Қоғам

Көкентау үңгірлерінің құпиясы

Шығыстың байтақ даласы ежелгі ескерткіштерге бай. Семей қаласынан 90 шақырым жерде оннан астам ерте ғасырлық жазбаларды қамтитын «Көкентау» атты үңгірлер кешені бар. Ежелгі қорымдар мен байырғы шеберханалардың жұрнағы бар археологиялық кешенді 2021 жылдың күзінде «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының мүшелері зерттеп қайтты.

Бұл тарихи орын адамдардың көп болмауына байланысты қазіргі уақытқа дейін жақсы сақталған. Археологиялық кешен неолит дәуірінен ерте орта ғасырға дейінгі аралықты қамтиды. Сонымен қатар өлкетанушылар келесі бір зерттеуге барғанда кішігірім жаңалықтарға қол жеткізді.

– Көкентау ауылына біз әдеттегі жолмен тура тартпадық, Қызыл киіз үй қыстағы арқылы бардық. Жол бойы жан-жағына шолу жасау үшін екінші жағынан шығып одан ары тереңдей түстік. Бағытымыз дұрыс болып шықты. Жолдан өтіп келе жатып біз алыстан тау етегіндегі ерекше төбешіктерді байқадық. Дүрбі арқылы қабырғасы мен шатыры жоқ небір қызықты ғимараттарды тамашаладық. Жақын келіп, мазарлардың тұтас қорым кешенін көрдік, кешен байырғы қалпын сақтап қалған, – деді өлкетанушы Екатерина Гуляева.

Өлкетанушының айтуынша, мазарлардың саны төртеу. Ал оның айналасында  кеңінен таралған ежелгі, қола дәуірі мен ерте орта ғасырға жататын қорымдар бар.

Өкінішке қарай, ескерткіштердің ешқайсысы толық сақталмаған. Уақыт өте келе тозған. Шикі кірпіштер қатал қыстың және жаздағы нөсер жауынның сынағына төтеп бере алмаған.

Әр мазарда саман «киіз үйінің» жартысы ғана сақталған. XVIII ғасырдың ортасында мазарлар дәл осындай үлгіде болғаны белгілі. Алайда бұл қорымда кімдер жатқаны белгісіз. Бәлкім, балшық шатырдың дәл ортасына орнатылған құлпытастардың астында жоңғар шапқыншылығында елін, жерін қорғай білген қазақ батырларының денесі жатқан шығар?!

Бұл мазарлар шикі кірпіштен тұрғызылған және балшықпен сыланған. Шатырлар құрылымы бойынша киіз үйге ұқсайтын күмбезді ғимарат. Тарихи мерзімі XVIII ғасырдың екінші жартысына тән. Алайда бұл үлгі Шығыс Қазақстанға Оңтүстік өңірлерден және Орталық Қазақстаннан келген болуы мүмкін. Себебі осындай мазарлар Ұлы даламызға ислам діні келгеннен бері XIV-XV ғасырлардан бастап салына бастаған.

Айта кету керек, Көкентау тауына «Прииртышье» өлкетанушыларының бұл алғашқы сапары емес. Бұл жерге олар жиі келіп, түрлі зерттеулер жүргізіп келеді. Алғашқы зерттеу 2012 жылы басталған. Көкентау тау массивтерінде Семей педагогикалық институтының биолог-студенттерінің тобы тәжірибеден өткен болатын. Олардың арасында өлкетанушы Валерий Колбиннің ұлы да болды. Ол жас студенттермен табылған ерекше суреттерді, кішкентай балалардың шимайы сияқты салынған суреттерді ұялы телефонына түсіріп алған. Бұл суреттер мыңдаған жыл бұрын осы жерде тұрған біздің бабаларымыздан бізге мұра ретінде қалған ақпаратты ақиқат болып табылады. Кейінірек бұл фотосуреттер өлкетанушыларға ұсынылып, соның нәтижесінде бірнеше экспедиция ұйымдастырылды. Ақыры зерттеушілер сол суреттер салынған үңгірді тапты. Археологтар тастағы суреттердің охрамен салынғанын зерттеген.

Бұл аумақтан осындай суретті жазбалар көп кездескен. Сонымен қатар  кейінгі экспедицияларда жазу жазылған жаңа үңгірлер табылған. Әрине, табылған барлық олжалар фотосуретке түсіріліп, олардың координаттары мұқият жазылып, картаға түсірілген. Көкентау тастарындағы суреттердің жасы біздің заманымызға дейінгі 3-2 мыңжылдықтар деп белгіленіп, олардың жасы шамамен 5 мың жыл деп болжанған!

