды. Бұл жерге түсетін сәбилер туа сала ата-анасына керегі жоқ болғанын түйсігімен сезе ме екен, әйтеуір, көп жыламайды. Тіпті өсіп қалған екі-үш жастағылары да жыламайды, тамағы тоқ болса тыныш жата береді. Бірақ күтушілеріміз оларға жеткілікті көңіл бөледі, еркелетіп, ойнатады. Мекемеге мемлекет тарапынан жеткілікті қаржы бөлінеді. Бөбектердің арнайы тағамы, пюре үзілмейді. Одан басқа «Казцинк» сияқты ірі кәсіпорындар, жеке адамдар да үнемі қайырымдылық көрсетіп тұрады. Кейде өзімізден не қажеттігін сұрап, сол қалаған заттарымызды сыйлайды.
Үміткерлер ата-аналар мектебінде оқуы керек
Балалар үйінен бала асырап алу оңай шаруа емес. Алдымен болашақ ата-ана көп ойланып, бір шешімге келе алмай жүреді. Одан кейін көп жетімектің ішінен жүрегі қалаған баланы іздейді. Ары қарай қажетті құжаттарды жинастырып, тиісті тексеруден өтетінін айтады мамандар.
– Досым Жексенғазыұлы, бала асырап алу тәртібі қандай? Неден бастау керек?
– Әрине, бұл – өте жауапты сәт, сондықтан оған жүрек қалауымен келген дұрыс. Бала асырап алғысы келетіндер ең алдымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық деректер базасында үміткер ретінде тіркелуге тиіс. Ол үшін қандай құжаттар керектігін тұрғылықты жеріндегі қамқоршылық-қорғаншылық органынан толығырақ біле алады. Ең басты талап – үміткерлер болашақ ата-аналардың мектебінде оқып, үш айлық курстан өтуге тиіс. Ол жерде болашақ ата-аналарды психологиялық жағынан даярлап, баламен қалай қарым-қатынас жасауды, онымен тіл табысуды үйретеді. Курсты тәмамдаған соң арнайы сертификат беріледі. Одан кейін арнайы медициналық сараптаманың үлгісін тапсырады, міндетті түрде денсаулығы мен психологиялық жағдайы тексеріледі, нашақор ретінде есепте тұрған-тұрмағаны, бұрын істі болған-болмағаны анықталады. Осы құжаттардың барлығын жинап, жергілікті қамқоршылық-қорғаншылық органына өткізеді. Орган бұл құжаттарды алған соң жеті жұмыс күні ішінде жоғарыда айтқан республикалық деректер базасына үміткер ретінде тіркеуге тиіс. Содан кейін үміткерлер электронды қолтаңбасымен e-gov арқылы кіріп, Қазақстан бойынша балаларды таңдайды.
– Салтанат Ерболатқызы, ол жерде балалар туралы мәліметтер толық көрсетіле ме? Деректер банкіне енбей қалған балалар болмай ма?
– Бұл жерде баланың статусына байланысты. Егер әке-шешесі ата-ана құқынан айырылмаған, тек шектеу қойылған болса, ондай балалар туралы ақпарат берілмейді. Ата-ана құқығынан айырылған болса, онда баланың суретін ғана жүктемей, ол туралы толық сипаттама салынады, оның денсаулығы, физикалық дамуы, немен әуестенетіні, нені ұнатып, нені ұнатпайтыны, сөйлей ме, жоқ па, қандай дағдыларды орындай алады, осының бәрін мамандар енгізуі керек. Баланы таңдағанда оның өзіне ұқсастығына, шашы мен көздерінің түсіне, ұлтына мән беретіндер болады. Үміткер өзіне ұнаған баланы таңдап алғанда, оған баламен танысуға жолдама беріледі. Асырап алушылар бізге келгенде баламен араларында психологиялық байланыс орнаған-орнамағанына мән беріледі. Кейде бала жатырқап, жақындамай қояды. Не болмаса, болашақ ата-ананың жүрегі қабылдамай тұрады.
– Үміткерлер баланың биологиялық тегі туралы сұрай ма? Асырап алушылардың жасына шектеу бар ма?
– Әрине, сұрайды, егер бізде ондай ақпарат болса, оны жасырмай айтамыз, ішкілікке салынған немесе нашақор ата-ана болса да айтуымыз керек. Кейде даладан тауып алып, бізге тапсырған жағдайлар болады. Қазір сондай бес айлық бөбектің ата-анасын полиция іздестіріп жатыр. Үйлеріне не пәтерге тастап, қарамай кететіндер болады. Сол кезде көршілері полиция шақырып, бізге жеткізеді. Ондай балалар туралы ақпаратты там-тұмдап жинаймыз. Базадағы деректер үнемі толықтырылып, жаңарып отырады. Үміткерлердің жасына келсек, шектеу жоқ, тек асырап алушы мен баланың жас айырмашылығы 16 жастан кем болмауы керек. Көбінде ұзақ жылдар бала сүйе алмаған отыз-қырық жастағы жұптар келеді. Бізде елуден асқан адамның бала асырап алғаны болған.
– Досым Жексенғазыұлы, бала асырап алудың тәртібі мен талаптары туралы білдік, енді түрлері туралы айтып берсеңіз.
– Мемлекеттің негізгі саясаты – әр бала отбасында тәрбиеленуі керек. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың бес нысаны бар.
