Қоғам

2005 жыл: Президент сайлауы – ғасыр басындағы маңызды оқиға

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақ елі төрткүл дүниеге береке-бірлігімен, бекем тірлігімен танылып үлгерді. Осындай бірлік пен тірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында аз ғана жылдар ішінде қыруар іс тындырылды. Ел Тәуелсіздігінің 14-ші жылына дейінгі кезеңнің өзінде алдағы жүрер жолы айқындалып, мемлекеттілік үшін маңызды шешімдер қабылданды.

Егемендіктің алғашқы онжылдығы ішінде сараланған ұзақмерзімді стратегиялық бағыт жыл сайын арманнан ақиқатқа айналып, жұртшылыққа да жақын әрі түсінікті бола бастады. Бұның құрғақ қиял емес, анық бағдар екенін халық та жыл өткен сайын сезінді.

Орталық Азиядағы көшбасшы елге айналдық

Ең бастысы, 2005 жылы Тәуелсіз Қазақстанның ішкі экономикалық-әлеуметтік дамуы қарқынды қалыпқа түсіп, сыртқы сауда байланысы жандана бастады. Шетелмен сауда-саттық қана емес, саяси ықпалдастық пен ынтымақтастық мәселелерінде де көпвекторлы қазақстандық дипломатия өз ұтымдылығын танытты.

Әсіресе, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айқындаған жолы, ұстанған бағыты бойынша Орталық Азия елдерінің ынтымағына қатысты қадамдар ерекше жаңғырды. Өз бастамасымен дүркін-дүркін кездесулерге ұмтылған Елбасы Орталық Азия елдерінің тұтастығына баса мән беріп келген болатын. Сондықтан да, Орталық Азия елдерінің одағын құру ұсынысы бірнеше мәрте көтерілді. Дегенмен, көршілес елдер тарапынан нақты нәтиже, батыл қадамдар болмағандықтан басталған істің баяндылығы байқалмады. Бірақ дәл осы мәселенің уақытылы әрі өзекті болғанын көптеген саясаткерлер мойындап та жүр.

Расында Қазақстан осы жылдардың өзінде-ақ Орталық Азия елдерінде ғана емес, ТМД кеңістігінде де көшбасшы ретінде танылды. Мәселен, Қазақстанның қаржы жүйесі топжарғандар қатарына шықты. ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, сыртқы қолайсыз факторларға тәуелді болмау үшін ұлттық қор құрған Қазақстанның табысы арта түсті. 2005 жылдың басында ұлттық қорда 5,3 миллиард доллар жинақталса, осы қаражатты қоса есептегенде еліміздің алтын-валюта резервтері 14 миллиард доллардан асып түсті.

Ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізудің нәтижесінде Қазақстан әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына еркін ене бастады. Бүкіл дүниежүзілік банктің сараптамасы бойынша 2005 жылы Қазақстан кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына енді.

Тоқтала кететін жайт, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатты мығымдауға, әлемдік өркениетті елдермен ынтымақтастықты дамытуға бағдарланған сапарлары 2005 жылы да тынымсыз жалғасып жатты. Бұлардың ешбірі де нәтижесіз болмады. Мұндай кездесулерінің қай-қайсысында болсын Тұңғыш Президент бұрынғыдан да экономикасы нығайып, заңы бекіген, ішкі құрылымы тұрақты жұмыс істеуге көшкен, жерасты байлықтарын еселеп өндіруге шамасы келетін жаңа Қазақстанға шетелдік компаниялардың назарын одан әрмен аударуға тырысты. Ал ондай келіссөздердің нәтижесінде жасалған келісімшарттардың пайдасы кейінгі жылдары анық байқала бастады. Қазақстан Орталық Азияда инвестицияға аса тартымды мемлекет ретінде ғана емес, шетелдік инвесторлардың ұзақ жылдарға келіп, қызмет етуіне де қолайлы ел ретінде таныла білді. Бұның өзі еліміздегі индустриялық-инновациялық жобалардың қарқын алуына өз септігін тигізгені айқын.

 

Барша саяси күштерді бірлесуге шақырды

 

Жыл сайын жариялау дәстүрге айналған Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын қалың жұртшылық 2005 жылы да аса ықыласпен қабылдады. Бұл Жолдауда Тұңғыш Президент тәуелсіз Қазақстанның өткен кезеңдерін саралай келе, бүгінгі жетістіктерді алға тартып, келешек кезеңдерде атқарылуы тиіс міндеттерді айқындады.

– Егер өмір сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстырсақ, соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе, орта айлық жалақысы 6 есе, ең төменгі табыс мөлшері 25 есе, зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе, жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері 35 есе өскенін көреміз. Биыл кепілді тегін медициналық көмек көлеміне жұмсалатын мемлекет шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсті. Мемлекеттік шығыстар әлеуметтік бағыт алды, мұның өзі экономикамыздың айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды, – деді Елбасы осы Жолдауында.

Сонымен қатар Тұңғыш Президент таяу жылдардағы Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңаруы жөніндегі өз пайым-көзқарасын ортаға сап, алдағы алынбаған асуларға жол сілтеп:

– Жүрер жолымыздың жеңіл боларына мен бұрынғы жылдардағы сияқты бұл жолы да уәде бере алмаймын. Реформаларды жүргізу тактикасы, оларды жүзеге асырудың мерзімдері мен тетіктері жөнінде біздің көзқарастарымыз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси бірлестіктерді ортақ прогресс пен ел болашағы жолында бірлесуге шақырамын! – деді.

