Қоғам

Қалдық жинаудың жаңа стандарттары жасалады

Азамат Темірбеков

Облыс орталығын тұрмыстық қатты қалдықтардан арылтуға бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілгенімен, қала ішінде әлі де болса заңсыз қоқыс алаңдары пайда болып жатады. Бұл туралы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау және көзін жою мәселесіне байланысты өткен қала әкімінің кеңесі барысында айтылды.

Бүгінгі күні Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жүйесін жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, қалада қоқысты бөліп жинау жүйесі енгізіліп, қалдықтарды бөліп жинау мақсатында 1274 қоқыс контейнері орнатылды. Оған қоса, бүгінгі күні қалдықтарды сұрыптайтын жүйенің құрылысы да аяқталуда.

– Қазір құрылысы толықтай аяқталған зауытты іске қосу үшін шетелдік, яғни грекиялық Sabo S.A. компаниясының мамандарын күтіп отырмыз. Аталмыш зауытты өзіміздің мамандарға да іске қосуға болатын еді. Бірақ шетелдік мамандар барлық жұмысты басынан аяғына дейін қадағалап, толықтай іске қосқаны үшін бізге зауыттың кепілдік мерзімін береді. Ал бұл іспен өзіміздің мамандар айналысса, кепілдік мерзімінен айырылып қаламыз, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Өскемен қаласының әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып, қаланың жаңа қоқыс төгетін орнын жасау бағытындағы жобаны әзірлеп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын Қасым Қайсенов кентінен 8,3 шақырым қашықтықта жер телімі бөлінген жоба бойынша қоқыс полигонын салумен қатар, қалдықтарды биологиялық өңдеуден өткізетін кешен тұрғызу да қарастырылған. Жалпы, құрылыс мерзімі 2024 жылдың соңына жоспарланған.

Жаңа қоқыс полигонының салынуы, қала іргесінен бір аттам қашықтықта орналасқан ескі қоқыс алаңының жабылуы қаланың тұрмыстық қатты қалдықтарын төгуге байланысты проблемасының біржолата шешілуін қамтамасыз етпек.

Жаңа нормалар қарастырылды

Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, коммуналдық қалдықтардың пайда болуы мен олардың жинақталуына байланысты нормалар қайта қарастырылды. Бұған дейін 2013 жылы қабылданған нормалар қолданылып келген болатын. Жаңа нормаларға сай абаттандырылған үйлердің бір тұрғынына деген көрсеткіш 35 пайызға, яғни жылына 1,98 текше метрден 2,68 текше метрге дейін ұлғайды. Осылайша, қала Экологиялық кодекске сай үнемі жинақы тұратын қоқыс алаңқайларымен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға жайсыздық әкелмейді деп көзделді.

Дей тұрғанмен, қала ішіндегі қоқыстарды уақытылы жинап, тасымалдау жұмыстары жүйеленбесе, аталмыш алаңқайлардың жай ғана декорация болып қалуы әбден мүмкін. Қала басшылығының хабарлауынша, қазірде шаһардың тұрғын аумақтарынан қоқыс шығару мәселесі күйіп тұрған мәселе көрінеді. Бүгінде қоқыс шығару мәселесі тұрғын мен қоқыс тасымалдайтын компания арасындағы коммерциялық қарым-қатынас деңгейінде қалып отыр. Ал жергілікті атқарушы органдардың аталмыш бағыттағы жұмыстарды реттеуде құзыреттіліктері жоқтың қасы. Осылайша, орын алған жағдайға әсер ете алмай отыр.

– Қалай дегенмен, әкімдік әлеуметтік және экологиялық маңызы бар аталмыш мәселені назардан тыс қалдыра алмайтыны белгілі, – дейді Жақсылық Омар. – Заңсыз қоқыс алаңдарының көзін жоюға және қоқыс алаңдарында жинақталған ірі көлемдегі қалдықтарды коммуналдық кәсіпорындардың көмегімен шығаруға  қала бюджетінен қаражат бөлініп отырады.

Жыл басынан бері қала ішіндегі қоқыс алаңдарынан 5,5 мың текше метрден астам мөлшерде ірі көлемді қалдықтар шығарылып, заңсыз пайда болған 73 қоқыс алаңдарының тізімі жасалып, қазіргі уақытта олардың көздерін жоюға қатысты жұмыстар қолға алынған. Бірақ қалай дегенмен аталмыш жұмыстар мәселені жүйелі түрде шешуге мүмкіндік бермей отыр.

Осы себепті, қала әкімі Өскемен қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтау бағдарламасын жасап,  жұмыс алгоритмін тез арада бекіту жайында тапсырма берді. Қазірдің өзінде, аталған бағдарламада қаладағы барлық қоқыс алаңдарының және олардағы қоқыс контейнерлерінің саны туралы ақпарат енгізілетіні белгілі. Ары қарай, бұл бағыттар қоқыс тасымалдайтын компаниялар арасында сөз жүзінде ғана емес, конкурстық негізде бекітілуі тиіс.

