Қоғам

БІР СЫНЫПТАҒЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ ТРАМАДОЛДЫ ҚОЛДАНҒАН

     Былтыр Өскемен қаласыңда жоғары сынып оқушыларының  (бір сыныпта оқиды) тең жартысы ЖРВИ-ге шалдыққан деген диагнозбен ауруханаға жатқызылады. Ата-аналар дабыл қағып, балаларының денсаулығына алаңдаушылық білдіреді. Бірақ мәселе жедел респираторлық вирус инфекциясы емес екені ем-дом кезінде анықталған.

 

   Хош сонымен, әлгі балалардың дене қызуы көтеріліп, әлсірей бастайды. Мінез құлықтарында өзгеріс пайда болып, ашушаң келіп, қатты күйзеліске шалдығады. Сөйтсе бір сыныпта оқитын оқушылармен дәрігер нарколог жұмыс істей бастағанда ішінен бір қыз «У нас половина класса на трамадоле сидит» деп ағынан жарылып, ауруханаға түскендегі басты себепті атапты.

Өкінішке орай, дәл қазіргі таңда әрбір жанұяның есігі мен терезесіне ұңіліп, үй айналасын торып, ғасыр індеті жүр. Бұл індеттің аты – нашақорлық. Елімізде нашақорлықтың көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Мамандардың айтуынша, есірткі өнімдерін тұтынатындардың қатарында тек ересек ерлер мен әйелдер ғана емес, жасөспірімдер де бар. Ресми статистика өсті дегенмен, нашаға тәуелді азаматтардың есепте тұрмайтыны қаншама. Мамандар бүгінде психотроптық заттарды қабылдаушылар мен саудалаушылардың да саны артпаса, кемімей тұр деп дабыл қағуда. Мектеп қабырғасынан бастап синтетикалық есірткіні қолданады, тәуелділікке тап болады, әсіресе қыз балалар көп дейді дәрігер-нарколог Зәуре Сансызбайқызы бізге берген сұхбатында.

Синтетикалық есірткі дейтін дерт шықты. Бұл кеселдің адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін ғалымдар дәлелдеп берген. Бұдан бірнеше жыл бұрын есірткі қолданатын адамдардың орташа жасы 30-35 болса, қазір бір өкініштісі жасарып келеді. Мектепте оқитын оқушыларда тіркеуде тұр. Олар ең бірінші қызықтап көреді. Кейін бойында тәуелділік пайда болып, мінез-құлқы өзгереді. Ал жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн арқылы ілігіп жүр. Себебі синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни сатып алушы мен саудагер бір бірімен бетпе-бет кездеспейді»,- деді Зәуре ханым.

Иә, соңғы уақытта кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер осы синтетикалық есірткінің құрығына түсіп, денсаулығына едәуір зиян тигізуде. Бастапқыда есірткіні достарымен, құрдастарымен көңіл көтеру үшін пайдаланғаннан кейін, қалай тез арада тәуелді болғанын түсінбей қалып жатады екен. Синтетикалық есірткіге еліткен адамның жүйке жүйесі бірден зақымданады. Сөйлеу, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Ұйқысыздық, мазасыздықтан бөлек күйзеліске түседі. Қан тамырлары ауруларына шалдығады.

Ата-аналар баларының есірткіге әуестігін білседе, наркологиялық диспансерге  көп жағдайда әкелмейді. Өздігінен емдегісі келеді. Себебі  қазақта «ұят» деген түсінік бар. Дегенменде балаларын жетектеп, әкеліп жатқан жандар бар. Бірақ бұл жерде мына жайтты айтып кетейін. Бізде тек детоксикация ғана. Яғни  адамның ағзасы мен қанын зиянды заттардан тазаратамыз. Ал одан кейінгі оңалту шарасы жүргізіледі. Көп жағдайда оңалту орталықтарында тек ересек адамдар ғана ем-дом қабылдап жатады. Жасөспірімдерге арналған оңалту орталықтары жоқтың қасы. Олар диспансерде емделгісі келсе, тек ересектермен бір бөлімде жатуға мәжбүр.  міне бұл үлкен мәселе деп айтуға болады»,-деп ойын білдірді Зәуре Сансызбайқызы

Есірткіге тәуелділіктен бір жола арылу ұзақ уақытты, мықты ерік-жігерді қажет етеді. Адам көптеген ем шараларынан өтуі тиіс. Зәуре Сансызбайқызының айтуынша  ШҚО-да мұндай зиянды әрекеттің құрбаны болған жандарға арналған оңалту орталығының жоқтығы, ем-домды толық көлемде алуға  қиындық тудырып отырғанын жеткізді.

