Қоғам

Шипажайдың жабдықтары жаңартылады

Ержан Әбіш

Жұмыс сапарымен Шемонайха ауданына барған аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң бағасын берді.

Выдриха ауылының жұртшылығымен кездесу барысында Президент Жолдауы талқыланды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай медицинаны дамытуға жіті көңіл бөліп келеміз. Айталық, бірегей «Ванадис» зертханалық кешені сатылып алынды, соның арқасында дәрігерлер болашақ аналардағы құрсақішілік патологиялар мен ауруларды анықтай алмақ. Кешен тек облыстың емес, бүкіл ел тұрғындарына да көмектеседі, – деді облыс әкімі.

Биыл ардагерлер ұйымына 35 жыл толып отыр. Жалпы, өңірімізде мұндай 11 ұйым бар, олар түрлі салалардың дамуына үлес қосуда. Аймақ басшысы «Үбі» шипажайында ардагерлермен кездесіп, мерекемен құттықтады, алғыс хаттар табыс етті. Шипажайда аға буын өкілдерінің денсаулығын жақсарту үшін қажет медициналық және басқа да қызметтер көрсетіледі. Облыс әкімі кабинеттерді жөндеп, ескірген жабдықтарды жаңартуға жобалық құжаттама дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ Даниал Ахметов Артемьев кенішінде болды. Ондағы шахта оқпанының құрылысы аяқталып келеді.

«Камышинское» шаруа қожалығында егін жинау науқаны тәмамдалып, топырақтың құнарлы қабатын қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр, мал шаруашылығында жаңа технологиялар қолданылуда.

– Бұл агрокешен өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарына шикізаттың басым бөлігін жеткізіп отыр. Мұнда тәжірибе алу үшін басқа қожалықтардың мамандары жиі келеді, – деді шаруашылықтың жай-күйімен танысқан облыс әкімі.

Осы айдарда

Back to top button