31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді» дей келіп, қасіретті кезеңнің ақиқатын ғылыми тұрғыда ашып зерделеу қажеттігін атап айтқан еді. Айтып қана қойған жоқ, арнайы Жарлық шығарды.
Соған орай, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мен ашаршылықта көз жұмған боздақтардың аты-жөнін, қаза болған қазақтардың сан мөлшерін анықтауға бағытталған үлкен бір абыройлы да сауапты іс қолға алынды.
Профессор Ғарифолла Әнес өзінің бір мақаласында («Қазақ әдебиеті» № 18, 2001 ж.) «Жаназасы оқылмай, көмусіз қалған бабаларымызды, бейкүнә сәбилерімізді жоқталық! Құран-дұғаларымызға қосалық!..» дей келіп, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының, дәл осы мақсатта, 31 мамыр күні өзінің JOQTAU.kz (ЖОҚТАУ.кз) атты ресми порталының тұсауы кесілетіндігін көпщіліктің назарына салады. Қазақтың әр отбасына шарпуы тиген бұл нәубеттің кесірі туралы отандастарымыз бұл порталға жаза жатар, ал біз облыс мұрағаттарынан алынған кейбір деректерді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Қазақ жерінде алғашқы халық санағы 1897 жылы жүргізілген. Оның қорытындысында қазақтардың саны 4 млн. 84 мың екені анықталды. Ал 1939 жылы, яғни 42 жылдан кейін болған санақта олар небәрі 2 млн. 300 мың болып шыға келді. Өсім жоқ, екі есе азайып кеткен (ашаршылық, кәнпеске, қуғын-сүргін). Айталық, мұндай апатқа ұшырамаған көршілес өзбек халқы әлгі 42 жылда бес есе көбейген екен…
Елдің есінде «қызыл қырғын» деген жүрек мұздатар қаралы атаумен қалған 1937 мен 1938-дің «қанды шеңгеліне» 7000-нан аса шығысқазақстандық азаматтар ілініп, жапа шекті.
«Халық жауы» деген атпен Кеңес үкіметінің белгілі қайраткерлері, қолбасшылар, ғалымдар ұсталып, солардың қатарында түкпірдегі ауыл-селолардан «халық жаулары» табылып, шетінен ешбір тергеусіз, соттың шешімінсіз түрмеге қамалып жатты. Солардың қатарында Ұлан ауданының Манат ауылынан Қайыржан Маймақов 1937 жылдың желтоқсан айында үйде отырған жерінен ұсталып, алдымен Бұқтырма түрмесінде, одан кейін Өскемен түрмесінде тергеуде болып, ақыры 1938 жылы сәуір айының 15-і күні түнде Семей қаласының түрмесінде НКВД-ның «үштігінің» қаулысымен атылыпты.
Ол кісімен бірге 1937 жылы қараша-желтоқсан айларында бұрынғы Бұқтырма ауданына қарасты Манат, Тайынты ауылдық кеңестерінен жазықсыз «халық жауы» атанып Атаханов Уәлке, Ұлтарақов Сыдық, Сопақов Мұсабек, Сағымбаев Уәлхан, Сейсебаев Қуатбек, Самекенов Тұреке, Рахимов Құрман, Дүтбаев Балтабай, Әженов Нұрғазы, Жүзбаев Ахмади, Жұрдыбаев Нұрғазы – барлығы 12 кісі түрмеге жабылып, солардың ішінен тек Балтабай Дүтбаев деген ақсақал ғана 1951 жылы аман-есен елге оралып, қалғандарына туған жер топырағы бұйырмапты.
Катонқарағай ауданындағы шағын ғана Өрнек ауылынан шаруаларды “колхоздан шығуға үгіттеді, әрі фашистік-ұлтшылдық ұйымның мүшесі” деген желеумен 68 жастағы Смағұлов Мұқышты 1937 жылғы 19 қазанда тұтқынға алады. Арабша өте сауатты, молда болған, кейінірек колхозшы болған ақсақалдың үйін тінтіп, өлең кітаптарын, қолжазбалары бар үш дәптерін, араб тіліндегі біраз кітаптарын тәркілейді. 30 қарашада әйгілі үштіктің қаулысымен ол ату жазасына кесіледі де 1938 жылғы 20 қаңтарда ол қаулы іске асырылады.
Шағын ғана Үркер ауылдық кеңесінен фельдшер Касимов Қожахмет, мұғалім Тоқболатов Махат, Самар МТС-ның директоры Жақсылықов Ақиша, колхозшы Торғаев Батал ату жазасына, колхоз төрағасы Егішбаев Нұрғожа, оның орынбасары Мұқанов Нұрали, сатушы Болтаев Нұрғали, колхозшы Қанғулов Байғонды сияқты, жиыны жетпіс төрт адам он жылдан арқалап, Сібірге айдалды.
