КәсіпкерлікМерекеТОП

Бизнестегі қыз-келіншектердің үлесі артып келеді

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» биыл да аймақтағы қыз-келіншектерді тігіншілік, бьюти-индустрия (жасанды кірпік өсіру, тырнақ бояу, макияж жасау), массаж, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, шаштараз,  SMM (әлеуметтік желідегі маркетинг), тағы да басқа мамандықтар бойынша тегін оқытады.

Қыз-келіншектердің сұраныстары бойынша оқытылатын топтық курстық оқулар мамыр айында басталады. Былтыр топтық курстарда 446 қыз-келіншек түрлі мамандықтар бойынша тегін оқып, жаңа мамандық алған.

Қазіргі күні Өскемендегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында қыз-келіншектерге жеті түрлі қызмет көрсетіліп жатыр:

  1. Орталықтарға жүгінген әйелдердің проблемалары мен қажеттіліктерін анықтап, кеңес беру. 2.   Даму әлеуетін анықтау үшін орталықтарға жүгінетін әйелдердің ағымдағы бизнес жағдайын сыртқы бағалауды ұйымдастыру, әлеуетті және сұранысты ескере отырып, бизнесті дамыту стратегиясын әзірлеуге жәрдемдесу. 3. Анықталған бағыттар бойынша (қажеттілік бойынша), кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша оқытуды ұйымдастыру. 4.        Бизнестің тұрақтылығы, бизнесті кеңейту, тәуекел менеджменті және өнімді өткізу нарығын кеңейту, өнім ассортиментін көбейту, бизнес-процестерді жетілдіру мәселелерінде менторлықпен қамтамасыз ету. 5.   Қаржыландыру тартуға оқыту (краудфандинг, инвестициялар, гранттар, лизинг). 6. Әйелдер кәсіпкерлігі өкілдерінің халықаралық жобаларға қатысуына жәрдемдесу (кәсіпкер әйелдерді хабардар ету). 7.    Шағын және орта бизнес және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жабдықтарды іріктеу бойынша өндірушілермен консультациялар ұйымдастыру.

Осы қызметтер қалада, ауылды жерде тұратын қыз-келіншектерге офлайн және онлайн түрінде көрсетіледі.

– Үшінші ұлым өмірге ерекше бала болып келуіне байланысты жұмысқа шықпадым. Баламды емдетумен айналысып жүрдім. 2022 жылдың басында ерекше балалары бар ата-аналарға арналған орталық «Мама Про-ға» «Мама про бизнес» курсы бойынша білім алуға бардым. Сонда іскер әйелдер кеңесінің басшысы Елена Березинская-Абилова  мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Жанар Елемесова келіп дәріс берді, бізге гранттар туралы ақпарат беріп, сол грантқа қалай қатысу керек екенін түсіндіріп берді. Осы курсты аяқтаған соң «Ақжол ательесі» атты бизнес жоспарды қорғап шықтым. Бұл жоспарым көп адамдарға ұнап, маған қолдау көрсетілді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының көмегімен тегін «RENAISSANCE» оқу орталығында тігін тігуге деген шеберлігімді арттырып білім алдым. Негізі, маған тігінді анам үйреткен болатын. Сол анамның үйреткенімен ақырындап тігіп жүргенмін. Енді әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы арқылы кәсіби маманнан білім алып,  шеберлігімді шыңдадым. Оқып бітіріп, белгіленген үлгідегі куәлік және сертификат алып, тігінші мамандығын алып шықтым. Осы курспен қатар «Бизнес бастауды» оқып, тест тапсырып, бұдан да сертификат алып шықтым. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының қолдауымен бизнес жобамды құрып, грантқа үміткер ретінде өткіздім. «Ақжол ательсі» атты бизнес жоспарымды қорғап, грант ұтып алдым. Гранттың ақшасы түскен соң өзіме тігінге қажетті құрал-жабдықтарды алып, ерекше балаларға арналған құрылғылар тікпекпін. Бұндай құрылғылар өте тапшы. Өзім сияқты ерекше балалары бар отбасыларына көмегімді тигізіп, қажеттіліктерін өтесем деймін. Өзім ондай отбасылардың көпшілігін жақсы танимын, бірге ерекше балалар орталығына, бассейнге, емделуге әртүрлі жерлерге барамыз. Осындай құралдарға сұраныс жоғары. Бұйырса, тігіп, көмегімді көрсеткім келеді әрі өзіме табыс көзі болады, – дейді әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы арқылы тігіншілікті меңгеріп, оған қоса грант алып, жаңа кәсіп көзін ашқан өскемендік Гүлмира есімді ана.

«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ»

Биылдан бастап облыстағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы  «Бір ауыл – бір өнім» атты жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаның қызмет түрлері облыстың барлық тұрғындарына: қыз-келіншектермен қатар ер-азаматтарға да көрсетіледі. Орталықта екі менеджер-кеңесші осы жоба бойынша келушілермен жұмыс істейді.

«Бір ауыл – бір өнім»  (әрі қарай – «БАБӨ») жобасының қызметтері жергілікті өнімі өндірушілердің әлеуетін дамыту және нығайту, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында мынандай қызметтерді қамтиды: өңірлерде жергілікті тауарлар көрмесін өткізу және БАБӨ жобасына тауарларды іріктеу;       өңірде БАБӨ жобасы бойынша жұмысты үйлестіру; барлық мүдделі тараптардың қатысуымен БАБӨ жобасы бойынша оқыту; тауар өндіру технологиясы бойынша өндірушілерді оқыту;         өнімді жылжыту және өткізу саласында қолдау көрсету, тауар белгілерін әзірлеу;       брендті қалыптастыру; өндірілген жергілікті өнімді сертификаттауға қолдау көрсету;   өнімді нарыққа шығаруға қолдау көрсету, жаңа немесе инновациялық өнімді әзірлеуге тапсырыс беру, өндіріс стандартын әзірлеу.

 

Осы айдарда

Back to top button