2017 жылы қандай несиелер ұсынылмақ?
Облыстық ақпарат орталығында ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен аграрлық несие корпорациясының филиал директорлары БАҚ өкілдеріне 2017 жылы сала бойынша қандай несиелер берілетіні туралы ақпарат ұсынды.
Бұл екі мемекеменің біріншісі ауыл бизнесін шағын несиелермен қаржыландырса, екіншісі несиелік серіктестіктер арқылы ірі жобаларға несие берумен айналысады.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өкілі Рауан Уалқановтың айтуынша, мекеменің несиелік қоржыны 5,6 млрд. теңгеге жеткен. Оның жартысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы бөлініп отыр. Бұл қор біздің облыста өңірлік бағдарламалардың жүзеге асуына белсенді атсалысып отыр. Өңірдегі бес бірдей сүт қабылдау бекеті осы мекеменің несиесіне құрылыпты. Бұдан бөлек 100 отбасылық бордақылау алаңына қор шағын несие берген.
2016-2018 жылдар аралығында бұл қор ауылда бизнес ашқысы келгендерге алты бағдарлама бойынша несие тарататын болады. Соның біріншісі – «Береке» бағдарламасы. Бұл бағдарлама мал мен құсты бордақылау жобаларына бағытталған. Несие сомасы жоба ауқымына қарай үштен алты миллион теңгеге дейін жетеді. Несиелеу мерзімі – 3-4 жыл аралығында.
Сүт қабылдау бекеттерін құруға арналған «Бірлік» бағдарламасы да өз жұмысын бастады. Мұндағы қарыз сомасы 4-7 млн. теңге аралығында. Несиелеу мерзімі – 4,5 жылға дейін.
Ал «Ынтымақ» бағдарламасы ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдеріне негізделген кооперативтер құруға арналмақ. Аталған бағдарлама арқылы кооперативке қажетті техника мен құрал-жабдықтар алу үшін 50 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Ең бастысы, кооператив мүшелерінің саны 20 адамнан кем болмауы қажет. Несиелеу мерзімі – жеті жыл. Ұжым мүшелері бұл несиеге кепілдік ретінде сатып алынатын техниканы қоя алады. Бірақ оған несиенің 30 пайызын жабатын басқа да мүлік болуы керек. Сондай-ақ, берілетін несиенің тағы 30 пайызын алдын ала төлеу қажет.
Қолдағы малдың басын көбейткісі келгендерге «Игілік» бағдарламасы үлкен демеу болмақ. Қарыз сомасы – 3-6 млн. теңге, қайтару мерзімі – 3-4,5 жылға дейін.
Ал егіншілер үшін көктемгі және күзгі науқандарда айналымдағы капиталды толықтыруға бағытталған «Егінжай»
бағдарламасы өте тиімді болмақ. Мұндағы қарыз сомасы 3-6 млн. теңге, қайтару мерзімі үш жылға дейін. Ауылды жерде ауылшаруашылық мақсаттан тыс бизнеспен айналысқысы келетіндер де қордың назарынан тыс қалмақ емес. Ондай жандарға «Кәсіпкер» бағдарламасы ұсынылып отыр. Қарыз сомасы 3-6 млн. теңге, қайтару мерзімі 4,5 жылға дейін. Аталған алты бағдарлама бойынша берілетін несиелердің барлығының жылдық сыйақысы алты пайызды құрайды. Жобаның жүзеге асу мерзіміне қарай алты айдан бір жылға дейін жеңілдік мерзімі де қарастырылған.
Аграрлық несие корпорациясы филиалының директоры Кирилл Жунусов та өз саласында қандай бағдарламалар бойынша несиелер қарастырылғанын жіпке тізді. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы қор біздің облыста ғана алты миллиард теңгеден астам несие таратқан. Соның нәтижесінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 18 мың ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша сегіз мың жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 15300 қой сатып алынған.
Алдағы 2017 жылдан бастап аграрлық өнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы экспортты дамыту саясатын ұстанбақ. Бұл саясат корпорация жұмысында да көрініс табатынын айтқан К.Жунусов ұсынатын несиені қайтару мерзімі екі жылдан 10 жылға дейін жететінін атады. Жылдық үстемақы екінші деңгейлі банктер үшін 9,7 пайыз болса, ауылшаруашылық тауар өндірушілер үшін 11,28 пайыздан аспайтын болады. Қор осы шарттар бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыруға да әзір. Зауыт, өңдеу цехы, құс фабрикалары мен қоражайлар салу, жылыжай кешендері мен көкөніс қоймаларын кеңейту, тауарлы балық өндірісін дамыту сынды бағыттар бағдарламаның негізгі нысаны болмақ.
Есімжан Нақтыбайұлы