255 миллиард теңгенің 38 құжатына қол қойылды
Кеше облыс орталығында «Altai Invest-2016» инвестициялық форумы өз жұмысын аяқтады. Екі күнге созылған ауқымды шараға әлемнің 14 мемлекетінен 300-ден астам делегат қатысты. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев бастаған отандық ведомство басшылары мен шетелдік меймандарға көрмені өзі таныстырды.
Түркия, Ауғанстан, Болгария, Испания, Италия, Канада, Қытай, АҚШ, Словакия, Жаңа Зеландия, Польша, Тәжікстан, Чехия және Ресей елдерінің қаржылық ұйымдары мен инвестициялық компанияларының, дипломатиялық корпустың өкілдері осы екі күннің ішінде Шығыс Қазақстанның аграрлық саладағы әлеуетімен танысып, іскерлік көкжиектерін зерделеуге мүмкіндік алды.
Жалпы, форум мүлде жаңа форматта ұйымдастырылды. Негізгі басқосулар мен жиындар роуд-шоу стилінде көшпелі форматта өтсе, жекелеген келіссөздер «Бизнеске – бизнес» стиліндегі кездесулер түрінде өрбіді.
Әуелі форумға қатысушылар аймақта өндірілетін өнімдер мен инвестициялық жобалар ұсынылған көрмеге бас сұқты. Жекпе-жек сарайының алдында делегаттарды «Азия Авто», «DaewooBusKazakhstan» және «СемАз» компаниялары шығаратын автомобильдер мен автобустардың жиынтығы күтіп тұрды. Ал «Қазцинк», «ТМК», «ҮМЗ», «КЭМОНТ» сынды өнеркәсіп алпауыттары меймандарды өздерінің жеке павильондарында қарсы алды. Көрмеде жалпы құны 927 млрд. теңге болатын, бес бағытты қамтитын 84 инвестициялық жоба таныстырылды. Атап айтар болсақ, агроөнеркәсіп кешені бойынша 41 жоба, туризм бағыты бойынша 10 жоба, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында 22 жоба, энергетика саласы бойынша үш жоба ұсынылды.
Көрмеде әр аудан өзінің ең әлеуетті деген жобаларын алға тартты. Мәселен, Үржар ауданы жылына 30 мың тонна құс етіН өндіретін фабрика салу жобасын ұсынса, Семей қаласы мал терісін тереңдете өңдеу бойынша бір жоба, құс еті және құс өнімдерін өңдеу бойынша екі жоба ұсынды. Ал Ұлан ауданы жылдық қуаты 100 млн. жұмыртқа өндіруге қауқарлы құс фабрикасының жобасын әкелген екен. Бородулиха ауданының ауысым сайын 10 тонна сүтті қайта өңдеу өндірісін кеңейту және биогаз өндіру жобасы да назардан тыс қалмады. Зайсан және Тарбағатай аудандары инвесторларды мал бордақылау алаңдарының құрылысына қаржы құюға шақырса, Зырян ауданы ағаш түйіршіктері мен ағаш брикеттер дайындайтын цех құру жобасын алға тартты. Бір ғана Риддер қаласы тауарлы-сүт фермасын салу бойынша және ағаш өңдеу бойынша қос-қостан жоба ұсынды. Өскемендік кәсіпкерлер ұсынған топинамбур дақылын өсіру және оны терең өңдеу арқылы құрама жем, биоэтанол, монсахар алу жобасы да инвесторлардың назарына ілінді. Өскемен қаласы бұдан бөлек «Нольден бастау» принципі бойынша ағашты қайта әрі терең өңдеу өндірісін ұйымдастыру жобасын ортаға салды.
Көрме қонақтарының арасында Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман да болып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясындағы жобаларға өз бағасын берді. Облыс басшысы Дж. Хэкманға Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салу жобасының тиімділігі жөнінде әңгімелеп, іске асқан жағдайда облыстың көлік қатынасына оң серпіліс әкелетінін жеткізді.
Инвесторлар назарына нақты жобалардан Бесқарағай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан аудандары мен Семей қаласындағы қолданылмай жатқан ауылшаруашылық жер телімдерін игеру ұсынылды.
Туризм бағыты бойынша ұсынылған жобалардың ішінде «Катонқарағай бұғы паркі» компаниялар тобы дайындап әкелген медицина, туризм және аграрлық саланы тұтас қамтитын жобаға қызығушылар көп болды.
– Біз Катонқарағай ауылының ортасына үлкен бір құрылыс салмақпыз. Онда бұғының қаны мен мүйізінен дәрілік препараттар шығарылады. Сондай-ақ, емдік-сауықтыру қызметтері көрсетіледі. Осы құрылысқа қомақты инвестиция керек. Әзірге бірнеше инвестормен байланыс орнатуға мүмкіндік туып отыр. Көрмеге келгендегі мақсатымыз орындалды десе де болады, – дейді компания директоры Нұрлан Тоқтаров.