– Бағдарлама дайын болғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі оған сәйкес қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар арасында конкурс өткізеді. Сондықтан  конкурстық талаптар нақты көрсетіліп, олардың орындалу механизмдері қамтамасыз етілуі тиіс. Тағы бір маңызды талаптардың бірі қоқыс алаңдарындағы контейнерлер келісімшарт санына емес, сол ауладағы тұрғындар санына сай болуы анық көрсетілуі керек. Бұл төлемақыны уақытылы төлейтін тұрғындарға деген әділетсіздікті жойып, үнемі лық толып тұратын контейнерлер мәселесін біржақты ететін болады, – деді Жақсылық Омар.

Әр тұрғынның заңды міндеті

Қала әкімі қоқыс тасымалдаумен айналысатын компанияларда бүкіл қаланы қамтитын контейнерлердің болмауы да мүмкін екенін атап өтті. Алайда бұл мәселенің де шешімін табуға болатын көрінеді. Ол үшін контейнерлерді бюджет қаражаты есебінен сатып алып, конкурс нәтижесінде жеңіп шыққан компанияларға тарату механизмдері дайындалуы тиіс.

– Қазіргі уақытта қоқыс тасымалдау компанияларымен келісімшартқа отыру әр қала тұрғынының заңды міндеті. Бірақ бүгінгі күні біз адамдарға қандай да бір талап қоюға моральдық тұрғыда құқымыз жоқ деп ойлаймын. Өйткені стандарттар дайын болғанға дейін, жұмысты әділетті жүргізгенге дейін, сондай-ақ қаланы қажетті деңгейде контейнерлермен қамтамасыз еткенге дейін адамдардан бір нәрсені талап етіп, я болмаса оларға айыппұл сала алмаймыз, – дейді Жақсылық Омар.

Бірақ  барлық көзделген жоспарлар орындалған соң құзырлы органдар өз жұмыстарына кірісетінін, алға тартқан қала әкімі шаһар тұрғындарынан заң талаптарын орындау талап етіле бастайтынын атап өтті.

Кеңес барысында қала әкімдігінің мамандары мен полиция қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобын құру жайы айтылды. Алдағы уақытта бұл топ осы бағыттағы жұмыстарды саралап, қажет болса осы саладағы басқа қалалардың тәжірибесін зерттеуге де ден қоймақ. Өйткені қоқыс шығару мәселесінде қандай қиындықтардың барын және оның ақысын төлемейтіндермен күресу алгоритмін дайындау ауадай қажет.

Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың бағдарламасы мен конкурстық жұмыстарды биыл жыл соңына дейін толықтай аяқтау жоспарлануда. Бұдан кейін құрылған алгоритм бойынша халықпен жұмыс істеу басталмақ.

100 мың тоннаны  сұрыптайды

Биыл іске қосылатын қоқыс сұрыптайтын кешенге Грекия елінен оптикалық және баллистикалық сепараторлар, тізбекті және таспалы конвейерлер,  алдын ала сұрыптау кабинасы, барабан сепараторы толығымен жеткізілген. Шетелдік мамандар келіп, автоматтандырылған сұрыптау желісін іске қосу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, қалдық сұрыптау кешені сынақтан өткізіледі.

Жалпы, қалалық қоқыс полигонының маңындағы 4,2 гектар алаңда орналасқан кешеннің қуаты жылына 100 мың тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптауға жетеді деп межеленген.

Құны 1,35 млрд. теңге болатын гректердің «Sabo S.A.» әлемдік брендін ӨКМ Операторы сатып алып, қалалық әкімдіктің балансына берді. Бұған дейін жергілікті мамандар «Sabo S.A.» грек компаниясының өндіріс алаңында заманауи қоқыс сұрыптайтын жабдықта жұмыс істеу бойынша апталық оқудан өткен болатын.

Сонымен қатар Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орналастырылды. Атап айтсақ, «жеңіл» қайталама шикізатты жинау үшін сары түсті 760 пластик контейнер және қоңырау үлгісіндегі 514 көк түсті контейнер сатып алынды. Сонымен қатар ӨКМ Операторы контейнерлерге қызмет көрсетуге арналған  6 бірлік арнайы техника сатып алып, барлығын әкімдіктің еншісіне табыстады. Осылайша, қаладағы инфрақұрылымды жасақтауға жалпы сомасы 1,8 млрд. теңге қаржы жұмсалған.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджет пен қоқыс шығаратын ұйымдар қаражаты есебінен тамақ қалдықтарын жинауға арналған 1220-дан астам контейнер сатып алынды.

Қайта өңделмейтін қалдықтар республикалық бағдарламаға сәйкес «Waste to energy» зауытына жіберілетін болады. Бұл кешенді жұмыс өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу пайызын ұлғайтуға, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ 40-қа жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бермек.

Осы айдарда

Back to top button