Меморандумға қол қойды
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, кәсіподақтардың (қызметкерлердің) облыстық) және жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған
ОБЛЫСТЫҚ КЕЛІСІМ
Біз, Шығыс Қазақстан облысы атқарушы билік органдарының, кәсіптік одақтардың облыстық аумақтық бірлестіктерінің және жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) өкілетті өкілдері, Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтау негізінде әрекет ете отырып, осы қағидаттарды:
Қазақстан Республикасының заңнамасын мүлтіксіз сақтау;
мемлекеттің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара құрмет, сенім және олардың мүдделерін ымыраға келтіруге барынша қол жеткізу;
әлеуметтік әріптестік, оның ішінде еңбек қатынастарын және еңбек қатынастарымен тікелей байланысты өзге де қатынастарды, сондай-ақ тең құқықты ынтымақтастыққа негізделген әлеуметтік-экономикалық қатынастарды ұжымдық-шарттық реттеуді жүзеге асыру;
жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің лайықты еңбек жағдайларын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету, қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін сындарлы өзара әрекет қағидаттарын тани отырып,
2021- 2023 жылдарға жасалған Бас келісімді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің, «Кәсіптік одақтар туралы» Заңының және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінің негізінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, облыстық кәсіподақтар (қызметкерлер) бірлестіктері мен жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасында 2021-2023 жылдарға арналған, әлеуметтік-еңбек қатынастарын және олармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің негізгі бағыттары бойынша тараптардың келісілген ұстанымдарын және оны іске асырудың бірлескен іс-қимылдарын айқындайтын осы Облыстық Келісімді (бұдан әрі – Келісім) жасасты.
- Экономикалық саясат
Облыстың тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуына, адам капиталына инвестицияларды ұлғайтуға бағытталған шараларды іске асыру мақсатында, Тараптар Келісімнің қолданылу кезеңі қажет деп санайды:
1.1. Жаңа технологияларды енгізу және игеру, бәсекеге қабілетті өнімдердің ассортиментін кеңейту және шығару, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын іске асыру есебінен, 2023 жылдың соңына қарай облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі кемінде 11% – ға, ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 2021 жылғы деңгейге қарағанда 17% – ға өсуін қамтамасыз ету (әкімдік, жұмыс берушілер).
1.2. Өндірісті ұйымдастырудың жаңа әдістерін, менеджмент жүйелерін, жаңа технологиялар мен техниканы енгізу, жалақыны арттыру есебінен еңбек өнімділігі мен сапасын арттыру (Тараптар).
1.3. Тауарларды өндірушілер мен қызметтерді тұтынушылар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтау қажеттілігіне қарай тарифтік саясатты жүзеге асыру (әкімдік, жұмыс берушілер).
1.4. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметі мен инвестициялық бағдарламалары бойынша қоғамдық сараптаманы жүргізуге ықпал ету (Тараптар).
1.5. Тараптар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бағдарламалық және стратегиялық жоспарларын әзірлеуге қатысады және өз ұсыныстарын әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның (Тараптардың) қарауына шығарады.
1.6. Өндірісті тұрақтандыру, оң қаржылық нәтижелерге қол жеткізу жөніндегі шараларды қолдауға еңбек ұжымдарын жұмылдыру. Еңбек тәртiбiн нығайту, еңбек өнiмдiлiгiн және өнiмнiң сапасын арттыру бойынша еңбек ұжымдарында жұмыстар жүргiзу (кәсiподақтар, жұмыс берушiлер).
1.7. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қалыпты қызметі үшін экономикалық тәуекелдер туындаған кезде, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша меморандумдар жасасу және мониторинг жүргізу бойынша жұмыстар жүргізу (Тараптар).
1.8. Қаржы-экономикалық дағдарыстар салдарымен байланысты шұғыл жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді жаппай босатуға (қызметкерлердің жалпы санынан 10% – дан астам) жол бермеу. Өзара консультациялар негізінде босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша қаржыландыру көздерін айқындай отырып шұғыл іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу (әкімдік, жұмыс берушілер).
*Осы мақсатта ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабының 4-тармағы негізінде табиғи монополиялар субъектілері болып табылатын мемлекеттік, квазимемлекеттік кәсіпорындарға олардың қызмет түрі бойынша өндірілетін және сатылатын жеке және заңды тұлғаларға біржолғы қызметтер көрсету құқығын беру.
Көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен олардың құны облыстық монополияға қарсы органмен келісілсін.
1.9. Құқықтық мәдениетті аттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын (талаптарды) бұлжытпай орындау мақсатында еңбек құқықтық қатынастарын реттеу бойынша әр түрдегі тұрақты консультациялар өткізу (Тараптар).
1.10. Келісімге енгізілген проблемалар, басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша қабылданған шешімдер мен ережелер туралы бір-бірін ресми түрде хабардар ету (Тараптар).
1.11. Департаменттер мен басқармалардың алқалық органдарына, еңбек қатынастары және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты сұрақтарды қарау кезінде, тиісті кәсіподақ органдары мен жұмыс берушілердің өкілдерін қосу (әкімдік).