Олардың істері бойынша бір де бір куәдан жауап алынбаған, көпшілігі орысша түсінбесе де жауаптасуға тілмаш қатыстырылмаған. НКВД үштігінің қанды қаламының бір-бір түртуімен көпшілігі соңғы сапарға аттанып кете барды, (деректер ҰҚК архивінен алынды).
Әрине, кейін 1957 жылы осы адамдардың барлығы дерлік ақталды. Бірақ қандайлық қорлық, қандайлық өтеммен десеңізші…
***
Ал енді ұжымдастыру ісі қалай жүргізілген еді? 1929 жылғы қарашада өткен БКП(б) ОК пленумында осындай бағыт алынып, ұжымдыстыруды 1932 жылдың көктемінде толық аяқтау белгіленді. Партия мен советтің ауылдарға жіберілген мыңдаған уәкілдері жергілікті билік ұйымдарының жұмысын сапасы жағынан емес, тек қана ұжымдастыру процентімен бағалады. Ауылдық жиындарда мәселе «Кімнің колхоз құрамына кіргісі келеді?» деп емес, «Кім колхоздастыруға қарсы?» деп тікесінен қойылды. Ал мұндай «аса маңызды партиялық іске» қарсы келген бай-кулактардың, жекешелердің шаруашылықтары тәркіленіп, өздері жаппай жер аударылды. Олардың қатарына қолында екі сиыры немесе екі жылқысы бар «орташалар» да жатқызылды. Ал енді ғана аяғынан тұра бастаған колхоздардың өзіне салынатын салық та адам айтқысыз көп еді. Ел арасындағы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөз сол кезеңнің келемеж ұраны сияқты болатын.
Сол кездегі ашаршылықтың бір себебі – мемлекетке ауылшаруашылық өнімдерін өткізудегі сорақылықтар еді. Жидашы уәкілдер шаруаның қорасында мал, қоймасында астық қалдырмай сыпырып алды. Өз малын сойғандарды, күнкөріс үшін жасырып қалған бидайын тыққандарды ату жазасына кесіп, он жылдан арқалатып, итжеккенге айдады.
Ұжымдастырудың соңы үлкен трагедияға ұласты. 1928 жылы Қазақстанда 6509 мың ірі қара, 18566 мың қой, 3516 мың жылқы болған болса, 1932 жылы бұл түліктердің саны, тиісінше, 965 мың, 1386 мың, 315 мыңға дейін құлдырады. Ал астық өндіруден Қазақстан Ұлы Отан соғысының қарсаңында ғана 1913 жылдың деңгейіне ілікті. Осы жылдары бір миллион 30 мыңнан аса адам бассауғалап, шет ел ауып кетті.
Сол кездегі көпшілік халықтың жағдайын көзге елестетіп, көңілмен түйсіну үшін Ұлан ауаткомына жазылған мынадай бірнеше арыздарды келтіре кетейік:
«Сіздерден, ауаткомнан өтінемін, бір түйір нан жоқ, енді менің аштан өлуім керек пе? Мен үш күн тамақ ішкем жоқ, нан көргем жоқ. Ұлан тұтынушылар қоғамына жарлық етіп, маған нан бөлдірулеріңізді сұраймын. Оларда ұн бар. Мен осында күзетші болып істеймін. Олар сіздердің рұхсаттарыңыз болмаса бермейді. Өтінемін, нан беріңіздерші…
Жазған – күзетші Ибрагим Әминов.
12 қаңтар, 1930 жыл.
…Ұлан ауаткомынан маған нан паегын бөлуді өтінемін. Өйткені қазір менде ешқандай азық жоқ, жартылай аш өмір сүрудемін. Әрине, мұның менің еңбегімнің өнімділігіне кеселін тигізуі мүмкін.
5 көкек, 1930 ж.
Агроном /қолы/ Петров.
… Маған Голощекин тұтыну қоғамының кеңсе қызметкері ретінде азық-түлік бөлулеріңізді сұраймын. Аштықтың салдарынан жұмыс істей алмаудамын. Менің отбасымда бес адам бар, барлығымыздың да тамақ ішкіміз келеді, алайда ешқандай азық-түлігіміз жоқ, сондықтан осыны апарған адам арқылы нан алу үшін наряд берулеріңізді өтінемін.
Сәлеммен /қолы/ Бекбосынов.
