Қоғам

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Сонымен, 2016 жыл несімен есте қалды? Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан 12 айға көз жүгіртсек, Мешін жылы жаман болмаған сияқты. Облысымызда ауыз толтырып айтар жетістіктер де аз емес, «әттеңайлар» да бар. Бірақ осы сәтсіздіктер мен сәттіліктердің арқасында жаңа мақсат-мүдде түзіліп, ертеңгі күн – келесі жылға артылған үміттің жүгі ауырлай түспек. Бүгінгі мақаламызда облыс көлемінде орын алған оқиғалардың ішінен елдің есінде қалған онын іріктеп алдық.

Ерасыл Әубәкіровтің өлімі

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Ақпан айында жоғалып кеткен 23 жастағы астаналық студент Ерасыл Әубәкіровтің өлі денесі бірнеше күннен кейін табылды. Әлеуметтік желілер мен электрондық БАҚ арқылы аталған оқиғаны күллі қазақ елі құлақ түріп, бақылап отырды. Ата-анасы Өскеменде тұратын болашақ хирургтің адам қолынан қаза тапқаны белгілі болды. Резонансты іске соңғы нүкте қазан айында бір-ақ қойылды. Астана медициналық университетінің студенті Ерасыл Әубәкіровті өлтіргені үшін үш адамға 11 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарылып, олар жазаларын қатаң режимді колонияда өтейтін болды.

Сақ қорғандарындағы саркофаг

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Берелде елімізде жоқ ерекше мұражай ашылды. Мұндай мұражай Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өзі арнайы келіп, Берел мұражайын кеңейту мақсатында оның ішінде 2-ші қорғанның үстіне саркофаг салуға қаржы бөлінген еді. Әкімнің тапсырмасынан кейін бар-жоғы бір ай ішінде мұражай құрылысы аяқталды. Аз уақыт ішінде бой көтерген мұражай құрылысы шетелдік ғалымдарды да таңдандырды. Мұражайдың бір ерекшелігі – жәдігерлердің түпнұсқасы табылған орнында сақталады. Жергілікті басшылардың айтуынша, келер жылдары дәл осындай мұражай тағы салынбақ.

Ертіс көтеріліп, есіміз шықты

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Өзеннің көтерілуінен Өскемен қаласындағы жағалаулар мен Бұқтырма су қоймасы маңындағы бірқатар демалыс орындарын су басты. Бұған жауын-шашынның жылдағыдан көп түсуі себеп. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, маусымның 11-і мен 15-і аралығында Бұқтырма су қоймасына келетін судың мөлшері секундына 500 текше метрге дейін артқан. Соған сәйкес, Бұқтырма су қоймасы мен Шүлбі бөгендеріндегі судың деңгейі күннен-күнге көтерілген. Айта кетсек, Қытайдағы су тұтыну мөлшерінің төмендеуіне байланысты соңғы елу жылда алғаш рет биыл су қоймасының арнасы жүз пайызға толған екен.

Қант іздеген халық

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Өскеменде қанттың бағасы қымбаттап, тұрғындардың қалтасына салмақ түсті. Келісі 170 теңгеден сатылған құмшекердің бағасы 450 теңгеге дейін шарықтады.
Шілде айында қант қорының азаюына бірінші себеп – тұтынушылардың қант өніміне деген сұранысының артуы. Екіншіден, қалаға аталған өнімді тасымалдайтын зауыттың жеткізу көлемінің төмендеуі әсер еткен. Халық көтерме сауда орындарынан қант іздеп таба алмай әуре-сарсаңға түсті. Бұған дейін 5900-ден сатылған бір қап қанттың бағасы екі-үш есеге дейін қымбаттаған. Ресми деректерге сүйенсек, қант дефициті маусым айының соңынан шілденің аяғына дейін созылды.

Риддерде не болды?

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Риддердегі өндірістік қалдықтар қоймасының лас суы осы маңдағы өзендердің біріне құйылып кеткен. Қалдықтар Үлбі өзеніне де қосылып үлгерген болатын. Белгілі болғандай, барлық проблема ол жердегі су жинайтын құдықтардың ескілігінен шыққан. Аталған құдықтардың қолданылып келе жатқанына 20-30 жылдан астам уақыт болыпты. Сол құдыққа жиналған су жұмыс істемей тұрған коллекторға, сәйкесінше коллектордағы су арнасынан асып өзенге құйылған.
Алайда, экологтар Риддер мен Өскемен тұрғындарын алаңдамауға шақырды. Мамандар өзендерде құстар мен балықтардың жаппай қырылу фактілерінің тіркелмегенін жеткізді.
– Су құрамындағы цианид қалыпты мөлшерде. Мырыш 10-15, қорғасын мен мыс 4, марганецтің шектелген зиянсыз концентрациясы 7-8 деңгейді көрсетті, – дейді олар.

