Ұлу жылынан не күтеміз?
Қас-қағым сәтте «қоян» да зымырап өте шықты. Ілби жылжып «ұлу» кіреді. Осы бір жыл атауына қатысты дау да көп. Алайда біздің айтпағымыз сөздің төркіні емес, келер жылдың келелі істері жөнінде болмақ. «Айдан аман, жылдан есен…» дейтін халқымыз жаңа жылдан не күтеді?
2024 жылдың басты жаңалықтарының бірі мынау: Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлінеді. Бұл Президент бастамасымен қолға алынған іс. Бағдарлама аясында жыл сайын балалардың арнайы шотына ақша аударылып тұрады. Сізге қажет сегіз нұсқауды қаперге түйіңіз:
Бағдарламаға қатысу шарты қандай?
Бағдарламаға 18 жасқа толмаған балалар қатыса алады. Кәмелет жасына жетпеген бала Қазақстан азаматтығынан бас тартып әрі шетелге көшіп кететін болса, оған қаражат аудару тоқтатылады. Қазақстан азаматтығын өзгертпейтін болса, бағдарламаға әрі қарай да қатыса береді. Ақшаны тек 18 жасқа толғаннан кейін алуға болады.
Ата-ана не істеуі керек?
Ата-анаға баласы үшін еGov порталына тіркелудің де, екінші деңгейлі банктен шот ашудың да қажеті жоқ. Баланың деректері мемлекеттік дерекқорға дұрыс енгізілсе, бағдарламаға автоматты түрде қатысады. Ақша түсетін арнайы шот та балаларға автоматты түрде ашылады.
Бірақ ата-ана мына деректерді бір тексеруі керек:
- Баланың жеке басын куәландыратын құжатты (азаматтығын айқындау үшін) алуы қажет;
- Мына мәліметтердің бар-жоғын және дұрыс-бұрысын тексеру: кәмелетке толмаған баланың аты-жөні, туған күні, ЖСН және азаматтығы;
- Электронды үкімет порталындағы жеке кабинетке кіріп, «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінде балалары туралы мәліметтің бар-жоғын тексеруі керек.
Электронды үкімет порталына екі тәсілмен тіркелуге болады:
ЭЦҚ-сыз тіркелу
Порталға кіріп, басты беттегі «Тіркелу» батырмасын басу керек. Міндетті түрде ЖСН/БСН, жеке куәлігінің нөмірін және туған күнін көрсету қажет. Осы міндетті деректерді енгізгеннен кейін «Табу» түймешесін басамыз. Осыдан соң, электронды поштаның мекенжайын (e-mail), паролін көрсету және «Бұдан әрі» түймешесін басу қажет. Бұдан кейін көрсетілген e-mail бойынша растау рәсімінен өту қажет.
Тіркелгеннен кейін қолданушы 90 күнтізбелік күн ішінде порталда бір де бір рет авторланбаса (авторизация), деректері порталдан автоматты түрде жойылады.
ЭЦҚ-мен тіркелу
Қолданушының ЭЦҚ-сы болса, ол оны тіркелу кезінде қолдана алады. ЭЦҚ деректерін көрсеткеннен кейін, электронд пошта (e-mail) мен пароль көрсетілетін ашық жиекті толтыру қажет. Бұдан кейін көрсетілген e-mail бойынша растау рәсімінен өту қажет.
Электронды үкімет порталына неке туралы деректі тіркеу
Электронды үкімет порталындағы «Жеке кабинетке» кіріп сол жақ бағандағы деректер тізімінен «Неке қию туралы мәліметтер» бағанын басып, құжаттарды енгізу қажет. Неке деректеріне өзгеріс енгізу үшін ЭЦҚ қажет.
Электронды үкімет порталына балаларды тіркеу
Порталдағы «Жеке кабинетке» кіріп, сол жақ бағаннан «Балалар туралы мәлімет» бағанын басу қажет. Әр баланы ЖСН бойынша тіркеу керек.
Ақшаны қашан, не нәрсеге жұмсауға болады?
Бағдарлама арқылы жиналған қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін азамат екі мақсатта пайдалана алады:
- Баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Үйді тек Қазақстаннан сатып алуға рұқсат етіледі.
- Білім алу. Бұл ақшаға еліміздегі жоғары оқу орындарында да, шетелдегі университеттерде де оқуға болады.
Заңда жиналған ақшаны емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған.
18 жасқа толғаннан кейін ақшаны неше жыл ішінде пайдалану керек?
Бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, қаржы шотта 10 жылға дейін сақталады. Осы аралықта қаржыға тиіспесе, жинақ сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
Бала қайтыс болса, қаражат мұраға қалады: туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.
Шотқа ақша түсіп-түспегенін бақылап отыруға бола ма?
Жобаның операторы – мақсатты жинақтардың есебін жүргізетін және төлемдерін жүзеге асыратын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ).
Ата-ана шотқа ақша түсіп-түспегенін БЖЗҚ сайтынан тексере алады. Ол үшін баланың ЖСН-ін енгізу керек.
Ал бірнеше жылға түскен қаражатты көру үшін eGov порталындағы жеке кабинетіне кіруі керек.
Шотқа аударылатын ақша қалай есептеледі?
Бұл үшін Ұлттық қордың кейінгі 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Қорға түсетін инвестициялық табыстың 50 пайызы жыл сайын кәмелет жасына толмаған балалардың шотына теңдей аударылып отырады. Төлем валютасы – доллар.
Бала 18 жасқа толғанша жиналған қаражат ұлттық қорда сақталады және оны ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп отырады.
Баланың шотына қанша ақша жиналады?
Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай бала 18 жасқа толғанша, яғни 18 жыл бойы есепшотында кемі 3 мың АҚШ доллары жиналады деді. Бұл туралы ол президенттің баспасөз хатшысы болып жүргенде Facebook-парақшасына жазды.
Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша, елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді.
Жиналған ақшаны қалай алуға болады?
Бала 18 жасқа толған соң, шотқа жиналған қаржыны алу үшін уәкілетті операторларда, яғни екінші деңгейдегі банктер немесе “Қазпоштада” арнайы шот ашуы керек. Осыдан соң eGov порталы арқылы тиісті өтінім жіберуі керек. Осы өтінім арқылы зейнетақы қорында жинақталған қаражат оның арнайы шотына аударылады. Әзірге бұл өтінім түрі Электронды үкімет порталына қосылмады.
Уәкілетті органдар қаржының мақсатқа сай пайдаланылуын қадағалайды.
Қаржыны банк шотына доллармен де, теңгемен де аударуға болады.
Зейнетақы мен жәрдемақы арта түседі
Келер жылы зейнетақы мен жәрдемақы өседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерін Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7 пайызға, ынтымақты зейнетақыны 9 пайызға, яғни инфляция деңгейінен екі пайызға жоғары көтеру көзделген. Демек, алдағы жылы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ-дан төлемдерді есептемегенде) 130 414 теңге (2023 жылы – 120 838 теңге) болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жылдық кезең ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ең көбі 120 пайызға дейін арттыру жүзе асып жатыр. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60-тан 65 пайызға дейін артады, бұл – 28 215 теңге, ең жоғары мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 пайызға дейін, бұл 45 578 теңге болады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды арттырудың кейбір мысалдары:
1-ші, 2-ші, 3-ші бала туғанда төленетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі;
бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 4 балалы отбасыларға 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 балалы отбасыларға 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі;
I топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге, II топтағы мүгедектерге 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге, III топтағы мүгедектерге берілетін жәрдемақы 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өседі.
Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігін жоғалту бойынша төлемдер 7 пайызға өседі. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша төленеді.