«Бізге келіп түскен адамның улы заттардан ағзасын тазалап, детоксикация жасалады. Накрколог-дәрігерлердің, психологтардың көмегі көрсетіледі. Одан кейін оларды біз ұзаұ оңалтудан өту үшін Павлодар қаласындағы арнайы клиникаға жібереміз. Олар онда бір жылға жуық емделіп, толық медициналық көмек алуы тиіс. Алайда кереку өңірі алыс болғандықтан, есірткіге шалдыққан жандар, ол жаққа бара бермейді»,-деді ол.

Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны да түсінікті. Себебі бұл есірткі түрінің еркін саудасы, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Қазір жасанды препараттардың айналымы артып, оның келешек ұрпаққа деген зияны ұлғайып келе жатқанын дәрігер-нарколог атап өтті.

Өскемен қаласындағы наркологиялық диспансерде мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Әрине бұл өңірдегі есірткі пайдаланатындардың нақты көрсеткіші емес. Бұрын есірткі қолданатын адам бізде 5 жыл тіркеуде тұратын. Осы уақыт аралығында дәрігер-наркологтың, психологтың бақылауында болып, ем-дом қабылдап жүретін. Қазіргі таңда бір жыл ішінде қаралуға мүмкіндігі бар. Осы уақыт ішінде зиянды әрекетке әуестігі байқалмаса, тіркеуден алып тастайды. Бірақ менің ойымша бір жыл өте аз уақыт. Себебі әлгі адам күйзеліске түссе немесе өмірінде бір қиын жағдайға тап болса, қайтадан есірткіні қолданып кетуі әбден мүмкін. ал мұндай жағдайлар тәжірибемізде жиі кездесіп жатады»,-деді Зәуре Сансызбайқызы.

Интернетті шарлап жүрген түрлі сайттарда синтетикалық есірткіні саудалап қана қоймай, оны дайындайтын құрал-жабдығына дейін, тіпті жеке өндірісін ашуға үйрететін ашық бейнекурстар бар. Қара нарықта «синтетиканың» саудасын қыздырып тұрған сайттарға  «соғыс» ашылса да, бірақ біреуі жабылса, көп ұзамай-ақ оның орнына екі жаңасы ашылуда. Соңғы жылдары «дәстүрлі» есірткінің орнын синтетикалық қоспалар қарқынды түрде алмастырып келе жатқанын мамандар жоққа шығармайды.

Кезінде қалтасы қалың, ақшасы бар адамдар ғана есіркіні қолданатын. Қазір синтетикалық есірткіні кез келген адам сатып ала алады. Жарнамасы жер жарып тұр. Әлеуметтік желілерден де көруге болады. Бұл заттан тәуелділік болмайды деген жалған түсінік қалыптасуда. Құдды барлық проблемаларын  шешіп жіберетін «сиқыр зат» сияқты көреді. Әрине бағасының қолжетімді болуы, жастар арасында  белең алуыда әкеліп соғуда. Түнгі клубтарда, көңіл көтеру үшін қолданып, соңы тәуелділікке әкеліп соғатыны жасырын емес. Әсіресе соңғы кезде нәзік жандылардың құмарлығы артқанын байқауға болады. Бұл ретте кейін ана атанғаннан кейін жүктілігіне, құрсақтағы нәрестесіне зиян тигізу қаупі жоғары дегім келеді. Сондай-ақ қыз баласының ішімдікке, есірткіге ер адамдардан қарағанда тәуелді болу пайызы өте жоғары. Мысалы ер адамның қолдаушысы анасы, баласы, жары болғандықтан зиянды әрекеттен тез арылып кетуі мүмкін. Ал әйел адам есіркіге, маскүнемдікке шалдықса, олардан жақындары, жолдасы теріс айналып кетеді, қамқоршысы болмағандықтан емделуі ұзақ жүреді»,-деп ағынан жарылды Зәуре Сансызбайқызы.