Біріншісі – баланы асырап алу. Баламен танысып, 14 күн араласып, бір-бірімен тіл табыса алса, сот шешімімен асырап алады. Бұл кезде 75 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы төленеді.
Екіншісі – қамқоршылық-қорғаншылыққа алу, яғни 0-14 жасқа дейін қамқоршылыққа, 14-18 жасқа дейін қорғаншылыққа алуға болады. Қамқоршы ретінде көбінде туыстары, ата-әжесі, апай-ағасы шығады. Қамқоршылық-қорғаншылыққа алынған әр балаға ай сайын 10 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді.
Үшіншісі – баланы патронаттық тәрбиеге келісімшартпен алу. Патронаттық тәрбиеге үш баладан артық берілмейді, егер олар бір отбасының балалары болмаса. Асырап алудың кез келген түрінде ағайындыларды бөлуге жол берілмейді. 2023 жылдан бастап ай сайын 35 АЕК көлемінде жалақы төленеді және әр балаға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі.
Төртінші түрі – баланы қабылдаушы отбасына тәрбиеге беру. Бұл жерде бала саны төрттен аз емес, 10-нан көп емес болуы керек. Тәрбиеге алушылармен келісімшарт жасалады, әр балаға 10 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді.
Бесіншісі – қонақжай отбасы, бұл жерде жәрдемақы төленбейді. Бұл адамдар әлі нақты шешім қабылдай алмаған, өзіне сенімсіз, күмәнмен жүрген үміткерлер. Баланы бір айға, не болмаса каникул кезінде келісімшартпен алады. Тағы бір айтарым, деректер базасына енгізілгенде баланың ата-анасының статусының, басқа бауырлары туралы ақпараттың толық енгізілуі маңызды. Кейде таныстықтан кейін үміткерлер баланың денсаулығында кінәрат болса бас тартып жатады, ондайда кезекте тұрған екінші адам баламен кездеседі. Кейбір адамдар өзіміз емдеп аламыз деп, баланы алып кетеді. Әр жағдайда болашақ ата-ананың материалдық мүмкіндіктері, тұрмысы толық тексеріледі.
– Салтанат Ерболатқызы, асырап алған баланы қайтарып берген жағдайлар болды ма?
– Өкініштісі, бұл қазір біздегі ең өзекті мәселе деуге болады. Бірде бір әйел қонақжай отбасына алған үш жастағы қызды бізге қайта алып келді. Өйткені ол бірден екі баланы алған, жөргектегі нәрестені асырап алу үшін, ал қызды қонаққа. Өзінің туған баласы жоқ, бала бағу тәжірибесі болмағандықтан қиналып кеткенін айтты. Бірақ баланың тағдырын да ескеру керек қой, бір айдан кейін ол қыздың туған әжесі табылды. Біз Инстаграмдағы парақшамызда балалар үйінің күнделікті өмірі туралы жазамыз, сол жерде туған әжесі көріп, қызына ұқсатыпты. Айтуына қарағанда, ол қызының баланы қайда тастап кеткенін білмеген, әлеуметтік желіден көріп, қызына ұқсатқан, содан қамқоршылық органға барып, құжаттарын жинап, алып кетті.
Тағы бір оқиға болды, балада алтыншы саусақ өскен, сол үшін туған әке-шешесі бас тартты. Хирургиялық жолмен алып тастаса да болар еді, денсаулығына ешқандай нұқсан келмеуші еді. Анасы «күйеуім қарсы» деп бас тартты. Ол бөбектің де жолы болды деп ойлаймын, кейін Жетісу жақтан бір балаға зар болып жүрген жұп асырап алды.
Тағы бірде бізде екі жастағы сәби үш жылдай жатты. Шешесі алғысы келеді, бірақ әрекет жасамайды, сотқа жүгінгісі келмейді, басқа да балалары бар, ата-ана құқынан айырылмаған, бірақ шектеу қойылған. Аяғы «егер алмасаңыз, ата-ана құқынан айырамыз» дегенде ғана бір шешімге келіп, баласын алып кетті. Оған дейін екіойлы болып жүрді.
Бір өкініштісі, ол баланы бір үміткер алғысы келіп жүрген, бірақ туған отбасына барды, жағдайы жаман бола қоймас.
– Досым Жексенғазыұлы, баланы қамқоршылық-қорғаншылыққа берген кезде басымдық ата-әжесіне, туыстарына беріледі дедіңіз. Өзі зейнеткер жандарға немере бағу қиын емес пе?
– Дұрыс айтасыз, үлкен кісілер көп шағымданып келеді. Баланы асырауға емес, жәрдемақының мардымсыздығына. Он айлық есептік көрсеткіш дегеніміз 30 мың теңге. Ол мысалы, жасөспірім баланың қажеттіліктерін өтеуге жетпейді. Кейбір отбасылар жер үйде тұрады, отын-су керек дегендей. Ондай кезде біз демеушілер іздеп, кейде мектеп арқылы материалдық қолдау көрсетуге тырысамыз. Жалпы жәрдемақының көлемі қайта қарауды талап ететіні сөзсіз.
– Дөңгелек үстел барысында оқырманға пайдалы біраз ақпарат берілді деп ойлаймын, салиқалы сұхбат үшін сіздерге рақмет.
Дөңгелек үстелді жүргізген – Айна Ескенқызы