Экстремизмге қарсы тегеурінді тосқауыл
Ержан Әбіш
Соңғы жылдары біз діни экстремизм сияқты сөз тіркесін жиі естиміз. Бірақ біз оның астарында не жасырынып жатқанын толық түсінеміз бе? Біз діни экстремизмді танып, радикалды діни ағымдардың құрбанына айналмауға қабілеттіміз бе? Бұл әрқайсымыздың діни сауаттылық деңгейімізге тікелей байланысты.
Діни экстремизмнің анықтамаларының бірі «бұл – діни құндылықтар мәселесіндегі экстремалды көзқарастарды, сондай-ақ әрекет ету мен әсер етудің экстремалды әдістерін ұстанушылық, қоғамға тән дәстүрлі негіздерден бас тарту және бір уақытта қарама-қарсы идеялар мен тұжырымдамаларды насихаттау» дейді.
Адамдарды радикалды ағымдар қатарына тарту арқылы экстремистік ұйымдардың өкілдері отбасылық және қоғамдық құндылықтарды бұзудан бастап мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға дейінгі жаһандық мақсаттарды көздейді.
Әдетте, деструктивті ағымдардың әсеріне ең алдымен жастар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар ұшырайды. Осы санаттардың әрқайсысына экстремистік идеология өкілдерінің өзіндік көзқарасы бар, ал олардың басты қаруы – адамның діни сауаттылығының төмен деңгейі.
Діни экстремизмді вирустық аурумен салыстыруға болады, оның алдын алу үшін иммунитетті дамыту қажет. Бұл мәселе біздің елімізде қалай шешілуде?
Елімізде бұл мәселе кешенді түрде шешілуде. Негізгі қағидат – радикалды ағымдар өкілдерінің ықтимал айла-амалдары туралы бүкіл ел халқын ақпараттық қамту, діни сауаттылықты арттыру. Мәселен, 2013-2017 жылдар аралығында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама сәтті жүзеге асырылды. Бағдарлама шеңберіндегі жұмыс діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған болатын.
Өз кезегінде 2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама нысаналы топтармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлуде. Оның негізгі мақсаты – діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністерінен және терроризм қаупінен адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде біздің облыста да дін істері басқармалары және дін проблемаларын зерттеу орталықтары жұмыс істейді, олардың жұмысы радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға, конфессиялар арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған.
Діни экстремизмнің алдын алу мақсатында біздің өңірде халықтың түрлі топтарымен тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру, қарсы насихат, сондай-ақ деструктивті идеологиядан зардап шеккен адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі.
Аталған іс-шараларды өткізу діни сауаттылық деңгейін арттырады және азаматтардың радикалды ағымдар қатарына тартылу қаупін барынша азайтады, бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
/Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді/