ҚоғамТОП

«Маска» иегерлері анықталды

Сахна саңлақтарының мерейін өсіретін мерекелі сәттің бірі – Халықаралық театр күні. Атаулы күн 1961 жылы Вена қаласында өткен ЮНЕСКО Халықаралық театр институтының IX конгресінде бекітіліп, 1962 жылдан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді. Қазақ театрлары да бұл мерекелі күнді жыл сайын тойлауды дәстүрлі үрдіске айналдырған.

Өскемен тұрғындарын өнерімен тәнті етіп келе жатқан облыстық драма театрының ұжымы да осы бір мерекелі күнді қуанышпен қарсы алды. Драма театрдың фойесінде Халықаралық театр күні мерекесіне орай облыстық мәдениет басқармасының жыл сайынғы «Маска» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Кәсіби мерекеде қазақ, орыс, және жас көрермен театрларының  (бұрынғы жастар театры) ерекше көзге түскен актерлеріне құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.

– Соңғы уақытта театрымыздың беделі артып, көрермені көбейіп келеді. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауының арқасында бюджетіміз де, беделіміз де өсті. Барлығымыз бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік, – деді облыстық драма театрының директоры Руслан Қайырсынов.

Осылайша мерекелік шара барысында көрермен көңілінен шыға білген  жас көрермен  театрының көркемдік жетекшісі Едіге Ақылбеков пен қазақ театрының актері Шалқар Арыстанбековке «Шабыт» сыйлығы бұйырды. Ал орыс театрының актері Юрий Миронов «Жас дарын» аталымы бойынша марапатталса, Жас көрермен театрының актері Ермахан Мұхаметбеков және Думан Дулатұлы «Үміт» сыйлығының иегері атанды.

Жалпы шара барысында театр қабырғасында жүргендердің қай-қайсы да марапаттан құр қалмады. Көп жылғы сіңірген еңбегі үшін орыс театрының тігін цехының меңгерушісі Екатерина Глинина марапатталса, «Ең үздік техникалық қызметкер» аталымымен қазақ театрының жарық түсіруші технигі Жанерке Құдайбергенова марапатталды. Сонымен қатар қазақ театрының актері Ертай Хасенов «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша марапатталып, еңбегінің жемісін көрді. Олай дейтініміз Ертай Хасенов Өскемендегі «Шабыт» студенттер театрының жетекшісі ретінде өлке мәдениетіне зор үлес қосып келеді.

– Театр адам жанын емдейтін рухани ордалардың бірі. Театрға келген адам қай уақытта болмасын рухани демалып, рухани байып қайтады. Осы салада шамамызша жұмыс істеп, еңбек етіп келеміз. Біраз жылдан бері «Шабыт» студенттер театрын құрып, жастарды өнерге баулып келемін. Бізде талантты балалар өте көп, оларға қолдау көрсетіп өнерге баулу бізге парыз. Өз басым жастармен осындай мақсатта жұмыс істеймін, – дейді қазақ театрының актері, «Шабыт» студенттер театрының жетекшісі Ертай Хасенов.

Сонымен қатар «Үздік шығармашылық қызметкер» аталымымен қазақ театрының труппа меңгерушісі Айжан Садуақасова, «Балаларға арналған спектакльдегі үздік рөл» аталымымен Юлия Волобуева марапатталды. Ал «Қазына» аталымымен Жас көрермен театры  режиссерінің көмекшісі Зикамал Қайсанова және актер Тұрсынбек Дүзбаев  марапатталды.

Ал «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымы бойынша орыс театрының актрисасы Дина Епимахова және Жас көрермен театрының актрисасы Айгүл Хамит марапатқа ие болса, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» үшін берілетін марапат Максим Горбанев, Олжас Тұрғанов, Мирас Разқанов, Әлібек Малшиев қатарлы өнер иелеріне бұйырды. Ал биылғы «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымымен Ақжол Сақанов, Сергей Засорин, Еркебұлан Какимов қатарлы актерлер марапатталды.

Маска сыйлығының «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымымен Қазақ театрының О.Бөкейдің «Қар қызы» драмасындағы «Қар қызы» рөлін сомдаған Айым Бегмат марапатталды.

Айта кетейік, Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» драмасы жазушының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында сахналанып, көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Сондай-ақ осындай тағы бір сыйлық орыс театрының актрисасы Варвара Пакқа бұйырды.

Ал  «Үздік спектакль» аталымы бойынша орыс театрының «Өмір-көңілді нәрсе!..» спектаклі жеңімпаз деп танылды.

– Жалпы «Маска» сыйлығы – бұл өткен жылдың қорытындысы бойынша беріледі. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында 2023 жылы 9 премьера өтті, –  дейді облыстық драма театрының баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызы.

Кеш соңында көп күттірген талантты актер, дарынды режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы сыйлық табысталды. Бұл Шығыс актерлері үшін ең мәртебелі сыйлық болып саналады. Оны театр өнері саласындағы жоғары шығармашылық жетістіктері үшін орыс театрының көркемдік-қойылым бөлімінің меңгерушісі Ирина Сахарова қанжығалады. Үздік деп танылған актерлерге ақшалай марапат табысталды.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button