МАЗАНЫ КЕТІРГЕН МАСА

Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Күршім ауданындағы Қалжыр, Боран ауылдарының үлкені де, кішісі де былтырғы жазды масамен арпалысып өткізді. Сағынтып жеткен жазда асыр салып далада ойнайтын балалар қалың масаға таланып, үйден шыға алмай қалды. Екі жыл бойы елдің мазасын кетірген қарақұрым маса биыл да қаптай ма? Қаз, үйректі ұшырып түсіріп, малға да, адамға да маза бермей шағып жатқан жәндіктің кесірінен тіпті шөбін де шаба алмай пұшайман күйге түскен ауыл тұрғындары осыны ойлап қамығуда.
БІЗДЕ БЕЗГЕК ТАСЫМАЛДАУШЫЛАР БАР
Қансорғыштан қорғанбақ болған ауыл тұрғындары түтін салып, аэрозольдар, спрейлер шашып, түрлі жақпаларды жағып, барлық амалдарды жасап жатқанымен қаптаған жәндік оларды бұйым құрлы көрмеуде. Соған қарамастан қос өзеннің маңындағы қалың бұқара сатып алып жатқан бұл тауарлардың бәрі Күршім жақтағы ең «дефицит» тауарға айналғаны қашан. Жұрттың іздеп жүріп сатып алатын масаға қарсы құралының бірі қытайлық спираль «май шам» болды. Былтыр Боран ауылында токқа қосылатын маса өлтіретін сол сасық «май шамның» кесірінен абайсызда ауыл тұрғыны өртеніп, мерт болды. Қарақұрым маса халықты талап, неше түрлі аллергиялық аурулар тудырып, адамды қойып, малдың жанын көзіне көрсетуде.
Ол – ол ма, облыс өңірлері аса қауіпті безгек, малярия ауруының туу қаупі жағынан орташа дәрежедегі қауіпті аймаққа жатады. Соңғы рет өңірде безгек жұқтырған науқас 1964 тіркелген. 2011 жылы бұл ауру Семей қаласында тіркелген. Ауру Пәкістаннан келген адамнан табылған.
Бибигүл Батырханова, «Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы» ЖШС-нің бас маманы:
– Күршім ауданының Боран, Қалжыр ауылдық округтеріне қарасты елді мекендердегі шалшықты жерлерге биыл бесінші жыл қатарынан дезинсекция жұмыстарын біздің Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы жүргізіп жатыр. Залалсыздандыру жұмыстарын конкурсқа қатысып, жеңімпаз ретінде алдын ала жасалған келісімшарт бойынша атқарып отырмыз. Биылғы залалсыздандыру жұмыстарына Күршім ауданы бюджетінен 18 млн. 750 мың теңге бөлінген.
Шығыс Қазақстан облысының аумағы, климаттық жағдайы анофелогенді су қоймалары мен безгек қоздырғыштарын тасымалдаушы сары масалардың болуына байланысты ерекшеленеді. Безгек Anopheles масалары арқылы таралады. Осы безгек ауруы таралмауы үшін жылма-жыл масаларға қарсы күрес сәуір айында басталуы керек.
Биыл залалсыздандыру жылдағыдан 20 күнге ерте басталды, яғни 2022 жылдың 5 мамырынан бастап 31 мамырға дейін сазды, батпақты жерлерге дезинсекциялау жүргіздік. Комиссия мүшелері қол қойып, акт жасалды. Бұл бірінші кезең, ал екінші кезеңді масаның көбейген кезі, яғни, 10-15 маусым кезінде бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Маса жылдағыға қарағанда азайды. Бірақ масаны мүлдем құрту мүмкіндігі жоқ. Сазды жерлерге, не техника, не адам бара алмайтын жерлерде масаның жұмыртқалары қалады. Сол жұмыртқалардан, дернәсілдерден маса пайда болады.
Масалардың саз батпақты жерде кездесетін жұмыртқаларын дезинсекция жасау арқылы жою керек, сонда ғана масалар саны азаяды. Олай дейтініміз, барлық батпақты саз жерлерді дезинсекциялау мүмкіндігі болмайды. Өзеннің жағалауларына және көлік жүре алатын батпаққа батпайтын жерлердің бәріне дерлік дезинсекция жүргізу қажет.