Қола айналып қожайынын тапты

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Рио Олимпиадасында 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын алған румын зілтеміршісі Габриэль Синкраянның қанында тыйым салынған заттар бар болып шыққан. Бұл туралы халықаралық ауыр атлетика федерациясы мәлімдеген болатын. Сикраянның Олимпиададағы нәтижесі жойылды. Нәтижесінде қола медаль жерлесіміз Денис Улановқа берілді.
Уланов пен Синкраян Рио Олимпиадасында бірдей көрсеткіш көрсеткен – 390 келі. Алайда, румын спортшысы қазақстандықтан жеңіл болып, қанжығасына Олимпиада медалін байлаған еді. Дәл осылай жерлесіміз Ольга Рыпакова да ресми түрде Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

Ескі көпір еңкейіп қалды

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Жөндеу жұмысы барысында көпір аралығының конструкциясы сол жаққа қарай қисаюы салдарынан Ертістегі ескі көпір құлады. Плита тігінен түсіп, төрт жұмыскер төмен сырғанап кеткен болатын. Бір адам аяғын зақымдаса, екеуі жоғарыда ілініп қалған. Өскемен қалалық ТҮКШ бөлімінің өкілдері оқиғаның көпірдің апат жағдайындағы бір тіреуінің қирауынан болғанын айтады.
– Көпірдегі тіреулердің бірінің ортаңғы бөлігі апатты жағдайда екені анықталды. Жөндеу-монтаждау жұмыстары уақтылы, кестеге сай жүріп жатқан. Салынғанына жарты ғасыр болған көпірлердің шын мәнінде тозығы жеткен болатын, – дейді мамандар.
Оқиғаның мән-жайын, себеп-салдарын облыстық прокуратура тексеріп шыққан. Оқиға ескі көпірде болды, ал жаңа көпірдегі екі бағытта да қозғалыс тоқтаған жоқ.

Қарашадағы қалың қар мен қатты аяз

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Бірнеше күн толассыз жауған қалың қардың көлемі әдеттегі мөлшерден екі есеге артты. Ауа райының тосын мінезі төменгі сыныптарда сабақтың тоқтатылуына әкеп соқты. Ал коммуналдық қызмет өкілдері қаланы қардан тазартып үлгере алмай жатты. Қар тазалау үшін жедел штаб құрылып, коммерциялық ұйымдар мен мекемелер де ортақ жұмысқа жұмылдырылды, сонымен бірге, бірнеше әскери бөлімнің сарбаздары да жұмысқа тартылды. Шығысты қар құрсауынан құтқаруға Павлодардан да қосымша техника жіберілген. 10 тәуліктің ішінде қардың қалыңдығы 70 сантиметрге жетіп, тас жолдардағы көлік қозғалыстары тоқтатылған болатын. Қардың арты қатты аязға ұласты.

Трамвай дауы

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылында жеңіл көлік трамваймен соқтығысып қалған болатын. Бұл оқиғаның арты үлкен дауға ұласты. Ажал аузынан қалған жүргізуші кінәлі деп танылып, трамвай паркінің шығынын өтеуі де мүмкін еді. Алайда, көлік жүргізушісі бұл іске жолдарды дұрыс тазаламаған қаланың комуналдық қызметінің де кінәлі екендігін дәлелдеуге тырысып бақты. Өскемендіктер жүргізушіні қорғап қол жинады. Петицияға 10 мыңнан астам адам қол қойды. Нәтижесінде тараптар үшжақты келісімге келіп, көлік жүргізушісіне «Өскемен-Тәртіп» мекемесі өтемақы төледі.

«Алло, мен Семей қаласының әкімімін»

2016 жылы облыстағы ойда қалған 10 оқиға

Негізгі жұмысынан қолы қалт етіп босай қалған кезде Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов шаһардың қарызға батқан тұрғындарының әрқайсысына жеке-жеке телефон шалды. Қала басшысының үстелінде жатқан тізімде берешегі 200 мың теңгеден асып кеткен тұрғындар бар.
– Кейбіреулер 2-3 күннің ішінде қарызды қайтарамыз деп уәдені үйіп төксе, енді біреулер «шынымен, маған қоңырау шалып тұрған қала әкімі ме?» деген таңданыстарын жасыра алмай жатады. Енді біреулер өзінің жағдайын айтып ақталады: Мен оларға қоңырау шалудан жалыққан емеспін, – депті қала әкімі журналистерге берген сұхбатында.
Борышкерлердің сыртық есігін кәмпескелеу де Семейден шыққан жаңалық. Әкімдік жасап шығарған ерекше тәсіл өз жемісін беріп те жатқанға ұқсайды. Жүргізілген рейдтер барысында есіктерінен айырылғысы келмегендердің арасында қарыздарын қолма-қол өтегендер де бар екен. Осы мақсатта сот орындаушыларының жанында жылу беруші мекеменің кассирі де бірге жүреді. Олардың айтуынша, біреулер ақшасын әмиянынан бірден суырып алып төлесе, тағы бірі сот орындаушыларын жақын жердегі банкоматқа ертіп барған. Жетпеген ақшасын ертең төлейміз деп қолхат жазып бергендер болыпты. Осылай қимылдаған жұмыс тобы екі сағаттың ішінде 300 000 теңгенің қарызын жинап алған.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button