- Еңбекақы төлеу мен өмір сүру деңгейі
Тараптар еңбекке ақы төлеуді және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруды, өңір халқын әлеуметтік қолдауды күшейтуді қамтамасыз ететін шаралар кешенін іске асыру қажет деп санайды. Осы мақсатта Тараптар:
2.1. Біріңғай жинақтаушы зейнатақы қорына (БЖЗҚ) жалақы және зейнетақы аударымдары бойынша берешекті жоюға барлық күш-жігерді жұмсау (Тараптар).
2.2. Жұмыскерлердің ақшалай кірістерінің сатып алу қабілетін қолдау мақсатында жұмыс беруші жыл сайын бірінші тоқсаннан кешіктірмей жалақыны Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы өткен жылға анықтаған инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде индекстейді. 2023 жылдың аяғына қарай 2020 жылға қарағанда экономиканың нақты секторында жалақының кемінде 30% сәйкесінше өсуін қамтамасыз ету. Осы мәселені жыл сайын қарастыру (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
2.3. Ай сайын, жұмыскерлерге жалақы төленуіне қарай, олардың жазбаша өтініші негізінде кәсіподақ комитеттерінің есеп айырысу шоттарына бухгалтерия арқылы мүшелік кәсіподақ жарналарын аудару (жұмыс берушілер).
2.4. Өндірістік және бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбек демалысына ақы төлеу ҚР Еңбек кодексінің 92-бабының 4-тармағына сәйкес, толық көлемде жүргізілсін (әкімдік, жұмыс берушілер).
2.5. Ұжымдық шарттар мен келісімдерге сәйкес, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшыларға заңға сай қосымша жеңілдіктер мен өтемақылар беру (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
2.6. Мемлекеттік ұйымдардағы және мемлекеттің қатысуы бар кәсіпорындардағы әр түрлі санаттағы жұмысшылардың, оның ішінде әкімшілік-басқарушы персоналдың жалақысын саралау және ашықтық мәселелерін қарастыру, жұмысшылардың әр түрлі санаттарының, оның ішінде экономиканың мемлекеттік емес секторы жалақысы туралы ақпараттарды жариялау тәжірибесінің таралуына ықпал ету (Тараптар).
2.7. Ұжымдық шарттарда, келісімдерде, ұйымдардың жергілікті ережелерінде еңбекақы төлеу жүйесін құру кезінде және еңбек нормаларын белгілеу жүйесін анықтағанда, жұмыс берушілер жұмыскерлер өкілдерінің (жұмыс берушілердің) пікірін ескеруі керек.
2.8. Жалақыны, әлеуметтік, зейнетақы жарналарын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) уақытылы төлеуге мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту (әкімдік, кәсіподақтар).
2.9. Ұйымның, жұмыс берушінің экономикалық дәрменсіздігі (банкроттығы) жағдайында жұмыскерлердің материалдық құқықтарын қорғау шаралары бойынша тараптардың консультациялар өткізуі (Тараптар).
2.10. Барлық санаттағы жұмысшыларға, біліктілігі жоқ еңбек қызметкерлерін қоса алғанда, оның ішінде мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың штатында жұмыс істейтін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқығында жұмыс істейтін жұмысшыларға жыл сайынғы еңбек демалысы үшін сауықтыруға арналған жәрдемақы төленсін (әкімдік, жұмыс берушілер).
2.11. Келісімдер мен ұжымдық шарттарды қайта қарау (жасасу), оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу кезінде жұмыскерлердің жалақысының, әлеуметтік төлемдері мен кепілдіктерінің деңгейі келісімдер мен ұжымдық шарттарды қайта қарау (жасасу) кезінде болған деңгеймен салыстырғанда төмендетілмеуі керек (Тараптар).
2.12. Бос тұрып қалу жағдайында ақы төлеу мөлшері еңбек, ұжымдық шарттарда:
– жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша, орташа жалақысының кемінде елу пайызы мөлшерінде;
– жұмыс берушінің кінәсінен – жұмыскердің орташа жалақысының жетпіс бес пайызынан кем емес мөлшерде айқындалады және белгіленеді (жұмыс берушілер).
2.13. Жұмыс беруші үстеме жұмыс үшін (еңбекке уақытына қарай ақы төлеу кезінде), мереке және демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеуді жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде екі еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі. Еңбекке кесімді ақы төлеу кезінде жұмыс беруші үстеме уақыттағы жұмыс үшін жұмыскердің белгіленген күндік (сағаттық) мөлшерлемесінің жүз пайызынан төмен емес мөлшерде қосымша ақы төлейді (жұмыс берушілер).
2.14. Шетелдік және отандық жұмысшылар арасындағы ұқсас және бірдей біліктілікке сәйкес жұмыстарды орындау кезінде еңбекақы төлеу саласындағы кемсітушілікті болдырмауға ықпал ету.
2.15. Еңбекке ақы төлеудің дәстүрлі емес түрлеріне /заттай төлем/ жол бермеу (жұмыс берушілер).
III. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға және адами капиталды
дамытуға ықпал ету
Тараптар жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек ресурстарын сақтау және дамыту бойынша күш-жігерді біріктіру мақсатында, еңбек нарығының тиімді жұмысын қамтамасыз ету, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру қажеттілігін мойындай отырып, міндеттенеді:
3.1. Жұмыс орындарының сақталуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес, жұмыссыздарды қоса алғанда, кәсіптік даярлау мен қайта даярлаудың сапасын арттыруға ықпал ету (әкімдік, жұмыс берушілер).
3.2. Мамандықтар тұрғысынан жыл сайын кадрлар бойынша облыстық экономиканың болжамды қажеттілігін анықтау. Мамандықтарға болжалды қажеттілік негізінде, жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру (әкімдік, жұмыс берушілер).
3.2.1. Кәсіпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға еңбек шарттарын электрондық форматқа біртіндеп ауыстыруға көмек көрсету (Тараптар).
3.3. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жыл сайын аумақты дамыту шеңберінде жұмыссыздықты төмендету жөніндегі іс-шараларды қарастыратын бағдарламалар әзірлеу (әкімдік).
3.4. Тоқсан сайын БАҚ-та еңбек нарығының жағдайы мен жұмыссыздық туралы мәліметтерді жариялау. Жұмыс берушілер мен облыс тұрғындарын жұмыспен қамту мүмкіндіктері және кәсіптік оқыту туралы үнемі хабардар ету (әкімдік).
3.5. Жұмысшылардың жаппай босатылу қаупі жағдайында (жұмысшылар санының 10% -дан астамы) жұмыспен қамту жөніндегі аумақтық уәкілетті мемлекеттік органға, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға және кәсіподаққа кем дегенде 2 ай бұрын хабарлау. Өзара консультациялар негізінде қаржыландыру көздерін (тараптарын) анықтай отырып, жұмыстан босатылған жұмысшыларды жұмысқа орналастыру бойынша жедел шаралар бағдарламасын әзірлеу (Тараптар).
3.6. Қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, ірі кәсіпорындарда қысқартылған жұмысшыларды қайта даярлау және оларды өз кәсіпорны шеңберінде жұмыспен қамту бойынша жол карталарын әзірлеу (жұмыс берушілер, әкімдік).
3.7. Жұмыскерлердің үздіксіз кәсіби дамуын, кадрларды кәсіби даярлау мен қайта даярлауды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асыру (Тараптар).
3.8 Жұмыс берушілер бос жұмыс орындары болған кезде, ақпараттық деректер банкін құру үшін қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне мамандардың қажеттілігі туралы деректерді ұсыну (жұмыс берушілер, әкімдік).
3.9. Облыстың барлық деңгейдегі оқу орындары (ЖОО, колледждер) кәсіпорындармен және мекемелермен студенттердің тегін өндірістік практикадан өтуі туралы шарттар жасасын (әкімдік, жұмыс берушілер).
3.10. Облыстық, салалық Келісімдерде, ұжымдық шарттарда жұмыскерлерді оқытуға, біліктілігін арттыруға байланысты кепілдіктер мен өтемақы төлемдерін қарастыру (Тараптар).
3.11. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бюджеттік сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін жергілікті бюджеттерден қаражат қарастыру (әкімдік).
3.12. Жұмысшылардың жалақысының құрылымындағы негізгі жалақының (лауазымдық айлықақы, мөлшерлеме) үлесін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізу (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
3.13. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына көтерме жәрдемақы және бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну, олардың жұмыспен қамтылуын бақылау және олардың орналасуына ықпал ету. Мамандардың аса жетіспеушілігі сезілетін жерлерде, жас мамандарға, сондай-ақ жоғары білікті мамандарға тұрғын үй беру (әкімдік).
3.14. Ұлттық еңбек нарығын қорғау бөлігінде халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, жоғары білікті жұмыс күшін тарту үшін жағдайлар жасау (әкімдік, жұмыс берушілер).
3.15. Тең жағдайларда қазақстандық мамандарға артықшылық беру және шетелдік мамандарды қазақстандық мамандармен біртіндеп ауыстыру бойынша шаралар қабылдау (Тараптар).
3.16. Аз қамтылған отбасылардың қатарындағы жастарды ЖОО-ға оқуға жіберу, кейіннен оларды ауылдық жерлерде жұмысқа орналастыру үшін облыстық бюджеттен қаражат көзделсін (әкімдік).
3.17. Халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған әлеуметтік жұмыс орындарын және мүгедектерге арналған арнайы жұмыс орындарын (әкімдік, жұмыс берушілер) құру жөніндегі жұмысты жалғастыру.
3.18. Жұмыстан босатылатын қызметкерлерге еңбек шартын бұзу мерзімі келгенге дейін, жаңа кәсіптерге қайта оқыту мүмкіндігін беру, мұндай жағдай болмағанда, жұмыстан босату алдындағы бір ай мерзім аралығында жұмыс іздеу мүмкіндігін беру, жұмыс іздеу жағдайлары мен уақытын ұжымдық шарттарда қарастыру (әкімдік, жұмыс берушілер).
