Зарқын Қалибеков, жоғарғы санатты дәрігер-хирург, тәуелсіз сарапшы: – Перзентімін қазақ дейтін халықтың
Маусым айының үшінші аптасының соңы дәрігерлер мерекесі. Өңіріміздегі ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, Қазақстан Республикасы денсаулық саласының үздігі, білікті дәрігер, хирург-эксперт Зарқын Қалибекұлын қонаққа шақырған едік.
Сурет кабинетіндегі кеңес
– Зарқын аға, медицина саласында жүргеніңізге жарты ғасырға жуық уақыт боп қалған екен. Жалпы медицинаға қалай келдіңіз? Бала күніңізден дәрігер болсам деп армандадыңыз ба, болмаса дәрігерлік салаға ойда-жоқта келуге мәжбүр болдыңыз ба?
– Иә, медицина саласына келгеніме биыл 47 жыл болған екен. Бір қызығы, мен мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімнен-ақ «медицина мен педагог мамандығына жоламаспын» деп өз-өзіме уәде берген болатынмын.
– Неге?
– Неге екенін білмеймін, әйтеуір ұнатпайтынмын. Негізі, мектепте оқып жүргенімде физика, математика, химия секілді пәндерге жақын болдым. Біз ол кезде жоғарғы класта оқимыз. Сабақ үлгерімдері жақсы үш-төрт жігіт өзара келісіп, Алматының политтехникалық институтына тапсыруды жоспарлап қойғанбыз. Сол кезде «Лениншіл жас» газетіне түрлі-түрлі есептердің нұсқаларын жариялайтын. Әлгі жігіттермен бірігіп алып, сол есептерді шығаратынбыз. Бір күні сол кездегі класс жетекшім әрі физикадан сабақ беретін Қадырбек Бидахметов деген ағайымыздан: «Қалибеков сурет кабинетіне келсін!» деген шақырту алдым.
– Апыр-ай, не бүлдіріп қойып ем? – деп жүрегім зырқ ете қалды. Себебі, суреттен сабақ беретін Файх ағайымыздың кабинеті М.Әуезов мектебіндегі әне-міне тәртіп бұзғандарды жауапқа тартатын «жазалау кабинеті» боп саналатын. Ал Бидахметовтің қандай адам болғандығын зайсандықтар өте жақсы біледі. Түсі суық, мінезі қатал адам болатын.
Шақырған кабинетке жасқаншақтап кірдім де, босағада тұрып қалдым. Қадырбек ағай дауысын сәл жұмсартқандай болды да:
– Қалибеков, сен мектепті бітірген соң, оқуға қайда бармақ боп жүрсің? – деді әдеттегідей қабағын түйе сөйлеп.
Мен бірге оқитын кластастарыммен бірге Алматыдағы политтехникалық институтқа бір жылдан бері дайындалып жүргенімізді айттым.
– Е-е, оларың да дұрыс екен, бірақ сен политтехқа емес, Семейдің мединститутына бар, соны оқып, бітірген соң осында келіп дәрігер боласың, – деді бұйрықты раймен. Менің не деп жауап беретіндігім де, мединститутта оқуға келісем бе, келіспеймін бе, ол жағы тіпті маңызды да емес секілді. Барлығын өзі кесіп-пішіп, менсіз де шешіп қойған.
Мен «дәрігер болмаймын» деп, ат-тонымды ала қашып, өзімше қарсылық танытып жатырмын ғой.
Сөйтсем ауданға, Семейдің мединститутына үш жолдама келген екен де, соның бірін Қадырбек ағамыз аудандық білім бөлімінің бастығы Сарбасовтан аттай қалап сұрап апты.
Сол жолы Қадырбек ағамыздың: – Политтехты бітіріп шықсаң механик, ары кетсе инженер боларсың. Ал дәрігер мамандығымен ертең Африкаға барсаң да жұмыссыз қалмайсың, – дегені осы күнге дейін жадымда. Міне, менің медицинаға келуіме осындай бір ағамыздың қамқорлығы себеп болған еді.
Саясаттың салқыны
– Оқу бітіріп кеп ұзақ жыл өзіңіздің туып-өскен Зайсан ауданында абыроймен қызмет еттіңіз, облыс орталығына қоныс аударуыңызға не себеп болды?