(ШҚО архиві.454-қор,1-тізбе,25-іс)»
Ал енді сол кезеңнің «саясатынан» әбден титықтаған мына бір адам өзінің хатын сонау Мәскеуге жолдауға мәжбүр болған екен. Сол кездегі екінің бірінің басына үйірілген қиындық пен қорлықты толығырақ жазған бұл хатты да оқып көрелік:
«Орталық Атқару комитеті, Калинин жолдасқа!
Семей округі Ұлан ауданы
№ 6 ауылдың азаматы Қалдыбаев Райыстан
АРЫЗ
Ауылдастары өзін молданың көмекшісі етіп сайлаған оны өкімет сайлау құқынан айырып, салық жөніндегі инспектордың оған 70 сом салық салғанын баяндай келе, ол « …Ақыры мен молданың Кеңес өкіметінің зиянкесі екенін түсіндім, одан халыққа келер пайда жоқ, дін – алдау екен» деп өзінің қалай «көзі ашылғанын», сондықтан 1929 жылы молдалықты тастап, диқандықпен айналыса бастағанын айтады. «Жасым 67 де, отбасымда 9 адам, еңбекке жарамдымыз – мен ғана. 29-жылғы маусымда мемлекетке 44 пұт астық тапсырасың деп міндеттеп қойды. Астығым болмағандықтан, 134 сом 75 тиын ақша алды. 1929 жылы мен бір жарым десятина ғана жерге астық сепкен едім, оның өзіне де астық шықпады. Күзде, қазан айындағы жаңа астық дайындауда менің мойныма тағы 26 пұт астық салығын салды. Сонда мен бір жылда 70 пұт астық тапсыруға міндетті болып шықтым»…
Содан жергілікті биліктің өзі айтқан соң, жоқ астықтың орнына базардан 70 пұт подсондік (күнбағыс дәні) сатып алып, мемлекетке өткізеді. Одан 10 күн өткен соң Райысты Ұлан аудандық халық сотына шақыртып, «подсондік астықтың орнына жүрмейді, астық тапсыр» деп тағы біраз қинап, 20 сом айып салады. Ол ақшаны Райыс төлейді.
– Менің таңғалатыным, – деп жазады одан әрі арыз иесі, – сол айып ақшаны төлегеннен үш күн өткен соң ауылдық кеңестен 70 пұт астық үшін тағы келгендігі. Олар менің дүние-мүлкімді хаттап, тәркілеп, шаруашылығымды сатып жіберді: екі жылқы, үш сиыр, 15 қой, 7 ешкі, бес арба шөбімді, жазғы киіз үйімді, тағы біраз дүниемді сатып, барлығы 308 сом 25 тиын ақша түсірді. Бұдан кейін 1930 жылғы көктемде маған үш десятин жерге егін егесің деп міндеттеді. Не тұқым, не атым болмағандықтан мен егін еге алмадым. Қазір менде түк қалған жоқ – атым да, сиырым да жоқ. Осы уақытқа дейін өзім де, отбасым да сайлау құқынан айрылғанбыз. Аш отырмыз. Балалар шырылдап жылайды, киер киім де, ішер ас та жоқ…
Осының барлығына қарамастан, 1930 жылғы шілде айында аудан жұмысшылары үшін ет дайындау кезінде екі қой бересің деп кетті. Күзде мемлекетке 1200 пұт шөп тапсырасың деді. 136 сом 1930-31 жылғы ауылшаруашылық салығы және бар. Бұл салықтарды немен төлеймін… енді тек түрмеге түсуім ғана қалды. Егер дауыс беру құқымды қайтарып, түрлі салық науқандарында жеңілдік жасалмаса, Сізге айтарым – отбасымызбен түгел аштан қырыламыз?!
Арыз иесі: Қалдыбаев Райыс
29.VІІІ. 1930 жыл.
(ШҚО архиві. 454-қор, 1-тізім, 2-бума, 19-іс).
Міне, қарақан басынан қасіреті арылмаған қазақтың сонау зұлмат жылдардағы басынан өткен зобалаңының қайғылы дерегінің бірі осындай. Бүкіл елімізді шарпыған отызыншы жылдардағы қызыл қырғын, 1921-22 жылғы өліара кезеңдегі және 1931-33 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықты тарихтың жады ұмытпайды. Биыл – қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдары шейіт болған бес миллиондай қазақты жоқтайтын жыл, сондықтан да әрқайсымыз ата-бабаларымыздың шежіресіне қайта бір үңіліп, жоқтаусыз кеткен боздақтарды құран-дұғамызға қосып отырайық!
Айтмұхамбет Қасымов,
ардагер журналист