2017 жылы қандай түстер трендке айналмақ?
Тауық жылында от түсті, қызыл, інжу реңді алқызыл, күлгін қызыл, сарғыш, ашық қоңыр және көк, қызыл, қою көкшіл жасыл, орхидея реңкті түстер сәнге айналады. Сондай-ақ, кең балақты классикалық және банан үлгісіндегі шалбарлар да ең сәнді трендте болмақ.
2017 жылдың сән үлгісінің басты ерекшелігі – күз-қыс мезгілдерінде қою көкшіл жасыл түс пен інжу реңді алқызыл түс сәнге айналады. Сәнқойлардың жүрегіне жол табатын бұл реңктерді таңдағанда, ауыр матадан тігілген киімді алғаныңыз жөн. Ал күз мезгілінде інжу реңді алқызыл түсті киімді ақ, сұр, крем, сүт түстес, тіпті, қою жасыл түспен де үйлестіріп кисеңіз болады.
Келер жылы қызғылт сары түстің барлық реңкін күз-қыс мезгілдеріне сай етіп, геометриялық пішіндері бар кез келген түсті киіммен үйлестіріп кисеңіз, айналадағы жандарға позитив сыйлайтыңызға сенімді болыңыз.
Күлгін түс – жаз-көктем маусымының басты түсі. Күлгін реңкті киімдер көбінесе ашық түстермен жақсы үйлеседі. Мысалы, қара мен күлгіннің араласуы салтанатты кештерге және кеңсе стиліне тән. Ал кешке арналған күлгін көйлекті қара жакетпен киген абзал. Айтпақшы, қара шашты қыздарға қою көк пен күлгін түсті киімдер жарасады. Өйткені, бұл екі реңктің қосындысы оларға нәзікті сыйлайды.
Жарқын, ашық көк түс 2017 жылы трендке айналмақ. Көз тартарлық түстегі мұндай киімді қызыл не өзге де қанық түстермен үйлестіруге болады. Ал салқын ауа райында қоңыр, ақ-қара, қою қызыл түстермен жарастырып кисеңіз, сәннен алыстадым деп ойламаңыз. Сондай-ақ, күдері, драп, тоқыма матадан тігілген көйлектер көктем мен күзгі стильдің сәнін келтірмек. Ал оның түсін талғамыңызға сай таңдай аласыз.
Ағымдағы жылы марсала деген атаумен танылып, нәзік жандардың сүйікті түсіне айналған қызыл түс 2017 жылы да сәннен қалған жоқ. Оны шарап түсті, бургунди деп те атайды. Әмбебап түстердің қатарына кіретін қызыл түстес киімдерді кез келген форматтағы жиынға киіп баруға болады. Бір сөзбен айтқанда, келесі жылы көктем-жаз айларында этно, классика, милитари, панк стилі қайта оралады.
Түрлі-түсті жолақ 2017 жылдың сәнді түсіне айналады. Өткен жылы ақ-қара сияқты екі түстен тұратын түзу бағыттағы жолақтардың сәнде болғанынан хабардар шығарсыз. Бұл үрдіс келер жылы да сақталмақ. Бірақ тіптен, басқа үлгіде. Өзіне сенімді жандар ғана мұндай түсті киімдермен өз гардеробын толықтыра алатыны белгілі.
Күз бен көктемнің қоңыр салқын, жаңбырлы күндерінде орхидея түстес немесе ақшыл реңкті жылы жемпір кисеңіз, онда сіз сәннен алыстадым деп ойламаңыз. Керісінше, мұндай жұмсақ жемпірлер сәнді киімдердің үздік ондығына кіретін болады.
Сәнді киім үлгілері туралы біраз ақпарат алсаңыз, қысқы және күзгі аяқ киім түрлеріне тоқталып өтейік. Аталмыш жыл мезгілдерінде көзге бірден түсетін алқа мен бауы бар күлгін, қоңыр, қызыл сары, сары және аспан көк түстес етіктерді таңдағаныңыз жөн. Сонда 2017 жылдың сәнінен жаңылмаған боласыз. Сәнгерлердің болжамы бойынша, күз-қыс маусымында ботфорттар, шұлық тәріздес және шолақ етіктер трендке айналмақ. Сондықтан етік таңдауда бұл түстерге де басымдық беруге тырысыңыз.
Ажар Сағатбекова