3.19. Кәсіподақ мүшелеріне жұмыспен қамту, жұмысқа орналастыру, еңбекақы төлеу мәселелері бойынша тегін кеңестер мен құқықтық көмек көрсету. Келісім комиссиялары мен соттарда олардың мүдделеріне өкіл болу (кәсіподақтар).
3.20. Кәсіподақ мүшесі болып табылатын қызметкерді Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағы 2), 3) тармақшалары және 58-баптың 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан босату, кәсіподақ органының келісімімен ғана жүргізілсін (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
3.21. Зейнеткерлік жасқа таяған адамдар (тараптар) үшін жұмыс орындарының сақталуы туралы шарттарды салалық және аймақтық Келісімдерге, ұжымдық шарттарға қосуды ұсыну (Тараптар).
- Қауіпсіздік, еңбекті қорғау және еңбек гигиенасы
Келісім Тараптары адам ресурстарын үнемдеуді басты басымдықтардың бірі деп есептей отырып, еңбек жағдайларын, гигиенасын және еңбекті қорғауды, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті жақсарту мәселелерін қарай отырып, мыналарға міндеттенеді:
4.1. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 201 және 202 бабтарына сәйкес, өндірістік ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз ету. Саны 50-ден астам жұмыскер болған кезде жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қызметті құрады, 50-ге дейін жұмыскер болғанда, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман лауазымын енгізеді (жұмыс берушілер).
4.2. Кәсіптік аурулардың профилактикасы, оларды ерте анықтау және күнделікті өндірістік практикаға кәсіптік қатерлерді басқару тетіктерін енгізуді қоса алғанда, жұмыскерлердің өмірін және денсаулығын сақтау жөніндегі алдын алу іс-шараларының кешенін әзірлеу және іске асыру. Жаппай еңбекті қорғауды басқару жүйесі (ЕҚБЖ) халықаралық стандарттарын енгізу (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
4.3. Нормативтік құқықтық актілердің белгіленген талаптарына, сондай-ақ салалық келісімдерге, ұжымдық шарттарға сәйкес, жұмыскерлер үшін жасалған еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік жағдайын бақылаушы мемлекеттік органдармен бірлескен тексерулер тәжірибесін кеңінен пайдалану (Тараптар).
4.4. Еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғау жай-күйінің мониторингі жүйесін дамыту (Тараптар).
4.5. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырыстарында әлеуметтік-еңбек қатынастары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайы, өндірістік жарақаттану, кәсіптік ауру мәселелері қаралсын. Талқылау нәтижелері бойынша әзірленген ұсыныстарды қарау және іс жүзінде орындау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберуге (Тараптар).
4.6. Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелерінің маңыздылығы туралы қоғамдық пікірді қалыптастыру бойынша бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатта жыл сайын 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша облыстық байқау – конкурс өткізіліп, қорытындысын шығаруға (Тараптар).
4.7. Еңбекті қорғау талаптарын сақтауға, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алуға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды қамтамасыз ету мақсатында, жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша Өндірістік кеңесті құруға міндетті (жұмыс берушілер).
4.8. Өнеркәсіп кәсіпорындарында еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектордың функцияларын орындайтын жұмыскерлерге ынталандыру және көтермелеу мақсатында келісімде, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалатын мөлшерде, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында жыл сайын бекітілетін ең төмен айлық жалақыдан кем емес мөлшерде, ай сайын қосымша ақы төленсін (жұмыс берушілер).
4.9. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен мамандандырылған ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша техникалық инспекторларды оқытуды жүргізу (жұмыс берушілер).
4.10. Жұмыс беруші зиянды, қауіпті және қолайсыз өндірістік факторлардың әсеріне ұшыраған жұмыскерлерді денсаулық сақтау органдары белгілеген тәртіппен міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексеруді өз қаражаты есебінен жүргізеді (жұмыс берушілер).
4.11. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен мерзімді міндетті медициналық тексеруден өту уақытында қызметкерлердің жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады. Демалыс күндері медициналық тексеруден өткен жағдайда, жұмыс берушінің актісі негізінде жұмыскерге басқа демалыс күні беріледі, не тараптардың келісімі бойынша өтемақы төленеді (жұмыс берушілер).
4.12. Жергілікті бюджеттерде бюджеттік сала қызметкерлеріне тегін медициналық тексеру жүргізу үшін қаражат қарастырылсын (әкімдік).
4.13. Облыстық кәсіподақтар бірлестіктерінің (қызметкерлерінің) облыстың кәсіпорындарында, ұйымдарында және мекемелерінде еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар (кәсіподақтар).
4.14. Кәсіпорындар мен ұйымдарда барлық жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша міндетті оқытуды және кәсіпорын есебінен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімдерін тексеруді жүргізу (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
4.15. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметкерлерін еңбек шарттарын жасаспай жұмысқа қабылдау туралы фактілерін, мемлекеттік еңбек инспекциясына және мемлекеттік кірістер органдарына міндетті түрде хабарлау (әкімдік).
