Қоғам

322 БАЛАҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

322 БАЛАҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Балаларды қорғау күніне орай Ертіс жағалауында «Ақшың» корпорациясының демеушілік көрсетуімен семейлік бүлдіршіндер зор қуанышқа кенелді. Жыл сайын өтетін «Тек қана жұлдыздар» атты мерекелік шара аясында Семей қалалық Мәдениет сарайының алдынан 172 бүлдіршін төрт лимузин көлігіне отырып (бірнеше тасымалмен), Ертістің сол жағалауындағы думанды сахна төріне бет алды. Олардың барлығы да қаламыздағы 30-ға тарта ән-би студиясынан өнерін шыңдап жүрген жас таланттар.
Жағалаудың жоғары бөлігіне келіп тоқтаған өнерлі өрендер топ-тобымен арнайы төселген қызыл кілем үстімен жүріп өтіп, ақ қанатты періште кейпіндегі арулардың қошеметімен сахнаға көтерілді. Ал бұл сәтте «Ақшың» корпорациясы тарту еткен сусындар ішіп, түрлі түсті борларды қолдарына ұстаған тағы бірнеше балақайлар асфальтқа әдемілеп суреттер салып, қуанышқа кенеліп жатты.
-Бала қуанышы барлық шаңыраққа ортақ бақыт. «Тек қана жұлдыздар» деген атпен мерекелік концерт өткізудегі мақсатымыз – Семейде халықаралық,республикалық деңгейдегі өнер байқауларына барып, Гран При және жүлделі орындармен оралып жүрген бүлдіршіндерімізді қала жұртшылығына кеңінен таныту,-дейді Семей қалалық Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Гүлжан Қуанышева. – Біздің бұл ойымызды түсініп, шараның ойдағыдай өтуіне үлкен қолдау көрсетіп, арнайы безендірілген сахна жасатып, 300-ден астам балаға мерекелік көңіл күй сыйлаған «Ақшың» корпорациясының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Серікжанұлына осында келген ата-аналар мен балалардың атынан зор алғысымызды айтамыз. Сонымен қатар балаларын ән мен биге беріп қана қоймай, олардың шетелге, басқа да қалаларға барып, бағын сынап қайтуы үшін барын аямайтын әкелер мен аналар еңбегі де зор екендігін атап айтқанымыз жөн. Бір ғана «Үркер» вокал студиясын айтайық, сол жерден ән үйренген бүлдіршіндеріміз «Тәуелсіздік тірегім, теберігім» және «Шоқжұлдыздар» республикалық байқауларынан бас жүлдемен оралды. Ең бастысы, Семейдің, еліміздің атын танытатын талантты балалар көбейе түссе, біздің де мерейіміз үстем бола бермек.
Балалар қуанышына ортақтасып келген Семей қалалық әкімдігінің аппарат басшысы Зәуреш Рамазанқызы өнер байқауларынан топ жарып жүрген кішкентай жұлдыздарды мерекесімен құттықтап, алда да жақсылықтары жалғаса беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев, қалалық мәслихат депутаты Айнұр Арғынбекова және осы шараның бас демеушісі «Ақшың» корпорациясының әкімшілік директоры Ерлан Жақып мерекелік лебіздерін білдіріп, тәуелсіздік толқыны тербеткен таланттарға зор жетістіктер тіледі.

Сәтжан Қасымжанұлы

Семей

Осы айдарда

Back to top button