Қоғам

Жас құтқарушылар марапатталды

Балалар жылы аясында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары «Жас құтқарушы» орталығының оқытушыларымен бірлесіп, оқушылар арасында ерекше жарыс ұйымдастырды.

Департаменттің спорт кешені базасында балалар құтқару көпсайысынан жарысты. Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбековтің айтуынша, аталған шара төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Жазғы демалыс жақындап келеді, сондықтан балаларды қауіпсіз жазғы демалысқа дайындаудың маңызы зор.

Сайыс басталар алдында департаменттің басшылық құрамы мен білім бөлімінің өкілдері балаларға сәттілік тіледі. Ал шығармашылық өнерін ортаға салған «MMDance» би студиясы ансамблінің балалары қатысушыларға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Жарыста 13 команда, жалпы білім беретін мектептердің 7-сынып оқушыларынан құралған барлығы 160 қатысушы сайысқа түсті. Әр сыныптың жетекшісі, алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру пәнінің мұғалімдері мен ата-аналар балаларға қолдау білдіріп отырды.

Алдымен жас құтқарушылар альпинизм элементтері бар жарысқа түсіп, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сынақ тапсырды. Содан кейін командалар өрт сөндіру-құтқару эстафетасының кезеңдерінен өтті. Мұнда жас құтқарушылар жеделдік, іс-қимылдардың дұрыстығы мен зардап шегушіні тасымалдау, медициналық дайындықтағы дағдыларын көрсетті.

Сайыс барысында жас спортшылар төтенше жағдайларды еңсеруге дайын екендіктерін дәлелдеді.

Кезеңдерді өту сапасы мен дұрыстығын Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен «Жас құтқарушы» орталығының оқытушыларынан құралған кәсіби мамандар бағалады.

Тартысты өткен құтқару көпсайысының нәтижесінде жүлделі 1-орынды №29 мектеп,  2-орынды №16 мектеп, ал 3-орынды №26 мектептің командасы жеңіп алды. Жеңімпаз командалар сайыстағы жоғары көрсеткіштері үшін арнайы сертификаттармен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Осы айдарда

Back to top button