
Халықтың пікірі назарға алынды
Нұрсовет Қайыров, Күршім аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Өздеріңіз білесіздер, Конституция 1995 жылы қабылданды. Осы жылдар аралығында біраз түзетулер орын алды. Өз басым бұл жолғы жағдай ерекше деп санаймын. Ең бастысы, халық дауыс беріп, өз ұстанымын айқындайды. Қазақстан халқы қандай шешім жасаса, алдағы уақытта сол бағыт таңдалып, халықпен ақылдасып енгізіледі.
Конституцияға толықтыру мен өзгерістер азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып енгізіліп отыр. Жалпы Конституцияға толықтырулар жұмыс тобының ұсынысы бойынша енгізілді. Жұмыс тобының құрамында сарапшылар мен ғалымдар болды. Еліміздегі мамандар мен халықтың ұсыныстары ескерілді. Парламенттің жалпы отырысында «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды. Құжатқа бірқатар түзетулер енгізілді. Менің ойымша, Конституцияға өзгерістер жария түрде енгізіліп жатыр, яғни халықтың пікірі назарға алынды. Бұл түзетулер елімізде демократиялық процестерді нығайту мен дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.
Айтқазы Шерубаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өтпек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастама көтеріп, бүкілхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс жасады. Референдум Ата заңымыздағы реформаларға байланысты өткізілмек.
«Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» – деп атап өтті Президент. Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткен. Мемлекет басшысы таяуда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясына қатысқаны белгілі. Соған орай айтарым, қаңтар оқиғасы көрсеткендей, біздің ел үшін татулық пен бейбітшілік – маңызды құндылық. Бұл ретте халықтың ішкі бірлігі, ынтымағы бірінші орында тұруы тиіс. Сонымен қатар Жаңа Қазақстанды құруда, ұлтаралық достықты нығайтуда елдегі, өңірдегі Достық үйлері, ондағы этномәдени бірлестіктер де ұйымшылдықпен ортақ іске бірге жұмылуы қажет деп ойлаймын.
Надежда Шарова, Семей қалалық Достық үйінің директоры:
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға республикалық референдум арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты бейнеүндеу жолдады. «Өздеріңіз білесіздер, мен жақында халыққа Жолдауымда саяси жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын алға тарттым. Қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты талқыланды.
Сарапшылар мен азаматтық белсенділер өз пікірлерін білдірді. Барлық ұсыныстар кең қолдау тапты. Жолдауда айтылған бастамалар саяси жүйемізді түбегейлі өзгертуге бағытталған», – деп атап өтті Президент. Бұл азаматтардың билікке қатысуларын арттыру үшін және саяси процестерді терең демократияландыру туралы көптен бері айтып келе жатқан өтініштерінен туындаған екен. «Оларды тиімді жүзеге асыру үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болды», – деді Мемлекет басшысы бейнеүндеуінде. Яғни, конституциялық реформа қажет. Сондықтан Президент тапсырмасы бойынша Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл өте дұрыс. Оның құрамына белгілі заңгер ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар, уәкілетті органдардың өкілдері кірді. Барлық пікірлерді егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейін түзетулер жобасы Конституциялық Кеңеске жіберілді. Ата заң халық тілегі мен талабынан шығары сөзсіз деп ойлаймын.