Қоғам

29 миллиард теңге шығын келтірген

29 миллиард теңге шығын келтірген


Жыл басынан бері елімізде жемқорлыққа қатысты бір жарым мыңнан астам қылмыс анықталған. Бұлардан мемлекетке келтірілген шығынның мөлшері 29 миллиард теңгеге бағалануда. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро төрағасының орынбасары Талғат Татубаев хабарлады.

– Олардың арасында басым көпшілігі пара алу мен лауазымын асыра пайдалану қылмыстары екенін айту керек. Сотқа жіберілген істердің де саны анағұрлым артқан. Жыл басынан бері процессуалды келісімнің саны үш есеге дейін өскен. Кінәсін мойындау бойынша келісімді тиімді пайдалану мысалы ретінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ топ-менеджерлерінің ісін айтуға болады, – деді ол.

Талғат Татубаевтың айтуынша, 23 айыпталушының 12-і осындай мүмкіндікті пайдаланған екен. Олар кінәларын толығымен мойындап, шығынның орнын жартылай өтеген соң, жазалары айтарлықтай жұмсартылды. Өзге айыпталушылар бес жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Айта кетер жәйт, бүгінде мемлекетке келтірілген 29 миллиард теңге көлеміндегі шығынның сегіз миллиарды қайтарылса, 13 миллиард теңгенің мүлкі тұтқындалды.

Үш мың квота бөлінді

Биыл Қазақстанға қажылыққа үш мың квота бөлініп отыр. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз қажылық конкурсының іріктеуінен өткен компания басшыларымен өткен жиналыста мәлім етті.
– Еліміздегі қажылық қызметтің сапасы жыл өткен сайын артып келеді. Биыл қажылыққа аттанатын отандастарымызға Flynas әуе компаниясы қызмет көрсететін болады. Қажылар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей рейс арқылы ұшатын болады, – деді Серікбай қажы Ораз.

Үржардан Алматыға әуе рейсі ашылды

«Оңтүстік аспаны» әуе компаниясы Балқаш, Зайсан қалалары мен Үржар ауылына жаңа рейстер ашып отыр. 15-шілдеден бастап аталмыш бағыттар бойынша Ан-24 әуе кемелері қатынай бастады.

Ұшу уақыттарына келетін болсақ, Өскемен – Зайсан – Өскемен бағытындағы әуе рейсі әр дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері қатынайды. Ұшу ұзақтығы – бір сағат 10 минут. Екі бағытқа билет бағасы 12 мың теңгені құрайды.

Сол сияқты, әр дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері Семей – Үржар – Семей бағыты бойынша ұшақтар ұшатынын айта кеткен жөн. Ұшу ұзақтығы бір сағат 20 минутты құраса, екі бағыттағы билеттің құны 14 мың теңгеге бағалануда.

Өскемен – Үржар – Өскемен (Семей арқылы) бағытындағы әуе рейсі дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері қатынайды. Ұшу ұзақтығы – екі сағат. Билет бағасы екі бағытқа – 20 мың теңге. Бұған қоса, Алматы – Үржар – Алматы бағыты бойынша да ұшақтар ұша бастағанын айта кеткен абзал. Әр сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайтын рейстің ұшу ұзақтығы екі сағатты құрап, екі бағытқа билет бағасы 28 мың теңгеге бағалануда.

Осы айдарда

Back to top button