Білім

21 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

Шығыс Қазақстан аймақтық коммуникациялар орталығында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова өңір мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде брифинг өткізді.

2019-2020 жылғы жаңа оқу жылында өңір мектептерінде 193 мыңнан астам оқушы білім нәрімен сусындайтын болса, оның 21 мыңы – 1-сынып табалдырығын енді аттағалы отырған балдырғандар. Биылғы жаңа оқу жылында облыс мектептеріне 237 жас маман қабылданып, жалпы педагогтардың саны 22 526-ға жетіпті. 2019 жылы жалпыға міндетті білім беру қорынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қолдауға 2 млрд. теңге бөлініпті. Оның 625 млн. теңгесіне көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 33 582 балаға мектеп формасын әперу қарастырылған. Ағымдағы жылдың 14 тамызына дейін 19 аудан толығымен келісімшартқа отырып, оқушылардың 70 пайызы мектеп формасына ие болған. Ал 25 тамызға дейін көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың барлық балалары тегін мектеп формасымен қамтылмақ. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы арқылы да тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 33 мыңнан астам балаға қайырымдылық көмек көрсету жоспарланып отыр. Бүгінгі күні 143 мың балаға бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен 156 млн. 741 мың теңгенің көмегі көрсетіліпті. Жалпы, биылдан бастап қайырымдылық шарасы жыл көлемінде жүргізіледі.
Брифингте облыс әкімінің орынбасары мен облыстық білім басқармасының басшысы журналистердің сауалдарына жан-жақты жауап берді. Мысалы, жаңартылған білім беру мазмұны, баланы 1-сыныпқа алты жастан қабылдау туралы норманың енгізілуі, құжаттарды электронды қабылдау жүйесі, оқушылардың оқулықпен қамтамасыз етілуі және т.б. мәселелер журналистер тарапынан зор қызығушылық тудырды. Үстіміздегі жылы оқушыларды оқулықпен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 2 млрд. 383 млн. теңге бөлінген екен. Барлық оқушы оқу жылының басында-ақ қажетті оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі. Биыл 4, 9, 10-сыныптардың, келесі жылы 11-сыныптың оқушылары жаңа білім беру мазмұнына көшірілмек.
Облыс бойынша 307 ауылда мектеп жоқ. Осы орайда ауылда тұратын 3 698 баланы мектепке тасымалдау мәселесі де өз шешімін тапқан.
Брифингте өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің де жай-күйі сөз болды. Облыста 86 колледж бар. Онда 35 мыңнан астам студент білім алуда. Оларға 3395 педагог дәріс береді. Ағымдағы жылы техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 7930 орын бөлінген. Биыл үш колледжде күрделі жөндеу, сегіз колледжде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Биыл жексенбі күні болғанына қарамастан барлық мектепте алғашқы қоңырау 1 қыркүйекте соғылады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button