Қоғам

2025 жылға қарай облыс тұрғындары 100% ауыз сумен қамтылады

Өңірде Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы талқыланды. Партияның Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды уәделерін іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасына 182 іс-шара енгізіліп, 24 нысаналы индикатор айқындалып отыр.

Бұл жөнінде Жол картасын талқылауға арналған облыстық мәслихаттағы Nur Otan фракциясы депутаттарының отырысында айтылды.

Жиында Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов партияның 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жобасына аймақ тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелердің шешілуі енгізілгенін атап көрсетті.

Айта кетейік, Жол картасы өткен жылдың 17 қарашасында облыстық филиалдың кезектен тыс ХХIV конференциясында қабылданған партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде бес жылға әзірленген болатын.

Облыс басшысының айтуынша, Жол картасында өңірді дамытудың 7 басым бағыты айқындалған.

Сонымен қатар өндірістерді іске қосу және кеңейту, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін 149 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Облыс халқының 38%-ы ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, өнім өндіру және цифрландыру саласында қазіргі заманғы технологияларды енгізу есебінен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар айқындалған.

Ауылдағы кәсіпкерлер басым қолдауға ие болмақ, кредиттеудің ашықтығын бақылау қамтамасыз етіледі. Жыл сайын 1,3 мыңнан астам кәсіпкерді қамту және кем дегенде 600 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда.

– Өңір үшін келешегі зор бағыттардың бірі туризмді дамыту. Жол картасында туристік нысандарға дейін инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту (оның ішінде әуе және теміржол маршруттары желісін кеңейту) көзделген. Жолдардың сапасы өңір халқын толғандыратын өзекті мәселе. Осыған байланысты таяудағы 5 жыл ішінде 2,5 мың шақырым автожол мен 12 көпірге орташа жөндеу жүргізіледі. Облыс бойынша тұрғын үй алу кезегінде 33,4 мың адам тұр, оның ішінде 2285-і көп балалы отбасы. Бес жыл ішінде ауданы 923 мың шаршы метр болатын 400-ден астам тұрғын үй салынады, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов.

Бұдан басқа жол картасында денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және жабдықтау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, балабақшалар, мектептер, жатақханалар салу сияқты басқа да өзекті мәселелерді шешу қамтылған. 2025 жылға дейін бұқаралық спортты дамыту үшін жол картасы шеңберінде 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 6 спорт модулі салынбақ. Ең бастысы, 2025 жылға қарай облыс тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетіні аталмыш Жол картасында нақты көрсетілген.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button