23 мың оқушы бірінші сыныпқа барды
Міне, 1 қыркүйек – Білім күні де келіп жетті. Осынау айтулы күні өңіріміздегі 664 мектепте күміс қоңырау сыңғырлап, білім әлеміне шақырды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өткен жылы үздік нәтиже көрсеткен Өскемендегі бірнеше мектепті аралап, оқушылар мен оқытушыларды айтулы күнмен құттықтады.
Биыл облыста 170 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттады. Олардың 23 мыңы алғаш рет әліппемен танысқалы отыр. Бірінші сыныпқа келген балалардың саны өткен жылғы көрсеткіштен 4 пайызға жоғары, сондай-ақ, түлектердің санынан екі есеге көп.
77 түлектің 46-сы грант иегері атанды
Облыс әкімінің орынбасары ең әуелі Өскемендегі №16 мектепке барып, жеткіншегін жетелеген ата-аналармен жүздесіп, оқытушылар мен оқушыларға телегей табыс тіледі.
– Қазіргі алмағайып заманда жаман әдеттер жаһанды жайлап келе жатыр. Сол жамандықтан біздің көрікті қыздарымыз бен бөрікті ұлдарымыз аулақ болуы керек. Мен бұл мектепке арнайы келіп отырмын. Өйткені, бұл мектеп – қалада ғана емес, облыс бойынша нәтижесі алдыңғы орындағы білім ордаларының бірі. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша бірінші орынға шықты. Жаңа келген мектеп директоры сол көрсеткішті ұстап тұруы керек. Осы мектепке қарап басқа мектептер бой түзейтін болсын. Жаңа оқу жылы құтты болсын, ұстаздарға ұлағат, оқушыларға табыс тілеймін, – деді Жақсылық Омар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша №16 мектеп қала мектептерінің арасында үздік атанып, алға шықты. Мектеп бітірген 77 түлектің 46-сы мемлекеттік грантқа ие болған. Оның ішінде екі түлек алтын белгіні, сегіз оқушы «үздік аттестатты» сәтті қорғап шығыпты. Аталмыш оқу орнының тағы бір ерекшелігі – облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша үштілді тереңдетіп оқытып жатқан білім ошақтарының бірі болып саналады. Алғашқы қоңырау сәтінде алға шыққан оқушылар үш тілде тақпақ айтып, өздерінің қалай оқып жатқандарын көрсетті. Мектептегі 1200-ге жуық оқушының 600-і «Мұрагер» бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Математика, қазақ тілдерін тереңдетіп оқыту үшін 12 сынып жұмыс істеуде. Осындай үлгілі оқу ордасын басқарып отырған мектеп директоры Гүлзиқан Сауырбаева өздерінің жетістіктерін айта келіп әріптестері мен оқушыларын жаңа оқу күнімен құттықтады.
– Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Бүгінгі «Мен – Қазақстанның патриотымын» атты тұңғыш білім сабағынан бастап өз елін шын сүйетін, оның гүлденуіне үлес қосатын жас ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздар қауымы күш-жігерін аямайды деп сенемін. Елбасы алға қойған зияткерлік реформасындағы басты мақсат – «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асырып, Отанын шексіз сүйетін, рухы мықты, білімге құштар, Қазақстанның нағыз азаматтары болатын ұрпақты тәрбиелеп шығу болса, бұл мақсатқа жету жолында біздің мектеп те аянып қалмайды, – деді мектеп директоры.
Бұдан кейін жез қоңыраудың сиқырлы үні естіліп, мемлекеттік ту мектеп ауласында желбіреді. Жаз бойы бірін-бірі көрмеген сырлас достар қолтықтасып, қол ұстасып сыныптарына беттеді. Мұғалімдердің жүзінде ауыр міндетті сезінуден пайда болған алаңдаушылық пен оқушыларға деген сүйіспеншілік, оқушылардың жанарында асқақ арман бар. Ал ата-аналардың жүзінен баласына деген үміт пен мектепке деген сағынышты аңғару қиын емес. Ыстық қой, шіркін ана-мектеп!
Керек дерек
Облыстағы 664 мектептің 492-сі орта, 121-і негізгі және 51-і бастауыш сынып оқушыларына арналған. Ал халық аз шоғырланған 382 елді мекендегі мектеп жасындағы 4666 баланың 80 пайызы күнделікті мектепке тасу үшін 175 автобус қарастырылған. 586 бала мектеп жанындағы интернаттарда білім алуда. Ал қалған 282 шәкірт туған- туыстарының үйінде тұрып оқиды.
«IT-мектеп» жобасын іске асырып отыр
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Өскемендегі №25-ші облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейінде өткен алғашқы қоңырау салтанатына да қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын, ата-аналарды облыс басшылығы атынан жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Аймақ басшысының орынбасары Жақсылық Омар өз сөзінде Елбасының жүргізген дана саясаты мен мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл сайын білім саласына бөлінетін қаржының ұлғайып отырғанын, жаңа мектептер мен балабақшалар қатарының артып келе жатқанын атап айтты.
– Биыл ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл. Осынау мерейлі мереке қарсаңында біз білім беру жүйесінің жаңа кезеңіне аяқ басып отырмыз. Сапалы білім алу – жарқын болашақтың кепілі. Біздің облыс – үштілділік секілді қанатқақты жобаны алғаш жүзеге асырып отырған аймақ, – деген Жақсылық Омар бүгінгі мектеп оқушысы мемлекеттік тілмен қатар орыс, ағылшын тілдерін де жетік білуі керек екенін тілге тиек етті.
Жалпы, биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша 23 мың оқушы алғаш мектеп табалдырығын аттап отырса, аталған мектептің бірінші сыныбына 98 бала қабылданыпты.
Алғашқы қоңырау салтанатында мектеп директоры Ирина Трунова да сөз алды.
– Республика бойынша дарынды балаларға арналған көптеген мектептер жұмыс істейді. Солардың бірі – біздің мектеп. Үстіміздегі жыл біздің мектеп үшін ерекше. Өйткені, биыл мектеп-лицейдің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде біз қаншама биіктерді бағындырдық. Мектебіміздің есімі облыс көлеміне ғана емес, республикаға да кеңінен танымал, – деген Ирина Евгеньевна 25 жылдағы жетістіктерді санамалап шығуды да ұмытқан жоқ.
Бір атап айтарлығы, аталған мектептің базасында 2013 жылы облысымызда алғаш рет «IT-сынып» жобасы іске асырыла бастаған болатын. Бүгінгі күні облысымызда ғана емес, республика бойынша робототехника атты жаңа пәнді білім беру жүйесіне енгізіп отырған да осы мектеп. Мектептің дарынды балаларға арналған IT-сыныптарында оқушылар тек робототехника пәнін ғана емес, электроника, мехатроника, компьютерлік модельдеу секілді пән негіздерін де оқып үйренеді.
Міне, алғашқы қоңырау да сыңғыр қақты. Алғашқы қоңырауды соғу құрметіне аталған мектептің 11-сынып оқушысы Данил Скосырев пен мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршін Каролина Нечаева ие болды.
Мұратхан Кенжеханұлы,
Мейрамтай Иманғали