Қоғам

248 нысан жұмыс істейді

248 нысан жұмыс істейді


Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын 30 пайызға жеткізу, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізіп, дене тәрбиесімен айналысу міндеті қойылғаны белгілі. Ал Үржар ауданында бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 30,7 пайызды құрайды. Бұл өңірдегі ең үздік нәтиже. Осы орайда аудан әкімі Серік Зайнулдин әңгімесін былай бастады.

-Иә, спортпен шұғылдансаң, сергек боласың деп текке айтылмаса керек. 2019 жылы аудан бойынша 257 спорттық шара өткізіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бүгінге дейін аудан бойынша 30-дан астам астам спорттық шара өткізіліп, оған 7500-ға жуық адам қатысты. Үржардан шыққан, елдің атағын шығарған Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлер құрметіне барлық спорт түрлерінен жарыстар өткізіп тұрамыз.

Қазіргі таңда Үржар ауданы бойынша 248 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, бір спорт мектебі, екі спорт модулі, білім беру ошақтарында 46 спортзалы, жеті хоккей қорапшасы, бес жасанды кіші-футбол алаңы бар. Үржар ауданының орталығында 1000 адамға арналған стадион тұрғындарға есігін айқара ашқан. Жүйелі түрде денешынықтыру және спортпен айналысатын халық саны- 22710 адам, ол 30,7 пайызды құрайды.

-Ауданда бүркітшілер сайысы, қазақша күрес, басқа да ұлттық спорт түрлерінен жарыстар дәстүрлі түрде өтеді екен. Солар жайлы айта кетсеңіз?

-Ауданымызда Наурыз мерекесіне орай дәстүрлі түрде жылда өтетін «Үржар барысы» атты қазақ күресінен және жыл сайын дәстүрлі түрде аудан әкімінің жүлдесі үшін 22 спорт түрінен халықтық ойындар спартакиадасы өтіп келеді. 2016 жылы біздің қолдауымызбен Мақаншы ауылының «Жайтөбе» жотасында ересектер арасындағы бүркітшілердің Х-шы чемпионаты өткізілді. Аталмыш жарысқа Астана қаласы, Ақмола, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының бүркітшілері қатысты. Жарысқа барлығы 27 бүркіт, төрт қаршыға әкелінді. Бүркітшілер сайысын біз екі рет өткізсек, жақында ғана Тарбағатай ауылында өткен республикалық додада жерлестеріміз тамаша нәтиже көрсетті. Бір жарым жыл бұрын күміс көмей әнші Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай аламан, топ бәйге, құнан бәйге, теңге ілу және қазақ күресінен абсолюттік біріншілігі өткізілді. Осы жарыста аудан әкімінің ұйымдастыруымен, демеушілердің көмегімен аламан бәйге мен қазақ күресінің жеңімпаздарына автокөлік машиналары табысталды.
2017 жылы «Ресей – Қазақстан – Қытай» (Мәскеу – Астана – Сиань) бағытымен «Жібек жолы – 2017» халықаралық ралли өткізілді. Оның бір кезеңі Үржар өңірінде өтті. Халықаралық раллиге 52 мемлекеттен 120 спорттық экипаж, 1500 адам қатысты.

Біздің бастама бойынша жыл сайын Бірлік және Жеңіс мерекелері күндеріне орай марафон жаяу жүгірісі ұйымдастырылады. Оған барлық ауылдық округтердің оқушылары мен ұстаздары қатысады. 2018 жылдың шілдесінде облыстық тоғызқұмалақ федерациясының кубогы жарысы аса тартысты өтті. Жарысқа сегіз команда қатысты, атап айтсақ, Аягөз, Өскемен, Семей, Абай, Тарбағатай, Бородулиха және Үржар ауданынан екі команда қатысты. Жарыстың қорытындысы бойынша Тарбағатай, Абай ауданы, Үржар ауданының тоғызқұмалақшылары алғашқы үш орында иеленді.

Бұған дейін елеусіз болып келген скайраннинг спорты соңғы кезде елімізде қанат жая бастағаны белгілі. Алматы қаласында скайраннинг спорт түрінен республикалық жарыс өткізілді. Осы спорт түріне Үржар ауданының командасы екі жыл бойы қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ауданымызға скайраннинг спорт түрін танытқан Лайбұлақ орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Радик Бөкебаевқа айтар алғысымыз шексіз. Оның шәкірті Нұршашу Жақиянова скайраннинг спорт түрімен айналысып, соңғы үш жылда ғана 12 дүркін облыс чемпионы, тоғыз дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы, үш дүркін халықаралық дәрежеде чемпион атанды. Нұршашу бағындырған ең биік шың-Нұрсұлтан шыңы (биіктігі 4290м). Дуатлоннан «Алакөл-2018» атты ашық республикалық турнирі тартысты өтті. Жарысқа Үржар ауданынан 27 ауылдық округ тұрғындары қатысып, бұқаралық спортқа ден қоятындарын аңғартты. Сонымен қатар Семей, Астана, Өскемен және Ресей мемлекетінен командалар болды.

Үржар ауданы бойынша мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Оның сегіз бөлімшесінде 48 жаттықтырушы жұмыс істейді.

-Спорт мектебінің атақ-даңқы жер жарады. Бұл мектептен талай Әлем чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері шыққаны белгілі. Енді солар жайлы айта кетсеңіз?

-2018 жылдың қыркүйегінде Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында дзюдо күресінен Әлем чемпионаты өткізілді. Аталмыш додаға Үржар ауылының тумасы, Абай орта мектебінің түлегі, Ерлан Серікжанов 66 келі салмақ дәрежесінде қатысып, күміс жүлдегер атанды. Шаңғы спортынан Камила Махмутова, Еламан Қожабек, Кристина Жердеева жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жүлдегер болды. Дидар Хасенов, Айша Ракишева жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Осы спортшыларымыз Қазақстан Республикасының Олимпиадалық даярлық орталығына мүшелікке алынды.

Таяуда Аягөз ауданында грек-рим күресінен 2002, 2003, 2004, 2006 жылдары туған жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өткізілді. Аталмыш жарысқа облысымыздан сегіз команда қатысқан болатын. Соның ішінде Үржар ауданының грек-рим күресінің командасы бас жүлдені иеленді. Қазіргі таңда Ресейдің Оңтүстік Сахалин қаласында «Азия балалары» атты бірінші халықаралық қысқы спорт ойындары өтуде. Осы жарыста Үржар ауылының шаңғышысы 15 жастағы Дидар Хасенов спринт арақашықтығында төртінші орынды иеленді. 2019 жылы Үржар ауданының 11 ауылдық округіне жасанды кіші футбол алаңы мен стрит – воркуат алаңының құрылысын салуға жергілікті бюджет есебінен 110 миллион теңге қаражат бөлгіздік. Қазір ауданда жабық жүзу бассейнін салу қолға алынды. Қорыта айтқанда, Үржарда бұқаралық спорт дами береді.

Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button