ДЕЛЬТАПЛАНҒА ДА ДЕС БЕРМЕГЕН
Эпидемиологтар мен биологтар Ертістің Зайсан көліне құяр сағасындағы елді мекендер, соның ішінде Боран, Қалжыр масаның табиғи ошағы екенін, cондықтан бұл жердегі масаларды жаппай құрту мүмкін еместігін айтады. Көктемде тасыған Қалжыр, Ертіс өзендері жан-жаққа жайылып, жазда су қайтқанда ол жерлерде ұсақ-ұсақ көлшіктер қалып, масаға қолайлы орын, қансорғыштардың ошағы пайда болады. Ол шалшықтарды, көлшіктерді құрғатып, топырақ толтырып тастаса ғана жәндіктердің көбейіп жатқан ордасы жойылмақ. Міне, масаның шығып жатқан жері осы. Оның үстіне қаншама жылдан бері бұл жердің түрі де, тұрқы да ерекше, ірі масасына қарсы ешқандай улау, алдын алу щаралары жасалмаған көрінеді.
– Ежелден бері бұл маңды жайлаған қансорғыштарды улау жұмыстары 1990 жылдан бастап 30 жылға жуық уақыт бойы жүргізілмеген. Соңғы екі-үш жылда шектен тыс көбейіп кетуі сондықтан болуы мүмкін деседі ауылдың үлкендері, – дейді Қалжыр ауылдық округінің әкімі Қуат Қизатов.
Бүгінгі күні Шеңгелді, Тақыр, Оң жақ Қалжыр, Қалжыр ауылының өзі қарайтын Қалжыр ауылдық округінде 1500-ден астам адам тұрып жатыр. Осыншама ауыл тұрғыны жаз бойы сүтсіз, майсыз отыр. Себебі, масадан есі шыққан ел екі жылдан бері малдарын жаппай жайлауға қоя беретін болған. Жұрт жәндікке таланған үйдегі жан-жануарды осылайша қорғап бағуда екен. Қалжыраған қалжырлықтардың бар тілегі: «Биыл маса азайса екен».
Қаптаған жәндіктерді өлтіруге былтыр көктен де, жерден де бүркіген дәрі-дәрмектің септігі аз болған. Адам жүріп бара алмайтын қамыс-қоғаның ішіндегі масаның ошағына аспаннан дельтапланмен дәрі шашылған. Дельтапланды мекеме Алматыдағы арнайы мамандандырылған компаниямен келісе отырып алдыртқан. Алайда масалардың ызыңы да, щабуылы азаймай, қансорғыштар екі жыл бойы жоғарыдан дәрілеген дельтапланға да дес бермеген. Осыдан кейін былтыр ауыл тұрғындарының амалы құрып, залалсыздандыру жұмыстарының шалағай жүргізіліп жатқанын айтып, миллиондаған ақшаның қайда кетіп жатқанын білмейтіндіктерін, төртінші жыл дезинсекциялау жүргізіп жатқан мекеме жұмысының нәтижесін көре алмай отырғандықтарын айтып, жан -жақтан араша сұраған болатын. Масаны улау жұмыстарын басқа мекеме жүргізсін деген де талап, тілектерін жеткізген.
– Былтыр да, биыл да ауыл белсенділері, ақсақалдар алқасы бірге жүріп қарап отырды. Алғыстарын айтып жатқандар бар. Бірақ бес саусақ бірдей емес дегендей, арасында көңілі толмай жүрген адамдар да кездесіп жатыр. Былтыр авиатехника дұрыс жұмыс жасамады деген соң, биыл өз күшімізбен жұмыс жасап жатырмыз. Масаны толық құрту үшін тек дәрілеу аздық етеді, сазды, батпақты жерді құрғату керек. Осы екі жұмыс қатар жүрсе, оң нәтиже шығады деп ойлаймын, – дейді Зайсан дезинфекциялау станциясының бас маманы Бибигүл Батырханова.
Күршім аудандық ТКШ бөлімінің басшысы Мақсат Акрамовтың айтуынша, халық қалағандай Боран мен Қалжырдағы маса ошағын улауға құлшынып отырған басқа мекеме жоқ көрінеді. Наурыз айында жарияланған тендерлік конкурс қатысушылардың болмауынан өтпей қалған. Ал сәуірде өткен конкурсқа жалғыз Зайсан аудандық дезинфекциялау станциясы ғана түскен екен. Былтыр шілдеде Боран, Қалжыр ауылдарына барған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров әлеуметтік желіде Ертіс өзенінің алабын, Қалжыр бойын зерттеп, маса ошағын жоюға кешенді ғылыми зерттеу қажеттігін, экология, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау министрліктері Қалжыр өңіріне арнайы экспедиция ұйымдастыруы керек екендігін және бұл мәселемен өзі де нақты айналысатынын жазды.
Жаз шықты. Алты ай қыстан жазды аңсап жеткен Боран мен Қалжыр жақтағы елдің жазы биыл тыныш болар ма екен!?