- Әлеуметтік кепілдіктер, әлеуметтік қорғау
Халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандырудың тиімді және тұрақты жүйесін дамыту, жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мақсатында Тараптар өздеріне мынадай міндеттемелер қабылдайды:
5.1. Әлеуметтік тәуекел жағдайында еңбекке қабілетті халықтың тиісті деңгейде әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру:
сақтандыру қағидаттары мен әлеуметтік әділдікті сақтау;
әлеуметтік заңнама талаптарын сақтау үшін әлеуметтік жауапкершілікті арттыру (міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды уақытылы және толық төлеу, қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру) (Тараптар).
5.2. Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту, оларды әлеуметтік қолдауы күшейту және олардың қоғамға араласуына жағдай жасау жөнінде пәрменді шаралар қабылдау (әкімдік).
5.3. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын орындауға бағытталған шараларды іске асыру:
– әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету;
– ана мен баланы қорғауды, әйелдерді әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету, әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы гендерлік проблемаларды шешу;
– балаларды күтумен және олардың тәрбиесімен айналысатын ерлер мен әйелдерді тең құқықтарда қолдау;
– әйелдер мен ерлердің еңбекақысындағы теңсіздікті жою;
– шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің өкілдігін аттыру.
5.4. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға, еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласында жастардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге, жастардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін өздігінен іске асыру үшін жағдайлар жасауға, жастардың қоғамдық оң бастамаларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған іс-шараларды іске асыруға қатысу (Тараптар).
5.5. Ұжымдық шарттар жасасу кезінде әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі адамдардың негізгі құқықтары мен кепілдіктері көзделсін (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
5.6. Шаруашылық жүргізуші субъектілерге интернат-үйлеріне, балалар үйлеріне, қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерге аумақтық тиістілігі бойынша қамқорлық көмек көрсетуге қатысу (Тараптар).
5.7. Негізгі қажетті тауарларға бағаның негізсіз өсуін тежеу бойынша жұмысты жалғастыру (әкімдік).
5.8. Мәдениет, спорт, туризмді дамыту, балалар мен отбасылық демалысты ұйымдастыру, сондай-ақ облыс тұрғындарын сауықтыру саласында келісілген саясат жүргізу (Тараптар).
5.9. Халықтың денсаулығын қорғау үшін азаматтың, жұмыс берушінің және мемлекеттің ортақ жауапкершілігі қағидатының негіздерін түсіндіру бойынша іс-шаралар, әлеуметтік әріптестермен әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы заңнаманың негіздерін түсіндіру бойынша бірлескен семинарлар өткізу (Тараптар).
5.10. Әкімдерге қалалар мен аудандардың бюджеттерінде каникул уақытында балаларды сауықтыру және демалуы үшін қаражат карастыру, облыстың барлық аудандарында қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагерлерін салу бойынша қажетті шаралар қабылдау ұсынылсын (әкімдік).
5.11. Экономикалық мүмкіндік болған кезде және эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ұжымдық шарттарда ұжымдарда мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру үшін кәсіпорындардың қорларынан нақты есептелген жалақының кемінде 0,15% мөлшерінде ақшалай және өзге де қаражат бөлуді көздеу (жұмыс берушілер).
5.12. Азаматтық қызметші болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мамандарға, жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша, бюджет қаражаты есебінен қызметтің осы түрлерімен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшілердің айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгіленеді.
Жергілікті бюджет есебінен азаматтық қызметшілер құрамына кіретін және ауылдық жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің барлық санаттарына жоғары лауазымдық айлықақылар мен тарифтік ставкалар белгілеу көзделсін (әкімдік).
5.13. Қалалар мен аудандар бюджеттерінде ауылдық елді мекендерде тұратын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, ветеринариялық қызмет мамандарына отын сатып алуға және коммуналдық қызмет шығындарын жабуға көмек көрсету үшін мынадай мөлшерде қаражат көзделсін: 2021 жылға – 32 662 теңге; 2022 жылға – 33 972 теңге; 2023 жылға – 35 326 теңге (әкімдік).
5.14. Бюджеттік сала қызметкерлеріне мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй бөлу қарастырылсын (әкімдік).
Мемлекеттік коммуналдық тұрғын үйді бөлу кезінде тұрғын үй комиссиясының құрамына кәсіподақтардың өкілдерін енгізсін (әкімдік).
5.15. Ұжымдық шарттарда жұмыс күні режимінде кәсіби-қолданбалы, дене шынықтыру-сауықтыру және оңалту іс-шараларын қамтитын дене шынықтырумен айналысу жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізу, спорттық-бұқаралық жұмысты ұйымдастыру мүмкіндігі көзделсін (жұмыс берушілер, кәсіподақтар).
