25 жылдыққа арнап аллея салып берді
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толмақ. Ширек ғасырлық мерейтойға орай облыстық ішкі істер органдарының қызметкерлері 25 игі бастаманы қолға алып отыр. Соның жарқын бір көрінісі ретінде облыс орталығының жаңадан салынып жатқан 19 шағын ауданында орналасқан «Рахат» балабақшасының қасынан «Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл» аллеясын ашты.
Алдымен полицейлер ат шаптырым аумақты қоқыстардан тазартып, тазаланған аумаққа шырша, қайың, тал көшеттерін екті. Игілікті шараға ішкі істер саласының ардагерлері мен жасөспірімдер де қатысты.
– Облыстық ішкі істер департаменті ағымдағы жылдың басынан «ШҚО ІІД-нің 25 бастамасы» атты бағдарлама әзірлеп отыр. Оның аясында «ашық есік» күндерін өткізіп, оқушыларды, студенттерді ішкі істер органдарының құрылымымен, Қазақстан полициясының тарихымен таныстырамыз. Осыған дейін ардагерлердің, соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, аулаларын қардан тазартып, пәтерлерін жөндеп, отындарын жарып, көмір тасып көмек көрсеттік. Орындықтар орнатып, балалармен бірге құстарға арналған ұя жәшіктерін жасадық. Бұдан бөлек полицейлер қан тапсырып, балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларға ойыншықтар, киім-кешектер тарту етті. Абаттандыру, көшет отырғызу жұмыстары жалғасуда. Мұның бәрі облыс көлемінде атқарылып жатыр және жыл соңына дейін жалғасады. Бүгінгі көшет отырғызуға еңбекке, тазалыққа баулу, тәрбиелеу мақсатында тәрбиесі қиын балаларды да тартып отырмыз, – деді облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Бақытжан Торғаев.
Бұдан бөлек полицейлер өңірде «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз ауыл», «Қауіпсіз аудан». «Зорлық-зомбылықсыз аудан» шараларын жүзеге асыруда.
Аллеяны ашуға барлығы 150-ден астам ішкі істер органы өкілдері қатысып, 250-ден астам көшет отырғызды.
– Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Полицейлер Өскемен қаласын абаттандыруға өз үлестерін қосуға шешім қабылдап отыр. Аллеяға бұл орын кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Аталған жаңа ауданның құрылысы жылдам қарқынмен салынуда. Дәл қасында балабақша орналасқан. Бүлдіршіндер таза ауамен демалып, бұл жерге жиі келетін болады, болашақта аллея қалалықтардың гүлденген демалыс орнына айналады деп сенеміз, – деді облыстық Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