Қоғам

300-ге тарта іс-шара ұйымдастырылды

300-ге тарта іс-шара ұйымдастырылды


Ұлы Жеңістің 73 жылдығын мерекелеу өңірде әдеттегідей Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты әскери шаралардан, боздақтарға арнап гүл шоқтарын қою рәсімінен, мәдени кештерден, спорттық жарыстардан бастау алды. Бұл күні облыстың қалалары мен аудандарында 300-ге тарта тақырыптық іс-шара өткізілді.

Биылғы жылдың басты ерекшелігі – облыс орталығының Стрелка ықшам ауданындағы Жеңіс саябағында ұйымдастырылған еске алу вахтасы болды. Бұл жерге жиналған қала тұрғындары мен қонақтары, мектеп оқушылары алғаш рет Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысындағы Отар әскери базасының полигонында өткен салтанатты әскери шеруді онлайн режимде тікелей тамашалады.

Ертіс пен Үлбінің түйіскен тұсында тұрған Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алау басында өткен еске алу вахтасына Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, Өскемен қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Сергей Денякин, Ауған соғысы ардагерлерінің Өскемен қалалық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Олег Фролов қатысып, жиналғандармен бірге Отан қорғау жолында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойды. Олардың соңын ала жыл сайын көрсетілетін бұл құрметті қала мектептерінің оқушылары мен тұрғындары жалғастырды.

300-ге тарта іс-шара ұйымдастырылды

Елбасының қатысуымен өткен әскери шеруден соң қала мектептерінің оқушыларынан құралған әскери жасақтардың Ұлы Жеңістің 73 жылдығына және даңқты жерлесіміз, Халық Қаһарманы, соғыс ардагері Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арналған сайыс түріндегі әскери шеруі болып, онда болашақ Отан қорғаушылар ән сала жүріп, саптық дайындықтарын паш етті. Олардың ішінде Меновное орта мектебінің оқушылары үздік деп танылды.

– Жалпы алғанда бүгінгі байқауға жоғары баға беруге болады. Енді алдағы уақытта барабандар сатып алуды ұйғарып отырмыз. Себебі әрбір шеруді барабаншылар ротасы бастап жүруі керек, бұл – ежелгі әскери дәстүр. Мұндай шараларды өткізу арқылы біз өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, олардың бойында әскери рух пен абыройды қалыптастыратын боламыз, – дейді Ауған соғысы ардагерлерінің Өскемен қалалық ұйымы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихат депутаты, запастағы подполковник Олег Фролов.

Байқаудан соң киокушинкай каратэнің облыстық федерациясының тәрбиеленушілері көрнекілік өнерлерін көрсетіп, Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойды.

Қала мектептерінің оқушылары жиналғандарға арнап патриоттық әндер шырқап, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы бастаған батыр аталарына арналған жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Тақырыпқа орай театрландырылған көріністер көрсетті.

Бұл күні Отан қорғаушыларға арналған салтанатты іс-шаралар легі Өскеменде күні бойы жалғасын тапты. Мәселен, Орталық мәдениет үйінде «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген тақырыпта классикалық музыкадан концерт өтсе, облыстық драма театрында орыс труппасының әзірлеуімен Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелеріне арналған «Лейтенант Володька» әскери драмасы көрермендер назарына ұсынылды.

300-ге тарта іс-шара ұйымдастырылды

Ал түстен кейін тұрғындар қалалық ипподром жаққа ағылып, онда Өскемен қаласы және Ұлан ауданы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен өткен, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арналған ат спортының бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу секілді ұлттық түрлерінен өткен жарыстармен ашылған жаңа маусымына куә болса, сондай-ақ бұл күні Алматы тасжолының бойында велоспорттың да жаңа маусымы басталды.

Ерке Ертістің жағасындағы Ғашықтар аллеясында бұл күні таңертеңнен кешкі алтыға дейінгі аралықта көшелік «драг-рейсингтен» облыстық ашық кубок ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырушылардың бірі Александра Осипованың айтуынша, мұндағы басты мақсат – жеңу емес, керісінше қатысу болған.
Сонымен қатар Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шаралардың үлкен легі бұл күні Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде Қасым батырдың ғасырлық мерейтойы аясында қатарлас өтіп жатты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button