 

Бұл жеңіс – халықтың жеңісі

 

2005 жылы Қазақстанның ішкі саяси үдерісінде орын алған ерекше оқиғаның бірі – Президент сайлауы. Осы жылдың 4 желтоқсанында Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады.

Сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды. Өз жеңісін жұрт алдында жариялай отырып, Елбасы: «Бұл жеңіс – халықтың жеңісі» деп атап өтті.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, Президент сайлауы елдің 9 мың 580 сайлау учаскесінде өткен. 8 миллион 880 мыңнан астам сайлаушының 77 пайыздан астамы дауыс беруге қатысты. Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен мәліметтер бойынша Нұрсұлтан Назарбаев 91,01 пайыз дауыс жинап, қарсыластарынан басым түсті.

– Бүгін ел тарихында өте бір елеулі кезең. Қазақстан халқы өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, өз Президентін сайлады. Қазір дүниежүзінің барлық ақпарат құралдары «Назарбаев жеңді!» деп хабар таратып жатқанын білесіздер. Бірақ мен бұл жеңіс халықтікі екенін айтар едім. Қазақстан халқы Тәуелсіздігіміздің болашағы үшін, ел бірлігі үшін, мемлекетіміз ішіндегі тыныштық үшін бірауызды бола алатынын осылайша танытты. Екіншіден, мұны Тәуелсіздігіміздің 14 жылындағы менің істеген қызметімді халықтың мақұлдауы деп бағалауға болады. Үшіншіден, жария еткен бағдарламаларымды алдағы 7 жыл ішінде жүзеге асыруға елім маған осылайша мандат беріп отыр. Ел экономикасының жаңаруы, Қазақстанның әлемнің дамыған елу мемлекетінің қатарына қосылуы, ол үшін индустриялық-инновациялық стратегияны іске асыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару, тұрғын үй құрылысын дамыту, денсаулық сақтау және білім салаларына бағытталатын қаржыны үш еселеу, жалақы, зейнетақы және студенттер шәкіртақысын алдағы жылдары екі есе өсіру, орта және шағын бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 20 пайыздан 40 пайызға жеткізу, осының бәрі – енді менің мойнымда, – деп атап өтті ол.

 

Құрбан айт пен Рождество демалыс күндеріне айналды

 

2005 жыл Арал теңізінің жандануының бастауы деп санауға болады. 80-ші жылдардың аяғында теңіз Үлкен және Кіші Арал болып екі бөлікке бөлінді. Біріншісі, өкінішке қарай, құрып кетті, қазір оның орнында Аралқұм аталатын шөл бар. Кіші Аралды жаңғырту үшін Көкарал бөгеті салынып, оның құрылысы 2005 жылы аяқталды. Келесі жылы теңіз деңгейі көтеріліп, микроклимат өзгере бастады, балық саны артты. Бүгінгі таңда Кіші Аралдан қалаға дейінгі қашықтық 150 шақырымнан 10 шақырымға дейін қысқарды.

Сонымен қатар нақ осы жылғы Наурыз мерекесі күндері астанада сол кездегі Орталық Азиядағы ең ірі мешіт – ақшаңқан қабырғалары мен алтын күмбезі көз қарықтыратын «Нұр Астана» мешіті ашылды. Құрылысқа Катар мемлекеті қаржылай қолдау көрсетті.

Қазақстандықтардың басым көпшілігі ұстанатын екі ірі дінге – ислам мен христиандыққа құрмет ретінде 2005 жылы Елбасы мұсылмандардың Құрбан айт мейрамын және православтардың Рождество мерекесін демалыс күндері деп жариялады. Діндерге құрмет көрсететін әділ шешімді қазақстандықтар қуана қолдады.

Осы жылы қазақстандықтар жаппай несие ала бастады. Қарыздарды алу процедурасы айтарлықтай жеңілдетілді. Ақша киімнен бастап, автомобильдерге дейін кез келген нәрсеге жұмсалды. Кейбіреулер бірнеше несие алды. 2005 жылдың қорытындысы бойынша кредиттеудің өсуі 70%-ды құрады, 2006 жылы банктер берген қарыздардың сомасы 1,8 есе, 2007 жылы тағы да 1,5 есе өседі.

2005 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда мұнайдың миллиардыншы тоннасы өндірілді. Еліміздің өз аумағында жүзеге асырылып жатқан мұнай-газ жобаларының толыққанды инвесторы ретіндегі позициясы күшейді, Қазақстанда мұнай өндіретін шетелдік мұнай компанияларымен өнім бөлісу шарттары белгіленді.

 

Әзірлеген – Ержан Әбіш

 

 2005 жылғы 9 маусымда Елбасы Н.Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» кітабының тұсаукесері өтті. «Екі мыңжылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде жаңа астана құрдық. Қас қағымдай болып сегіз жыл өте шықты. Күнделікті қауырт тіршіліктен қолым қалт еткенде, мен осы кітапта күнделік жазбаларымның шашыраңқы беттерін біріктіруді ұйғардым. Қаланың болашағы туралы ойлар, тұрмыс түйткілдері, астананың бедері мен əсемдігі, бір сөзбен айтқанда, жаңа елордаға арналған менің ойларым мен істерім – бəрі-бəрі осында» деп жазды Тұңғыш Президент кітаптың алғы сөзінде.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button