Жаңа инновациялық бастамаларға жол ашылды
Инвестициялық форум – өтті-кетті дейтін көп шараның бірі емес. Облыста өткізіліп жатқан мұндай инвестициялық форумдардың Қазақстан, өңір экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып, үлкен ықпал етіп отырғандығы аймаққа тартылып жатқан инвестиция көлемінің жыл сайын артып отыруынан аңғарылады. Инвестициялық форумды ашқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ индустриялық-аграрлық аймақ болып саналатын Шығыс үшін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Алтай Invеst-2016» инвестфорумы жаңа инвестициялық, инновациялық бастамаларға жол ашатынын айтты.
-Индустриялық-аграрлық біздің облыста елдегі металлургия, машина жасау саласы өнімдерінің төрттен бірі шығарылып жатыр. Елімізде инвесторларға, инвестиция тартуға орай жасалып жатқан тиімді іс-шаралар инвестициялық тартымдылығы аса жоғары біздің облыстың даму деңгейін, инвестициялық қаржылануы көлемін одан әрі арттыра түсетініне, осы форумда сіздер мен біздердің арамызда орнатылатын экономикалық байланыстың ұзақ мерзімді, табысты боларына сенімдімін, -деп атап өтті облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ форумның аймақтың болашағын бағдарлауға мүмкіндік беретін маңызды шара екендігін.
Форумның пленарлық отырысына қатысқан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев шетел инвесторларының алдында Қазақстандағы инвестициялық заңдылықтар мен бизнес климаттың, мемлекеттік қолдаулардың біздің елде инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыруға қолайлы орта тудырып отырғандығын, әлемдегі макроэкономикалық жағдайдың күрделеніп отыруына, шетел экономикасына құйылып жатқан инвестиция көлемінің төмендеп кетуіне қарамастан, елімізде инвестиция тарту деңгейінің тұрақты екендігін жеткізді. Биылғы жартыжылдықта елге тартылған шетел инвестициясының көлемі 9,3 млрд. долларды құраған. Бұл өткен жылдың осы мерзімінен 26 пайызға жоғары. ТМД елдері ішінде Қазақстан инвестициялық жағынан аса тартымды ел болып отыр. Ұлттық банктің төрағасы таяу жылдар ішінде елдегі инфляция деңгейін 6,8 пайыз көлемінде ұстай отырып, 2020 жылға дейін 4 пайызға төмендету көзделініп отырғандығын, сонымен бірге, отандық өндірісшілерді қолдау мақсатында ұлттық валютаның еркін айналымда ұсталынатынын айтты.
Қытай елінің ШҰАР партия комитеті хатшысының орынбасары Еркінжан Турахун, ШҰАР халық үкіметінің мемлекеттік кеңесшісі Ян Кайсин форумға жиналғандар алдында біздің облыс пен ШҰАР арасындағы ынтымақтастық байланыстың нығайып отырғандығын, екіжақты байланыстың «Жол картасы» аясында жоспарланған іс-шаралардың өз нәтижесін көрсете бастағандығын, «ТВЕА» компаниясымен Семейде ЖЭО салуға, «Саньбар» корпорациясымен Бұқтырма су қоймасы мен Ертістің үстінен салынатын көпір құрылыстарын жүргізуге келісім жасалынып отырғандығын мәлім етті. Оның айтуынша, форумға ҚХР-дан келген 17 компанияның 12-сі Қазақстанға инвестиция салып, жұмыс істеп жатыр.
Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау, Қазақстан даму банкі басқармасының төрағасы Болат Жәмішев, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің директоры Джанет Хэкман пленарлық отырыста экономиканың шикізаттық емес секторын қолдау тетіктері, банктердің шығысқазақстандық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері туралы баяндады. Алдын ала алынып отырған ақпарат бойынша Бүкіләлемдік банктің 2015 жылғы рейтингісінің қорытындысына сәйкес Қазақстан бизнеске қолайлы жағдай тудыру, дамыту, инвестиция тарту жағынан 43-ші орыннан 35-орынға көтерілгені туралы және Қазақстан инвестициялар жөніндегі халықаралық ұйымға мүше болып енгенін, бес жылдан бері қарқынды жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде осындай беделді ұйымға енуге мүмкіндік алған еліміз үшін бұл үлкен олжа екенін хабарлаған Альберт Рау келешекте елге ағылатын инвестиция көлемінің көбейе түсетінін, қазіргі күні ол үшін барлық жағдайлар, алғышарттар жасалып жатқандығын жеткізді.