Көкентау үңгірлерін алғашқылардың бірі болып «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының мүшесі Александр  Долгушев зерттеді.

Өлкетанушылар тапқан жазбалардың мотивтері мен сюжеттері туралы Павел Жуков:  – Біздің бірінші экспедиция шыққан нүкте, бұл бірінші үңгір, тар шатқал болып табылады, ал оның маңайына охрамен суретті жазулар жазылған. Суреттерді зерттеген өлкетанушылар оны пұтқа табынушылардың храмы деген шешімге келді. Бұл шешімге келуге  жартастағы суреттердің бірі себеп болы. Бұл  – адам денелі күнбасты құдайдың бейнесі. Оның басының орнына крестпен шеңбер бейнеленген. Ол – Күннің символы. Бұл сол уақытта осында тұрған адамдардың отқа және Күнге табынғанының айқын көрінісі, – дейді.

Ең қызығы, ежелгі картина галереясындағы кейбір сюжеттер Семей өңірінде ешқашан кездеспеген. Ертіс бойындағы ескерткіштер туралы айтатын болсақ, осыған ұқсас бейнелер Өскеменге жақын жердегі ежелгі Ақбауырда бейнеленген.  Жақында Павлодар маңында жаңа археологиялық кешен табылды, ол жерде де осы мотивке ұқсас жазбалар кездеседі. Көкентаудағы сурет салу техникасы шеберлігімен ерекшеленеді. Суретші саусағын охраға матырып, тасқа өз бейнесін салғанға ұқсайды. Өлкетанушылар Көкентауға барғанда саусақпен сурет салып, эксперимент жасаған. Нәтижесінде сызықтардың қалыңдығы сәйкес келген.

Тоғызқұмалақ тақтайшасы және тас үстел

Қызықты суреттердің арасында – архарлар бар. Олардың жанында үшбасты тау бейнеленген. Суретші дәл осы жерде тау ешкілерін аулаудың тиімді екенін көрсеткісі келген көрінеді. Айтпақшы, ежелгі петроглифтер галереясы табылған  маңда шынымен  де үш басты тау  бар екен. Ол тау Үшайыр деп аталады екен. Бұл суреттерді осы жерлердің алғашқы жоспары (картасы) деп атауға болады. Ал оның қасынан тағы бір қызық суретті кездестірдік: хаттарға арналған конвертті еске түсіретін сурет. Александр Долгушевтің ойынша, дәнді дақылдар өсірген алқапты осылай салуға болады. Бейнелерге сүйенсек, мұндағы қоныстанушылар жер игерумен айналысқан көрінеді. Өлкетанушылар қоғамының мүшесі, белгілер мен топонимдерге маманданған Хаджи-Мурат Илиуф осындай суреттер сібір шамандарының бубандарында кездесетінін айтқан.

Келесі бір кездескен сурет – бұлан. Оның бұлан екенін басында мүйіздің болмауынан тануға болады. Сонымен қатар аңшылықтың және жануарлардың бірнеше сценалары бейнеленген.

– Біз үңгірлердің бірінен қызықты бір жайтты байқадық. Охрамен салынған суретті жаңбырдың және қардың суы жуып кеткен. Алайда кейінірек байқағанымызда оны біреу тас құралдары арқылы шеттерін сызып жаңартып кеткен екен, – дейді Екатерина Гуляева.

«Прииртышье» өлкетанушыларының еңбектері зая кеткен жоқ. Олар ашқан жаңалықтар археологтар тарапынан қызығушылық тудырды. Өткен жылы жазда Көкентауда археологиялық экспедиция жұмыс істеді. Олар жазбалар бейнеленген үңгірлерді зерттеп, жақын жерде орналасқан үлкен мекенде қазба жұмыстарын ұйымдастырды.

Жартастағы суреттердің тағы бір түрін археологтар тапты. Ол – тасқа ойылып жасалған петроглифтер. Ежелгі суретшілер оларды бейтаныс көзден өте мұқият жасырған. Көкентау жотасына тән тасты төбелердің бірінің ең басына орналастырған. Тек үш қана сурет болды – архар, жылқы және тор. Бұл өріс кескінінің нұсқаларының бірі болуы мүмкін. Бірақ басқа нұсқасы да бар, тоғызқұмалақ ойыны туралы, онда да осындай, торлы  тақтайша пайдаланылады.