5.16. Нақты немесе болжамды АИТВ статусы негізінде қызметкерлерді кемсітушілікке жол бермеу. Жұмыс орындарында АИТВ/ЖИТС және өзге де жұқпалы аурулардың алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі стенділер ресімделсін (Тараптар).
5.17. Облыстық салалық келісімдер, ұжымдық шарттар жасасу кезінде әйелдер үшін міндетті профилактикалық тексерулер жүргізу, сондай-ақ жұмыс істейтін әйелдерді диспансерлеу, балаларды мектепке және мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне дайындау үшін мұқтаж әйелдерге қаражат бөлу мүмкіндігін карастыру (кәсіподақтар, жұмыс берушілер).
5.18. Жасөспірімдер мен жастарды, оның ішінде шағын және орта бизнес құрылымдарында уақытша жұмыспен қамту тетігін жетілдіруге ықпал ету, «Жастар практикасы» бағдарламасын қолдануды жандандыру (Тараптар).
5.19. Қоршаған ортаға жағымсыз әсерлердің алдын алу және қоршаған ортаның жай-күйі үшін жауапкершілікті арттыру бойынша шаралар қабылдау (жұмыс берушілер, әкімдік).
5.20. Шаруашылық жүргізу құқығындағы (ШЖҚ) мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлеріне осы тармақты ұжымдық шарттарда қарастырып, лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлей отырып және лауазымдық айлықақылардың ең төменгі мәндерін және азаматтық қызметшілердің тиісті лауазымдық айлықақыларынан төмен емес өзге де қосымша ақыларын белгілей отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысын беру құқығы сақталсын (әкімдік, жұмыс берушілер).
5.21. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдардың сауықтыруға арналған жәрдемақы мөлшері, демалыс берілген күнге олардың нақты оқу жүктемесінен есептелсін. Қоса атқаратын жұмыс істейтін адамдарға сауықтыруға арналған жәрдемақы жалпы негіздерде тағайындалады және төленеді (әкімдік, жұмыс берушілер).
5.22. Ұжымдық шарттарда әйелдердің жүктілігі және босануы бойынша демалысы кезеңінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қоры төлеген сомамен орташа жалақы негізінде есептелген сомалардың айырмасын жұмыс берушімен қосымша төлеу мүмкіндігі каралсын (жұмыс берушілер).
5.23. Радиациялық қатер аймақтарында жұмыс істейтін және тұратын қызметкерлерге, ай сайынғы қосымша ақы төленсін және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыс берілсін. Ай сайынғы қосымша ақының мөлшері және жыл сайынғы қосымша ақы төленетін демалыстың ұзақтығы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының талаптарына сай анықталсын. Халықты әлеуметтік қолдаудың осы шаралары «зардап шеккен адамның куәлігінің» бар-жоғына қарамастан, ұйымның барлық қызметкерлеріне тиесілігі, ұжымдық шарттарда белгіленсін (жұмыс берушілер, әкімдік).
- Әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік жауапкершілік
6.1. Тараптар барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде облыстық салалық, қалалық және аудандық келісімдер, ұжымдық шарттар жасасуды міндетті деп таниды және әлеуметтік әріптестік қағидаттарын дамытатын ұжымдарға жан-жақты жәрдем көрсетуге, жұмыскерлер үшін әлеуметтік пакеттің ұлғаюына жәрдемдесуге міндеттенеді (Тараптар).
6.2. Осы Келісімге енгізілген міндеттемелер мен кепілдіктер ең төменгі деңгей болып табылады және еңбекшілердің әлеуметтік және экономикалық қорғалуын төмендету жағына қарай өзгертілмейді (Тараптар).
6.3. Осы Келісімге қол қойған тараптар өз құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыскерлердің республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімде белгіленген міндеттемелерді өзіне қабылдайды (Тараптар).
6.4. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірлестіктері ұжымдық шарттар жасасуды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды тиісті жылдың наурызынан кешіктірмей қабылдайтын болады (кәсіподақтар, жұмыс берушілер).
6.5. Облыстың әлеуметтік әріптестік жүйесінде жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдарға облыстық, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттардың міндеттемелерін іске асыру бойынша жәрдем көрсетеді (Тараптар).
6.6. Облыстық 3-жақты келісімнің Тараптары ұжымдық шарттарды жасасу мониторингі бойынша жыл сайын қорытындылар шығарып, конференциялар мен еңбек ұжымдарының жиналыстарында олардың орындалуы туралы ақпарат береді (Тараптар).
6.7. Облыстың кәсіпорындарында, ұйымдарында және мекемелерінде қалалық, аудандық және салалық келісімдер, ұжымдық шарттар жасасуға тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсетеді (Тараптар).
