Қазақстан сіздерге аманат!
Тарихымыздың ақтаңдақ беттерінің бірі – елге қайғы мен қасірет, уайым мен мұң әкелген Ұлы Отан соғысы. Бұл зұлматтан етегі жасқа толмаған, көңілін мұң шалмаған, қиындық көрмеген шаңырақ жоқ шығар. Бұл соғысқа Жарма ауданынан 12 мыңнан аса адам қатысып, көпшілігі майдан даласында жер жастаныпты. Олардың көбі өрімдей жас еді.
Қызыл қырғынның ортасынан дін аман келгендердің бірі –Наиль Гашигулұлы Загидуллин еді. Татарстанда өмірге келіп, сол жақтан әскер қатарына шақырылған Наиль аға Ұлы Отан соғысы басталғанда Моңғолияда орналасқан әскери бөлімінен майданға аттанып, соғыс аяқталған соң Қиыр Шығыстағы жапон басқыншыларына тойтарыс берген әскери құрамда болып, аман-есен туған жеріне оралады. Көп өтпей-ақ Қазақстанның Семей облысы, Жарма ауданындағы Балажал кенішіне соғыстан бұрын келіп, еңбек етіп, орнығып қалған ағасын сағалап, қазақ қызына үйленіп, үйлі-баранды болады. Жары екеуі Рамиль, Шамиль атты екі ұл, Тахмина атты қыздың ата-анасы атанады. 54 жыл отасқан жарынан айрылғалы да жиырма жылға тақау уақыт өтіпті. Балажалдан кейін Бөке кенішіне қоныс аударып, ұзақ уақыт сонда тұрады. Кейінгі жылдары Жарма ауданының орталығы Қалбатаудан үй алып, зайыбын сол үйден шығарып, ескі болса да өзіне ыстық сол үйде тұрып жатыр. Бірнеше рет аудан әкімдігі заман талабына сай жаңа үй ұсынғанымен бас тартты. Тұрмыстық жағдайы жақсы. Өзіне арнайы әлеуметтік қызметкер бөлінген. Ол үй тазалығын күнделікті жүргізіп, үй шаруаларына қолғабыс етеді. Балалары да қолына алғысы келеді, бірақ «өз үйім – өлең төсегім» дегендей, талай жыл жарымен тұрған босағадан кеткісі жоқ.
Жарма аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы сыйлықтарын алып ардагерді Жеңістің 77 жылдығымен құттықтап барғанда кенже ұлы Шамиль кіші қызымен Риддер қаласынан келіп отыр екен. Әкесінің Риддерге барғысы келмейтінін айтты. Аудан бойынша қалған жалғыз 96 жастағы ардагерді жармалықтар түгел қадірлеп, кездесулерге шақырып, шаршатып алмайық деп үйіне келіп құттықтауда. Үй толы – сыйлық.
Ардагер өзінің бақытты екенін, үш баласынан 10 немере бес шөбере көргенін, өмірге разы екенін мойындап, жарын ғана сағынатынын жиі-жиі айта берді.
Кітапхана қызметкерлерінің жылы лебізінен кейін «Шабыт» шығармашылық орталығының жас ақыны Жәмилә Кенжебаева «Жеңіс тойын тойлаймыз» атты өлеңін оқып, ақын, әнші Жаннұр Қамысбаева «Ах, Самара, городок» әнін орындады.
Қайтар кезімізде ардагер қайта-қайта «Қазақстан елге, сіздерге аманат, гүлдендіре беріңіздер!», – деп тілек айтып, батасын берді.
Жұмабақыт Рахметов,
ардагер ұстаз
Жарма ауданы.
Қалбатау ауылы