– Бір жылдары аудан әкімі Бауыржан Жанақов деген азамат еді. Сол кісі Мәжіліс депутаттығына сайлауға түсті. Науқанның нағыз қызған шағында Жанақовпен бірге КНБ-ның отставкадағы генералы Нұрахметов те кандидат болды. Сонымен екі жақтың текетіресі басталды да кетті.
Жанақовқа «Кандидатураңды алып таста!» деген нұсқау да түсті. Бірақ Жанақов та бірбеткей адам екен, кандидатурасын алмай қойды. Ақыры сайлау насихатына бөлінген ақша бітіп қап, ол кісі «Мен бұл сайлауда өтпейтінімді білем, бірақ принцип үшін аяғына дейін барамын» деп өз үйін сатып, ақшасын сайлауға салды ғой.
– Соңы не болды?
Соңы белгілі ғой, өзі КНБ-ның генералы болса, жоғары жақ қолдап отырса, ол өтпей кім өтуі керек? Сайлау өткен соң насихат кезінде Жанақовтың штабында болғандардың барлығының ізіне шам алып түспесі бар ма. Маған «Штаб бастығы болдың» деп қайта-қайта тергеуге шақыртып, дүркін-дүркін тексертіп, қолдан 20 шақты арыз-шағым ұйымдастырып, жалған айыптаулар таға бастады. Осындай жағдайға байланысты Зайсаннан кетуге мәжбүр болдым.
– Өткен ғасырдың медицинасы мен бүгінгі медицинаның, сондай-ақ сол кездегі дәрігер мен емделушінің арасында қандай да бір айырмашылық бар ма?
– Айырмашылық өте көп. Бұрынғы медицинаның науқасқа диагноз қою, ота жасау, емдеу деңгейі бүгінгі медицинадан әлдеқайда төмен. Себебі ол кездегі дәрігердің қолында бар болғаны науқастың кеудесін тыңдайтын, сосын қан қысымын өлшейтін ғана құрал-жабдығы болды. Қалғаны дәрігердің алған біліміне, жиған тәжірибесі мен клиникалық ойлау қабілетіне байланысты. Ал енді, сол кездегі дәрігер мен дәрігердің немесе науқас пен дәрігердің арасындағы бір-біріне деген құрмет, түсіністік, жандүниесіне үңіле білу бүгінгіден анағұрлым жоғары. Бүгінгі медицинаның артықшылығы – технологиялық прогресс. Айталық, бұрын бір айда әзер анықталатын анализді қазір бар болғаны бір сағатта анықтай салады.
Сенімге селкеу түспесін
– Ел арасында «Қазіргі жастарда білім жоқ, сол себепті отандық медицина ақсап жатыр» деген секілді алыпқашпа сөздер бар. Бұл қаншалықты шындыққа жақын?
– Адам баласының бойында жалқаулық, жауапсыздық, өзімшілдік, білмейтін нәрсесін білмеуші едім деп айтуға намыстанатын жалған намыс деген болады. Ондай студенттер де, дәрігерлер де бұрыннан болған, қазір де бар және болашақта да бола береді. Ал сондай жекелеген адамдардың кемшілігіне бола бүкіл медицина қызметкерлеріне немесе медицинаға топырақ шашуға бола ма?! Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер арқылы қоғамға неше түрлі жағымсыз, негізсіз, жалған пікірлер тарайды. Осыдан барып науқастың дәрігерге деген сенбеушілігі бас көтереді де, нәтижесінде әлгі адам бойындағы болмашы сырқаттың қозуына жол ашады. Ал сенім деген, әсіресе екіжақты сенім – кез келген сырқаттың алдын алып, айығып кетуінің бірден-бір кепілі.
– Ал осы сенімге қалайша және неден селкеу түсті?
– Енді, бес саусақтың да біркелкі болмайтындығы секілді, адамдар да әрқалай ғой. Өз мамандығын бұлдап, алдына келген науқастың осал тұсын өзінің жеке мүддесіне пайдаланатын да дәрігерлер бар. Олардың атын атап, түсін түстеудің қажеті шамалы деп ойлаймын.