6.8. Тараптардың мүдделерін келісуде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық және аудандық үшжақты комиссиялардың рөлін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асырады және мыналарды қамтамасыз етеді:
– әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары бойынша тұрақты түрде консультациялар өткізеді;
– салалық келісімдерді орындаудың міндеттілігін;
– ұжымдық шарттар мен келісімдерді орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтеді;
– әлеуметтік әріптестік тараптарының, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді (Тараптар);
6.9. Тараптар:
– ұжымдық еңбек дауларын реттеуге, еңбек қатынастары саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы барлық шараларды қабылдауға;
– еңбек заңнамасының негіздерін түсіндіру бойынша бірлескен семинарлар, еңбек жанжалдарында келіссөздер жүргізе білу дағдыларын дамытуға және консенсусқа қол жеткізу бойынша оқыту тренингтерін өткізуге;
шағын және орта бизнес ұйымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу тәжірибесін дамытуға ықпал етуге міндеттенеді (Тараптар).
Әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі шаралар. Жұмыс берушілерге және қызметкерлердің өкілдеріне еңбек дауларын реттеуге ықпал ету
6.10. Тараптар әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алуға және оларды болдырмауға тікелей қатысады және мынадай алгоритмді іске асырады:
– азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ахуалды тұрақты талдау және мониторингілеу;
– жұмыс берушілердің (жалақы бойынша берешегі бар) берешекті төлеу кестелерін орындауы және әзірленген іс-шараларды орындауы;
– еңбек қатынастары саласында бар және анықталған проблемалық мәселелерді шешу бойынша практикалық, ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы келісілген ұсыныстарды әзірлеу;
– бірлескен іс-шараларды жоспарлау мен іске асыруда тараптарда бар ақпараттық, құқықтық, ғылыми және ұйымдастырушылық ресурстарды пайдалана отырып, еңбек жанжалдарының алдын алу;
– мемлекеттік органдардың) қатысуымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың және дағдарысқа қарсы штабтың отырыстарында атқарылған жұмыс нәтижелерін тұрақты қарау (Тараптар).
6.11. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) №167 «Құрылыстағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы» Конвенциясының 8-бабына сәйкес, ұйғарылған шараларды, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына қатысты шараларды үйлестіру үшін құрылыс кешені мен ТКШ салаларының бас мердігерлік ұйымдарында мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдармен бірлесіп, мынадай міндеттерді шешу үшін бірыңғай ұжымдық шартқа қол қойсын:
– еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдарда еңбек шарттарының есебін және тіркелуін жүргізу (бас мердігер);
– мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдарды қоса алғанда, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтардың бірыңғай есебін жүргізу (бас мердігер);
-Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 27-бабына сәйкес, жеке тұлғалармен еңбек шартының ең болмаса бір ерекше белгілері болған жағдайда азаматтық-құқықтық шарт жасасуға жол бермеу (бас мердігер);
– мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдардан жалақыны уақтылы төлегені үшін сақтандыру компаниясымен жасалған жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру шартын ұсынуды талап етуге міндеттеледі (бас мердігер);
– жоғарыда көрсетілген сақтандыру шарты болмаған жағдайда, бас мердігер қосалқы мердігерлік және мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері жүгінген кезде жалақы бойынша берешекті төлеуге міндеттенеді (бас мердігер).
6.12. Әлеуметтік әріптестік тараптары, жанжал жағдайының туындау ықтималдығы жоғары кәсіпорын ұжымдары өкілдерімен ай сайын жұмыс кездесулерін өткізеді (Тараптар).
6.13. Жанжал туындаған жағдайда Тараптар наразылық акциясы орнына дереу баруды ұйымдастырады, себептерін және жанжалды реттеу жолдарын анықтайды, ұжымда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қажет болған жағдайда, прокуратура органдары өкілдерінің қатысуымен жоспардан тыс тексерулер жүзеге асырылады. Бұзушылықтар анықталған кезде жұмыс берушілерге тиісті ықпал ету шаралары қолданылады (Тараптар).
Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері
жөніндегі кеңесті қалыптастыру және оның қызметі тәртібі
6.14. Тараптар паритеттік негізде ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және шешу жөніндегі кеңесті құрады.
Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу жөніндегі Кеңестің саны мен құрамын әлеуметтік әріптестік тараптарының ұсыныстары бойынша әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссия айқындайды. Кеңес өз құрамынан кеңес төрағасын және Кеңес хатшысын сайлайды. Кеңес отырыстары тоқсан сайын және (немесе) қажеттілігіне қарай өткізіледі (Тараптар).
6.15. Кеңестің шешімдері жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамалармен ресімделеді. Кеңес мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда Кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Кеңестің шешімдері еңбек дауы тараптарына Кеңес отырысынан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жеткізіледі.
6.16. Кеңестің шешімдеріне Тараптар не еңбек дауы тарапы дау айтқан кезде, дауды қарау материалдары әлеуметтік әріптестік жөніндегі 3-жақты облыстық комиссияға жіберіледі.
6.17. Кеңес өз қызметінде әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық 3-жақты комиссияға есеп беріп отырады және жылына кемінде 1 рет облыстық 3-жақты комиссияның отырысында атқарылған жұмыс туралы есеп береді.
