ҚоғамМәдениетРуханиятТОП

Аязды шығарып салды

Глубокое ауданының «Алтай Альпісі» тау шаңғы курортында Фристайл және сноуборд федерациясының ұйымдастыруымен ски-кросс, сноуборд-кросстан әуесқойлар арасында облысаралық ашық біріншілік өтті.

Дүбірлі жарысқа қырықтан астам адам қатысып, өзара бақ сынады.

Апталап тұрған аяздан кейін күн райының жылынуы қатысушыларға оң әсер етері сөзсіз дейді сайысқа сақадай сай әзірленіп келген Анастасия Максимова.

– Мен ски-кросс түрінен жарысқа қатысатын боламын. Негізі әуесқойлар арасындағы мұндай жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Жақсы болады деген ойдамын. Жеңіске тек мықтылар жетсін, – деді Анастасия.

Айта кетейік, бұл ашық біріншілік облыс әкімінің және Глубокое ауданы әкімдігінің қолдауымен өтті. Сайыстың көрігін қыздырып, қатысушыларға қолдау білдіріп, дем беріп жатқан көрермендер арасында да түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен  марапатталды.  Ал ски-кросс және сноуборд-кросстан жеңімпаз атанғандар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.

Бір қызығы, дәл осы күні ауа райы да жылы қабақ танытып, апталап тұрған аяздың беті қайтқан-ды. Альпідегі спорт мерекесіне Аяз ата мен ақшақар да қатысты. Жиылған жұртшылық қыстың көркі болған қос кейіпкермен қоштасып, келер жылға дейін аман-саулық тілесті. Ақ көрпесін жамылған сұлу табиғат құшағында ән әуелеп, күй төгілді. Сауықшыл қауым би билеп, театрландырылған қойылымды тамашалап, түрлі байқауларда бақ сынап мәре-сәре болды.

– Бүгін әуесқойлар арасында ски-кросс және сноуборд-кросстан облысаралық ашық біріншілік өтіп жатыр. Жарысқа қырықтан астам адам қатысуға ниет білдірді. Жалпы жүлде қоры – 1 миллион 200 мың теңге. Жарысқа қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, – деді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Евгения Литвиненко.

Еліміздегі танымал тау шаңғы базаларының қатарынан саналатын «Алтай Альпісінің» туристік әлеуеті зор екенін айта кеткен жөн. Бұл жерден адамдар қарасы қысы-жазы үзілген емес. Ішінара осындай тау шаңғы спортынан түрлі сайыстар да ұйымдастырылып тұрады мұнда.

 

Осы айдарда

Back to top button