Қоғам

ҮЗДІК ТАУАРЛАРЫН ҰСЫНАДЫ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Облыс кәсіпкерлері палатасының ұйымдастыруымен Өскемендегі Б.Александров атындағы спорт сарайында  «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурсы өтеді. Дәстүрлі шараға аймақтағы 80-нен астам белгілі өндіруші қатыспақ.

Шілденің 8-і күні өтетін «Қазақстанның үздік тауары» жәрмеңке-конкурсының мақсаты – отандық өнімдерді қолдап, сапасын, сатылымын арттыру.

Конкурстың қатысушылары – облыстағы тамақ, өнеркәсіптік өнімдер өндіретін көпшілікке  танымал кәсіпорындар. Осыған дейін әр жылдары шығысқазақстандық алты кәсіпорын республикалық конкурстың жеңімпазы атанған болатын.

Аталған конкурс биыл «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» атты үш аталымда  өтеді. Әр аталым бойынша үш жеңімпаз анықталып, іріктеліп, республикалық конкурсқа ұсынылмақ.

Жәрмеңке түрінде өтетін конкурста тұтынушылар нарықтағы үздік тауар өндірушілердің өнімдерімен танысып, сатып алуына болады. Кәсіпкерлер болса, әлеуетті тұтынушылармен, бизнес қауымдастықтармен байланыс орната алады.

Осы айдарда

Back to top button