Байқап жүрем, осындай келеңсіздікті естіп қалған қайсыбір журналистер істің байыбына барып алмай, елді дүрліктіріп, байбалам салуға әуес. Мен кемшіліктер мен келеңсіздіктерді сынамасын демеймін, сынасын. Алайда сын әділ әрі жан-жақты дәлелді, негізді болуы керек қой. Қазақта «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Сондықтан қайталап айтам, жекелеген адамдардың қайсыбір қылығына бола көпке топырақ шашқан дұрыс емес. Дегенмен осының өзі күллі медицина атауына кір келтіріп тұрған, бүгінгі медицинамыздың жағымсыз жақтары.
Бүгінгі күні отандық медицинаның жетістіктері де жоқ емес. Айталық, баяғыда адамдар жүрекке бір «стенд» қойдыру үшін қаншама жыл ішпей-жемей ақша жинап, одан кезекке тұрып, әзер дегенде 5 мың долларға Түркияға барып ота жасататын. Қазір ондай оталарды оқу бітіріп, жұмыс істеп жүргендеріне төрт-бес жыл ғана болған өзіміздің жас дәрігерлер бас-аяғы 15-20 минутта жасай салады. Бұрын миға қан құйылса, біздің дәрігерлер әбігерге түскеннен басқа, түк те істей алмайтын. Қазір тамыр арқылы барып, сол жерге «пробка» қойып, қанды тоқтатуға болады. Оны біздің Өскеменде де істеп жатыр. Мұның бәрі қазақ медицинасының дамығандығының белгісі. Осындай жетістіктері бола тұра біздің отандық медицинада береке жоқ. Бір реформаны бастап, оны соңына дейін жеткізбей жатып екіншісін бастайды. Содан тағы бір министр келеді де, алғашқы реформаларға мүлдем қарама-қайшы реформа бастап жатады. Бұл дұрыс емес деп есептеймін.
– Өзіңіз еңбек жолын бастап, ұзақ жыл қызмет еткен Зайсан аудандық ауруханасына биыл 100 жыл толады екен. Осыған қысқаша тоқтала кетсеңіз?
– Біз өткен шақты айтқанда, бір жақты боп кетпеуіміз керек. Кеңес одағының да өзіндік жақсы жақтары мен жетістіктері болды. Оның бір жағымсыз жағы қазақ ұлтын мейілінше кемсітуі, беделін, мәдениетін төмендетіп, қыл аяғы санының өсуіне де көзге көрінбейтін кедергілері болғаны жасырын емес. Соған қарамастан Зайсандағы медицинаның қалыптасып, дамуына Ресейдің ішкері жағынан Ленинградтан, басқа да қалаларынан келген дәрігерлер үлкен үлес қосқан. Ең алғаш 1922 жылы бес-алты төсектен тұратын жұқпалы ауруларға арналған палата жабдықталған екен. Кейін өзге де ауру түрлеріне ден қойылып, назар аударыла бастапты. Осылайша негізі қаланған Зайсан медицинасы сол кездің өзінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша алдыңғы қатарда болған. Бір таңғаларлығы, Зайсан ауруханасында грыжа, соқырішек секілді жеңіл-желпі оталарды айтпағанда, жоспарда жоқ шұғыл (экстренный) оталармен қатар өт жолына, асқазанға, жүрек пен бауырға, тағы басқа күрделі оталардың бірқатар түрлері жасалыпты. Қазір сол оталар қысқарып қалды. Бүгінгі таңда аурухана небір заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып жатқандығына қарамастан сол кездегі оталардың сапасы мен санына жете алмай жатыр.
Дәрігерлер назардан тыс қалмаса
– Ертеректе медицина саласын таңдаған зайсандық ұл-қыздар оқуларын аяқтаған соң, міндетті түрде Зайсанға келіп қызмет етуші еді. Өкінішке қарай, «ол дәстүр қазір үзіліп қалды» деп отырсыз, мұның себебі не деп ойлайсыз?
– Ең бастысы – жас мамандарға деген жергілікті биліктің қамқорлығы жоғалды. Мысалы, мен оқу бітіріп келе салысымен аудандық ауруханадан жұмыспен қатар тұратын үй де берді. Одан бөлек, «ауданға қай салаға, қандай маман қажет?» міне, осының барлығы алдын ала қарастырылып, ақылдасып, сол оқу орнына жолдама беріп болашақ жас мамандарды даярлайтын. Қазір ол жоқ.