VII. Облыс мекемелері мен кәсіпорындардағы кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ органдары қызметінің кепілдіктері
7.1. Кәсіподақтардың құқықтары мен кепілдіктерін сақтауға, меншік нысанына қарамастан ұйымдарда, кәсіпорындар мен мекемелерде кәсіподақ органдарының құрылуына және жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге, олардың қызметіне араласуға жол бермеуге (әкімдік, жұмыс берушілер).
7.2. Ұжымдық шарттарда кәсіподақ органдарының қалыпты жұмыс істеуі, оларды қызметтік бөлмелермен, жиһазбен, ұйымдастыру техникасымен қамтамасыз ету үшін жағдайлар көздеуге (жұмыс берушілер).
7.3. Ұжымдық шарттарда жұмыстан босатылған кәсіподақ қызметкерлеріне кәсіпорында жұмыс істейтін жұмысшыларға берілетін жеңілдіктерді, кепілдіктерді, қосымша ақыларды сақтау туралы шарттар көздеуге (жұмыс берушілер).
7.4. Егер еңбек, ұжымдық шарттарда ескертудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші 1 ай бұрын кәсіподақ органдарына кәсіпорындағы еңбек және демалыс жағдайларының, әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктердің өзгеруі туралы ақпарат береді (жұмыс берушілер).
VIII. Келісімнің қолданылуы және оның орындалуын бақылау
Тараптардың осы Келісімнің ережелерін орындауын үйлестіру үшін Тараптар төмендегідей уағдаласты:
Тараптар Келісімді Шығыс Қазақстан облысында 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу жөніндегі басым бағыттар мен қажетті іс-қимылдарды белгілейтін әлеуметтік әріптестіктің негізгі құжаты ретінде таниды.
8.1. Тараптардың бірінің ұсынысы бойынша Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Өзгерістер мен толықтырулар жеке хаттамалармен ресімделеді және қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
8.2. Келісім ұйымдарда облыстық салалық, аумақтық (қалалық, аудандық) келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу үшін негіз болады.
8.3. Тараптардың Келісім бойынша міндеттемелері және Комиссияның ұсынымдары (шешімдері) аумақтық (қалалық, аудандық), салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар жасасу кезінде ескерілуге тиіс.
8.4. Келесі жылдарға арналған облыстық келісімдер тиісті жылдың ақпанынан кешіктірілмей жасалады.
8.5. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірлестіктері ұжымдық шарттар жасасуды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды тиісті жылдың наурызынан кешіктірмей қабылдайтын болады.
8.6. Тараптар нақты мерзімдерін және орындауға жауапты комиссия мүшелерін көрсете отырып, қабылданған міндеттемелерді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлейді.
8.7. Комиссияның шешімдері осы Келісімді іске асыру нұсқасы болып табылады.
8.8. Келісімнің орындалу барысын бақылауды Тараптар әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның ережесінде айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.
8.9. Комиссияның жұмыс тобы Келісімнің орындалу барысы туралы ақпарат дайындайды. Комиссия жыл сайын Келісім ережелерінің орындалу барысын қарайды.
8.10. Тараптар облыстық үшжақты комиссияның қызметін және келісімді іске асыру барысын кеңінен таныстыру мақсатында, бұқаралық ақпарат құралдарында әлеуметтік әріптестікті дамытуға және өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастары проблемаларына арналған материалдардың тұрақты жариялануын қамтамасыз етеді.
8.11. Осы Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және жаңа Келісім жасалғанға дейін қолданылады.
8.12. Осы Келісім мемлекеттік органдарға, жұмыскерлерге және олардың өкілдеріне, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілерге қолданылады.
8.13. Жұмыс органы (үйлестіруші) «ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ болып табылады.
8.14. Тараптар Келісімде көзделген өзіне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
8.15. Келісімге қол қойылғаннан кейін бір апта мерзімде оның мәтіні қысқартусыз облыс әкімінің, қалалар және аудандар әкімдерінің ресми сайттарында орналастырады, екі апта мерзімде облыстық «Didar» және «Рудный Алтай» газеттерінде, барлық қалалар мен аудандардың ресми газеттерінде жарияланады.
Өскемен қаласында «14» сәуірде 2021 жылы, мемлекеттік және орыс тілдерінде 8 (сегіз) данада жасалды. Қол қойылған тараптардың әрқайсысында Шарттың бір данасы болады.
Шығыс-Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ш. Бұқтұғұтов
“ШҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Т. Қасымжанов
«АМАНАТ» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар қауымдастығының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі – Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының төрағасы М. Айзенберг
Республикалық тау-кен өндіру қауымдастығы және тау-кен металлургия кәсіпорындары (ТМКҚ) атқарушы директоры Н. Радостовец
«Қазақстан Республикасының Жұмыс берушілердің (кәсіпкерлер) Ұлттық Конфедерациясы» заңды тұлғалардың бірлестігінің вице-президенті, бас директоры В. Бреусова
«Агро» Шығыс Қазақстан тауар шығарушылар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры К. Арнханов
“Шығыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы, орман мекемелері, мебель шығару ассоциациясы» заңды тұлғалардың бірлестігінің төрағасы В. Чернецкий