ҚоғамТОП

Тұрғындар не себепті екпеден бас тартады?

Қазақстанда 11 инфекцияға: туберкулезге, дифтерияға, полиомиелитке, қызылшаға, эпидемиялық паротитке, қызамыққа, сіреспеге, көкжөтелге, В гепатитіне, гемофильді жұқпаға және пневмококк жұқпасына қарсы егу міндетті. Елімізде жыл сайын инфекциялық ауруларға қарсы шамамен 5 млн адам, оның ішінде 1,3 млн бала егіледі.

 

Вакцинациялаудың маңыздылығы жайында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

 

Иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаты аурушаңдықтың алдын алу, ал сырттан әкелінген жағдайда – жұқпалы ауруларды оқшаулауға және жоюға бағытталған.

 

– Жұқпалы аурушаңдыққа шалдыққан адам осы инфекцияны қайта жұқтыруды қабылдамайтын иммунитетке ие болады. Бірақ науқас адамнан жұқтырған жағдайда пайда болған инфекциялардың көпшілігінің ағымы ауыр және олар асқынуларға дейін жеткізуі мүмкін. Ауырған адам инфекцияның көзі және таратушысы бола алады, медицинада мұндай адамдарды екпе алғаннан кейін байқалмайтын бактерия тасымалдаушылары деп атайды, – деп түсіндірді департамент басшысы.

 

Екпе алдымен қауіпсіздік және тиімділік жағынан зертханалық және клиникалық бақылаудан өтеді. Сонымен қатар өндіруші шығарған екпенің әр партиясы тексеріледі. Екпе қолданатын елде тіркелген кезде мұқият тексеруден өткізіледі.

 

Спикердің айтуынша, екпе егудің көмегімен көптеген жұқпалы аурушаңдықтардың салдарынан болатын аурулар мен өлім-жітім санын едәуір азайтуға болады, ал кейбіреулері толығымен жойылады (табиғи шешек, полиомиелит).

 

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес халыққа екпе егу тегін жүргізіледі.

 

 

Былтыр облыстағы нысаналы топқа жататын балалардың 95 пайызына профилактикалық екпе салынды. Дегенмен осы уақыт аралығында екпеден бас тартқан 116 жағдай белгілі болды.

 

Қанат Тұрдиевтің айтуынша, ел ішінде екпеден бас тартатындар жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Сондықтан екпеден бас тарту жағдайлары есепке алынып, себептеріне талдау жүргізіледі екен.

 

– Бұл адамдардың 65 пайызы өздерінің түсінігі бойынша екпеден бас тартса, қалғандары екпеге күмәнмен қарайтынын, алғашқы баласына салғызған кезде теріс реакция болғандығын айтып келісім бермеген. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі теріс ақпараттың салдарынан, діни көзқарасына қайшы келгендіктен бас тартқандар да бар, – деп түсіндірді департамент басшысы.

 

Бас тартқандардың көбі Өскеменде (41 жағдай) тіркелген. Одан бөлек Күршім (22), Глубокое (22), Алтай, Зайсан аудандарында, Риддер қаласында да қарсы болғандар бар.

 

Департамент басшысының ақпаратына сүйенсек, 6 жасқа дейінгі нысаналы топқа жататын балалардың әртүрлі ауруларға қарсы егілу  көрсеткіші – 89,9-98,2% .

 

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, кейінгі 150 жылда әлем халқының өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұлғайды, оның 25 жылына екпенің арқасында қол жеткізілді. Елімізде иммундау мәселесі денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі болып саналады. Вакцина салудың арқасында дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызамық, індеттік паротит, қызылша, В вирустық гепатиті, полиомиелит, туберкулез, гемофильді жұқпа сияқты инфекциялармен сырқаттану деңгейі айтарлықтай төмендеді. Кейінгі 15 жылда профилактикалық екпе салу күнтізбесі аурулардың тізбесін кеңейту есебінен біраз өзгеріске ұшырады, аралас екпелер енгізіліп жатыр.  Сол себепті ата-аналар, ересектер профилактикалық егудің маңызын түсінуге тиіс, – деп қорытындылады Қанат Тұрдиев.

Осы айдарда

Back to top button