Айта кету керек, тастағы суреттері бар үңгірлер – Көкентауда өлкетанушылар тапқан археологиялық кешеннің тек жартысы ғана. Тау шыңдары жасырған кішігірім жазықта бейтаныс көздерден тасаланған үлкен мекен бар. Адамдардың бұл жерде жоғарғы палеолиттен (30-40 мың жыл бұрын) ерте орта ғасырда тұрған болуы мүмкін. Бастапқы зерттеу жүргізу барысында бұл мекеннен қабырғаларының биіктігі үш метрге жететін тастан жасалған тұрғын үйлердің орындары табылған. Олардың кейбірінің маңайынан тас құралдар, сондай-ақ ежелгі шеберлер үшін үстелше ретінде пайдаланған үлкен тастар табылған. Ал тас құралдар шақпақ тастан жасалған. Шақпақ тастан жасалған құралдардың тағы бір жартысы жазықта ағып жатқан бұлақ басынан табылған.

Сонымен қатар Андронов мәдениетіне жататын шақпақ тастар, суреттер де кездескен. Барлық ашылған фактілерді біріктіре отырып және табылған олжаларды талдай келе, өлкетанушылар елді мекенде ірі сауда-қолөнер орталығы болған деген тұжырым жасады.

Бұл қорытынды археологиялық қазба жұмысының нәтижесінде дәлелденді. Археологиялық аумақты прото-қала деп атауға болады. Сонымен қатар археологтар керамикадан және темірден бұйымдар жасаған ежелгі шеберхананың қалдықтарын тапты.

Егер бұл жерде ұзақ жылдар бойы адамдар тұрса, яғни жақын жерде қорымдар болуы тиіс. Ежелгі қорымдар да кездескен. Олардың көлеміне қарағанда, бұл жерде прото-қаланың бірнеше буыны болған. Ең кейінгі қорымдарға тас мүсіндер орнатылған. Бұл ерте орта ғасырдағы түркі дәуіріне тән. Олардың кейбірі құлаған, ал қалғандары мың жыл бұрын орнатылған орындарында тұр.

Тас мүсіндердің кейбіреуі өте жақсы сақталған. Одан адам бейнесін көруге болады. Осындай мүсіндердің бірін Павел Жуковтың зайыбы Элеонора Крутько тапқан.

Ал «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының мүшесі Наталья Рыкова Көкентауға тағы бір барғанында балбал тастарды және құрылыс блоктарын жасауға арналған тас өндіру орнын тапты.

Өлкетанушы Марат Сасанов мекеннен және тастағы суреттері бар үңгірлерден алыс емес жерден биіктігі 1,5 метр, салмағы 5-6 тонна болатын ірі гранит блоктарының жұмбақ құрылымын ашты. Биіктігі бір метрге жететін үлкен гранит блоктарынан тұратын үш қабатты қоршаумен қоршалған, тастар еркін қозғалатындай етіп орналастырылған. Бұл кешеннің оңтүстік-солтүстік бағдары екені анықталды. Бұның қандай құрылым екені әлі белгісіз. Мүмкін, бұл ерекше ғұрыптық орын, ғибадатхана және храм. Тағы бір нұсқа – ежелгі астрономиялық кешен. Міне, әр өлкетанушының Көкентаумен байланысты өзіндік ерекше деректері, болжамдары, зерттеулері бар.

Шығыстың байтақ даласы көптеген құпиялар мен таңғажайып оқиғаларға толы. Бүгін біз солардың біреуін ғана тілге тиек, қаламға арқау еттік. Көкентау үңгірлерінің құпияларын аяғына дейін ашу үшін археологиялық экспедициялар әлі де жасалуы керек. Ең бастысы, осы ескерткіштерді қорғау үшін мемлекеттік күзет қажет. Көкентау жазбалары жақында біздің өңірдің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қатарына кіретіні айтылды. Игілікті бастама іске асса, олар енді мемлекеттің қорғауында болмақ. Мемлекеттің қамқорлығына жазбалар ғана емес, сонымен қатар сол заманда өмір сүріп, еңбек еткен адамдардан біздің заманымызға естелік ретінде жеткен ескерткіштердің үлкен кешені де кіреді деген сенімдеміз.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button