Бүгінде Өскемен қаласында жасөспірімдер жұмыс істейтін жалғыз дәрігер-нарколог Зәуре ханым, сұхбаттың әлқисасында әлгі құрамында есіркі бар психотропты  трамадолды қолданып жүрген шаһардағы мектептің оқушыларын айта келе, ата-ана баласының мінез-құлқына, пайдаланып жүрген дәрі-дәрмегіне жіті көңіл бөлсе екен деген пікірін білдірді.

Жасөсіпірімдер жиі кездесемін. Көбінесе олар «менің досым закладчик болып еді», «досым  синтетикалық есірткіні қолданып жүр» деп жиі айтады. Бәлкім жолдасым дегені, өзі шығар. Ең бастысы баланы тыңдай білу және олармен ашық сөйлесу керек. Сондай кездесуде мектептің жоғары сыныптың бір оқушы қызы «мы на этих трамадолах все сидим» деп ағынан жарылып, көңіл көтеру үшін қолданып көріп едік деп еді. Міне ол кезде трамадол емін-еркін сатылатын. Енді мына қызықты қараңыз. Былтыр трамадол есірткі қатарына жатқызылғандықтан, сатылуына тиым салынды. Міне сол уақытта психотропты препаратқа қолы жетпеген жоғарыда айтылған бір сыныптағы оқушылардың тең жартысының ыстығы көтеріліп, әлсіздік пайда болып, жедел респираторлық вирус инфекциясына шалдыққан деген диагнозбен Өскемен қаласындағы ауруханалардың біріне түседі. Әрине бір кластан мұндай жағдай шыққаннан кейін ата-аналар дабыл қаға бастайды. Біраз уақыттан соң әлгі балалардың трамадолға тәуелділігі артып (ломка), ашушаң, қатты күйзеліске түсіп, мінез құлықтарында өзгеріс пайда бола бастағанда, сол жердегі дәрігерлер бірден оларға тұмау немесе суық тимегенін байқап, мәселенің түп төркіні есірткіде екенін аңғарады. Міне сондықтан ата-аналар баланың бойынан оғаш мінезін, әрекетін байқаса, ашық сөйлесуден ұялмау керек. Әр нәресенің салдарымен емес, себебімен күресуге дағдылану керек. Сонда алдағы уақытта өзім мысал келтіріп айтып отырған мектептегі жағдай қайталанбайтын болады»,- деп атап өтті дәрігер-нарколог Зәуре Сансызбайқызы

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов жасөспірімдер арасындағы есірткіге қатысты қылмыстар туралы  былай пікір білдірді.

-«Былтыр тәртіп сақшылары есірткіге қатысты 7 мыңға жуық қылмысты анықтады. Заңсыз сауда айналымынан 36 тоннадан астам улы зат тәркіленді. Полиция қызметкерлері 41 зертхананы жойды. 12 қылмыстық топ әшкереленді. Өкініштісі сол, соңғы жылдары есірткі бизнесіне тартылатын  жеткіншектердің саны көбейіп келеді. 2023 жылы синтетикалық есірткі таратқан 40-тан астам жасөспірім ұсталды. Жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған 4 азамат құрықталды. Заң шығарушы есірткі өткізгені үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын атап өту керек», – деді Әмірханов.   

Ұзақ уақыт бойы синтетикалық есірткі қабылдаған адамды мынадай кейбір белгілермен ажыратуға болады:

  • Адамда сөйлеу, өз ойын тұжырымдау және сөйлем құру проблемалары туындай бастайды;
  • Тәбет жоғалады;
  • Жүйке сыр беруі мүмкін: көз, жақ, мойынның тартуы пайда болады;
  • Елеулі психикалық бұзылулар, тіпті ол оларды назарға алмаса да: қудалау, қорқыныш, ұйқысыздық, мазасыздық, шатасу, дүрбелең, адам үнемі бір нәрсені іздеуде жүруі мүмкін, есте сақтау қабілетінің бұзылуы;
  • Адамға үнемі бір нәрсе естіледі немесе көрінеді. Басқаша айтқанда-есту және көру галлюцинациясы болады;
  • Ол өзінің іс-әрекеті мен мінез-құлқын дұрыс бағаламайды.
  • Айтарлықтай және елеулі салмақ жоғалтады.

 

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button