Инвестиция салуда, өңірді дамытуда алыс-жақындағы елдермен қатар, көршілес облыстардың да тигізер ықпалы айрықша. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков екі облыстың арасындағы тауар айналымының артқанын, облыста қарағандылық өнімдердің көп тұтынылатынын айтып, халықаралық байланыстарды екі өңірдің бірлесе отырып жүргізуінен ұтарымыз көп десе, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов шығысқазақстандықтардың туризмді дамыту жағынан жинаған мол тәжірибесін алуға асық екендіктерін жеткізді.
Өнеркәсіп және энергетика саласы аясында өткен роуд-шоуға қатысушыларға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов елдегі электр энергиясының 15 пайызын өндіріп жатқан облыста баламалы қуат көздерін құруға, жасыл энергетиканы дамытуға мүмкіндік мол екенін жеткізді. Семейдегі ЖЭО-3, Тұрғысын-2 СЭС жобалары-әлеуетті инвесторлардың қызығушылығын тудыратындай, жұмысты бастап кетуге дайын тұрған жобалар. Инвесторлар Курчатовта атом электр стансасын салу мүмкіндігі қарастырылып жатқандығынан да хабардар етілді.
Форумға жиналған отандық, шетелдік инвесторларға, қаржы институттары өкілдеріне облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин ауыл шаруашылығының инвестициялық жобаларының болашағы аса зор екендігін айтты. Әсіресе, облыстың суармалы жерлері нағыз иесін, инвестиция салып, игеруді күтіп тұр. Облыста 200, 7 мың га суармалы жер бар, соның 82,5 мың гектары ғана пайдаланылып жатыр. 2017-2020 жылдар аралығында 25 су шаруашылығы жүйесі қайта жаңғыртылып, осы алқаптағы жерлер түгелдей пайдалануға берілмек. Бес жыл ішінде облыста 92,1 мың га суармалы жер пайдалануға беріледі.
Қытайлық бизнесмен Тұрсынбек Сұлтан – Аягөз ауданындағы «Еуразия Агро Холдинг» ЖШС-нің ет өңдеу комбинатының инвесторы.
– Мен өткен жылғы «Алтай инвест-2015» форумына да қатыстым. Біздің компания Шанхай маңындағы қаланың бірінде орналасқан. 2014 жылдан бері компаниямызбен Қазақстан нарығына келіп, ауыл шаруашылығы саласына қаржы салуға ниеттеніп жатырмыз. Былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігіне барып, осы Шығыстағы ет комбинатының жобасымен танысып, жүзеге асыруға кірісіп отырмыз. Жоба қаралып, даяр бола салысымен акциясын енгізуге даярмыз. Шығыс Қазақстанда суармалы жер, мал азығын дайындау жобалары да қызықтырып отыр,-дейді агробизнес саласы бойынша Даниядан магистрантураны, Германиядан докторантураны меңгеріп, ауыл шаруашылығы бизнесінде жүргендігін айтқан шетелдік инвесторлардың бірі – Тұрсынбек Сұлтан.
Аймақтың ауыл шаруашылығының инвестициялық жобалары былтыр Өскеменде өткен «Алтай Агро Инвест-2015» инвестициялық форумында да инвесторларға кеңінен таныстырылған болатын. 70 инвестициялық компания мен 13 мемлекеттің дипломаттарына, форум қонақтарына ауыл шаруашылығы кешенінің 15 бағыты бойынша 50 инвестициялық жоба ұсынылып, форумда жалпы сомасы 68 млрд. теңге болатын 13 меморандум қабылданды.
Ал осы жолғы «Алтай Invest-2016» форумының қорытындысында өткен жылдағыдан да жоғары нәтижеге қол жеткізілді, тек пленарлық отырыс қорытындысында жалпы сомасы 218 млрд. теңгенің 9 келісімі мен меморандумы қабылданды. Облыс әкімдігі мен Қарағанды, Павлодар облыстары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және басқа салаларда ынтымақтастық туралы меморандумға және Өскемен, Семей қаласы әкімдіктері мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында қос қаланың қоғамдық көліктерін қайта жаңғырту жобаларын қаржыландыру бойынша алдын ала келісімге, Үржар ауданы мен «Керуен» демалыс орны» серіктестігі арасында Алакөлдің жағасында «Керуен PLAZA» туристік кешенін салу туралы меморандумға, Аягөз ауданы мен «ҚазАгро» АҚ арасында Аягөз ауданының агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру бойынша өзара ынтымақтастық меморандумға, облыс әкімдігі және «ARESOL» компаниясымен «ШҚО-да күн электр стансасы құрылысын салу» туралы меморандумға, облыс әкімдігі мен қытайлық «ТВЕА» компаниясы арасында Семейде «ЖЭО-3» жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға, облыс әкімдігі мен «ЖаңғызСолар» серіктестігі арасында Жарма ауданында күн электр стансасын салу» жобасы туралы меморандумға қол қойылды.