– Дәрігерлерге емделушілер тарапынан көрсетіліп жататын сый-сияпатқа қалай қарайсыз, жалпы, сыйлық беру параға жата ма?
– Біздің кезімізде дәрігердің шипасы мен мейірімін көрген жандар араға уақыт сап, бір шоқ гүлі мен бір табақ етін пісіріп ауруханаға келіп рақметін айтып, ризашылығын білдіретін. Оны сол бөлімшедегі дәрігерлері, медперсоналы бар ас иесімен бір дастарханнан дәм ауыз тиіп тарқасып жататын. Қазір заман өзгерді. Жұрт не нәрсеге болмасын нарықтық көзқараспен қарап, не нәрсені болмасын ақшамен өлшейтін болды. Дәрігерлердің алатын айлықтары аз, не ішкенге, не киінгенге жетпеді. Дәрігер де адам баласы. Оған да ақша керек. Оның да бала-шағасы, үйі бар. Ол да ел жеген дәмді тағамды жеп, сәнді киімді кигісі келеді. Оның сыртында «кредит» деген пәле пайда болды. Балалардың оқуы, құрал-жабдық, киім-кешегі бар дегендей… Сондықтан елдің бергенін амалсыз алуға мәжбүр болады. Алмайын десе, жетпейді. Бір алады, екі рет, үш рет алады. Ақыры бұл әдетке айналып, алмаса тұра алмайтын, бермесе өкпелейтін жағдайға жетеді. Ал бұл тек медицина ғана емес, кез келген салаға қатысты. Осыған біздің билік бақандай 30 жыл жол берді. Билік қоғамның кедейшілікпен күн кешіп жатқанын, тапқаны тапқанына жетпейтіндігін көріп-біліп отырды. Бірақ сол дәрігерлердің немесе мұғалімдер мен өзге саладағылардың жалақысын көтеріп, жағдайын жасамады.
Байқасаңыз, Қ.Тоқаев Президент болғалы осы мәселелер жыл өткен сайын шешімін тауып келеді. Қазір дәрігерлер де, ұстаздар мен полицейлер де еліміздегі ең жоғары айлық алатындар қатарында.
Қоғамдағы жетіспеушілікті, келеңсіздікті қарапайым халық дер кезінде айтудайын айтады. Парламент үйінің алдына барады, көшеге шығып митинг ұйымдастырады, баспасөз беттеріне жариялайды. Бірақ билік жоғарыдағысы болсын, жергіліктісі болмасын, естімеген түр көрсетіп, селт етпейді. Бізде, елдің айтып жатқан мәселесі шешілуі үшін міндетті түрде елді дүр сілкінтетін бір ЧП болуы керек. Сол кезде барып қозғала бастайды.
Бұған бір емес, мың мысал келтіруге болады. Айталық, өткен жылы Алматыда Джунов деген біреу «Сот шешімімен үйін тәркілейміз!» деп келген бес бірдей сот орындаушысын тапа тал түсте, өз үйінің ауласында атты да тастады.
Осы кезде барып заң орындағылар: «Қап, мынау дұрыс емес екен. Сот орындаушылардың құзырындағы талап-тілектерді жұмсарту керек екен» деп шыр-пыры шықты. Еліміздегі көпбалалы аналардың да жағдайлары мәз емес. Олар да жағдайларын айтып зар еңіреп кімге шағынып, қайда бармады? Ақыры астанада әке-шешесі түнгі жұмысқа кетіп, қараусыз қалған бес сәби тірідей өртеніп кеткен жоқ па?!
Міне, осындай және басқа да қоғамдағы шетін мәселелерге назар аударып, дер кезінде алдын алып отыруға болады ғой. Бұл – қоғамның дерті. Гиппократ антында: «Егер дәрігер науқасты көре тұра жәрдемдеспесе, ол – қылмыс» делінген. Сондықтан қоғамның асқынған дертін көріп, біле отыра көмек қолын созбаса, онда бұл әрекетте қылмысқа пара пар.
– Әңгімеңізге рақмет, еңбегіңіз елене берсін!
Сұхбаттасқан – Серік ҚҰСАНБАЕВ