Одан басқа форумға қатысушылармен өнеркәсіп және энергетика, агроөнеркәсіп, туризм және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік салалары бойынша үш топта өткен роуд-шоу барысында өнеркәсіп және энергетика саласы бойынша 33,5 млрд. теңгенің, ауыл шаруашылығы бойынша 1,8 млрд. теңгенің, барлығы 35 , 3 млрд. теңгенің 29 меморандумы қабылданды. Инвестициялық форум қорытындысында жалпы сомасы 255 млрд. теңгенің 38 құжатына қол қойылды.
Алты айғы дайындық өзін ақтады
Форум аяқталар тұста облыс әкімінің орынбасарлары Нұрымбет Сақтағанов, Дүйсенғазы Мусин және Жақсылық Омар бұқаралық ақпарат құралдарының алдында шараны қорытындылап, алғашқы нәтижелерді жариялады.
Алдымен сөз алған Нұрымбет Сақтағанов форумның жоғары деңгейде өткенін атай келіп, әлеуетті инвесторлармен 38 меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Келісімге енген жобалардың жалпы құны 255 млрд. теңгені құрайды.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес біздегі инвестициялық заңнамаға көптеген өзгертулер енгенін білесіздер. Бүгінгі форум аясында біздің қаржылық институт басшылары, банк жетекшілері шетелден келген инвесторларға Қазақстанның инвестициялық заңнамасында қарастырылған кедендік, салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтар жөнінде ақпарат берді. Осы форумның арқасында елімізде инвестиция тартудың жаңа кезеңі басталды деуге болады. Өйткені, бүгін Шығыс Қазақстаннан бөлек Қарағанды және Павлодар облыстарының кәсіпкерлері де өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Аграрлық сала бойынша өткен келіссөздердің нәтижесін Дүйсенғазы Мусин баяндады. Бұл салада ұсынылған жобалар жүзеге асқан жағдайда облыста 3360 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.
-Аграрлық сала бойынша 10,8 млрд. теңгенің 12 меморандумына қол қойылды. Бұл меморандумдар ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, бос жатқан жерлерді игеру, ағаш өңдеу сияқты үш негізгі бағытты қамтиды. Бір ғана Аягөздегі қой етін өңдеу комбинатын мысалға алайық. Форумның арқасында осы жоба бойынша «Евразия-Холдинг» компаниясымен нақты келісімге қол жеткіздік. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде облысымызда қой саны азая бастаған. Өйткені, қой етіне деген сұраныс аз. Ал Аягөздегі жоба осы олқылықтың орнын толтырып, Тарбағатай, Абай аудандары мен Шұбартау өңірлеріндегі бос жайылымдардың игерілуіне жол ашады. Осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы аграрлық сектордың тұтас бір саласын алға сүйреуге мүмкіндік туып отыр, – деді Дүйсенғазы Мусин.
Туризм саласына қатысты ұсынылған жобалардың болашағы жөнінде ақпарат берген Жақсылық Омар бұл бағытта 11 меморандумға қол қойылғанын атады. Оның сегізі шетелдік компаниялармен жасалса, үшеу өзге облыстармен туристік қатынасты нығайтуға бағытталған.
– Облыс аумағында 181 туристік нысан бар. Олардың барлығы бір мезетте 23 мың адамды қабылдай алады. Шығыс Қазақстан сияқты туризмнің барлық түрлеріне қолайлы өңір үшін бұл, әрине, жоғары көрсеткіш емес. Сондықтан бүгінгі роуд-шоуға әлемге танымал консалтингтік компанияларды да шақырдық. Роуд-шоу барысында өз тарапымыздан екі үлкен жобаны таныстырдық. Оның бірі Катонқарағай ауданында, екіншісі Алакөл аумағында жүзеге асуы тиіс. Алакөлге туристер тарту мақсатында келер жылы ондағы инфрақұрылымды талапқа сай етіп реттеу жобасы жүзеге асады. Оған бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Демек, Алакөлдің жағалауына түгелдей жарық тартылып, маңайы абаттандырылады, саябақ салынып, жолдар төселеді. Бүгінгі форум осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың жанданып, туризм саласына тың серпіліс әкеледі деп сенеміз, – деді Жақсылық Омар.
Осылайша екі күн бойы 13 елден келген делегаттар Шығыс Қазақстанның инвестициялық ахуалымен тыныстап, ұтымды ұсыныстарды зерделеуге мүмкіндік алды. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің айтуынша, шараға дайындық соңғы алты ай көлемінде жүрген. Форум қонақтарына барлық жобалар туралы толық ақпарат пен құжаттар алдын ала ұсынылған. Өз кезегінде инвесторлар әр жобаны терең зерделеп, біздің облысқа үлкен дайындықпен келді. Нәтижесінде нақты келісімдер жасалып, меморандумдарға қол қойылды.
Есімжан Нақтыбайұлы,
Жанаргүл Мұқатай