Тәуелсіздік - 30ТОП

2004 жыл: Астана төрінде «Ақорда» бой көтерді

Тәуелсіздіктің бір мүшелінде елдің барлық дерлік саласындағы табыстары толайым болды. 2004 жылы ұлттық экономика өсе бастады. Бір кездері бой бермеген жұмыссыздық ауыздықталды, мемлекеттің әлеуметтік саланы оңалтуға қатысты саясаты мығымдалып, жәрдемақылар мөлшері біршама артты. Бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы жетістігі еді.

 

Дамушы ел ретінде танылдық

Полиграфия №1 — это NAIRA.kz

Расында, 2004 жыл бұрынғы Кеңес одағынан шыққан тәуелсіз мемлекеттерде экономикалық, саяси дағдарыстар дірілі әлі де басылмаған шақ еді. Кейбір елдерде экономикалық қиындықтар толқыны шарпылып, саяси тығырықтан шығу жолдары тұйыққа тіреле бастағанда Қазақстанды әлемдік қауымдастық дамушы мемлекет ретінде көре бастады.

Мәселен, сол 2004 жылғы наурызда «Оксфорд аналитика» британ компаниясы өзінің экономикалық талдауын жариялап, Қазақстанды транзиттi экономикасы бар, жедел дамып келе жатқан ел ретiнде атады. Осындай талдаудың өзі ТМД-дағы әріптестеріне қарағанда Қазақстандағы реформалардың оқ бойы озғанын білдірді. Әлгі тәуелсіз талдауда Қазақстанның көшбасшылық тұғыры жыл бойы сақталатыны жайында болжам жасалыпты. Бұл да елдің даму даңғылына түскенін білдірсе керек.

Тағы бір мысалға көз жүгіртсек, осы жылғы зерттеулер нәтижесінде әлеуметтiк-экономикалық дамудағы табыстарының негiзгi өлшемі бойынша Қазақстан Шығыс Еуропаның бiрқатар елдерiне жақындай түсті. Дәл осы жылдың қорытындысына орай Дүниежүзiлiк банктiң сараптамасы бойынша Қазақстан орта деңгейлі табысы бар мемлекеттер тобына жатқызылды.

 

Атасу-Алашаңқай құбырының құрылысы басталды

Десе де, Қазақстанның дамуына, ең алдымен, ұлттық байлығымыз – «қара алтының» септігі мол болғанын айту керек. Расында, экономиканың өрлеуі мен ұлттық әл-ауқаттың көтерілуіне мұнай қаражатының әсері аз болмады. Әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсатының кеніші Қарашығанақ осы жылы ширек ғасырлық мерейтойын атап өтті. Оның қоры – 1,2 миллиард тонна сұйық отын, 1,3 триллион текше метр газ.

Ұлттық тәуелсіздіктен бергі кезеңде ел игілігіне қарай сауатты жұмсалып, экономикалық һәм әлеуметтік дамуда көп демеу болған мұнай Жаратқанның қазаққа тартқан сыйы іспеттес еді. Әйтсе де ондай кеннің көзіне баланысты «мұнай долларлары», «экономиканың ентігуі» секілді «ауруларға» көптеген елдің ұрынып жатқанын еске алсақ, бұл үлкен сауаттылықты талап ететінін ұғына түсеріміз анық.

Дәл осы мұнай мәселесіне қатысты ықпалдастық дүниесі де осы  жылы орын алғаны белгілі. Атап айтсақ, 2004 жылдың мамырында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға барған сапары кезінде мұнай құбыры құрылысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды. Мұнай құбырының іргетасы сол жылдың 28 қыркүйегінде қаланды. Әлемнің ақпарат құралдары екі мемлекет арасындағы осы қадамды жарыса жазып, Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімді «ғасыр жобасы» атады. Расында, келісімнің маңызы, оның ішінде елдің ішкі әлеуеттік мәнімен қатар, халықаралық саясат сахнасындағы маңызы зор болатын. Мұнда мұнай өнімдерін сату арқылы тиімді сауда-саттық базасын құру ғана емес, көршілермен, әлемдік алпауыттармен Қазақстанның тең дәрежеде сөйлесе алатынын таныту еді. Сондықтан да «ғасыр жобасының» ішкі ғана емес, сыртқы саясаттағы жетістігі де орасан зор болатын. Ал Қазақстанның алғашқы мұнайы Қытайға 2006 жылдың 25 мамырында құйыла бастады. Атасу (Қазақстан) мен шекаралас пункт Алашаңқай (Қытай) арасын жалғап жатқан осы мұнай құбырының магистралі арқылы Қазақстан жылына 20 миллион тоннаға дейін мұнай экспорттау мүмкіндігіне ие болды.

 

Сыртқы сауда-саттық артты

 

Сөйтіп, 2004 жылы немесе өз Тәуелсіздігінің 13-ші жылы Қазақстан ұлттық экономикасын түпкілікті реформалауға бағыт ұстанып, қысқа мерзім ішінде нарықтық реформаларды сәтті жүргізе білді. Жан-жақты дамудың тетігі кәсіби Парламенттің қабылдаған заңнамаларымен қамтамасыз етілді. Нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.

Мәселен, 1994 жылы елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 700 доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол 2 мың 700 долларға жетті. Бұған қоса, ашық сыртқы сауда саясатын дәйекті жүргізген еліміздің осы бағыттағы жетістігін де жоққа шығаруға болмас. 2004 жылы сыртқы сауда айналымының көлемі 33 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 3 есе көп.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында негізінен ТМД ауқымымен шектелген Қазақстанның сыртқы саудасының географиясы да біршама тарамдала түсті. Бұл ретте Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одақ елдері, Ресей мен Қытай алғашқы орынға шықты. Осылайша, Тәуелсіздігінің мүшел жасында Қазақ елі әлемдік экономиканың бөлінбес бөлігіне айналып, жаһандық бәсекелестік арнасына еркін енуге ұмтылды.

2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен орындалды.

 

Әлем елдерімен бәсекеге ұмтылдық

 

 

Мінеки, осындай жетістіктерді саралап, келешекке көз жүгірткен Елбасы стратегиялық міндет ретінде бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан лайықты орын алуды діттеді. Бұндай міндеттің басым бағытын Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылғы 19 сәуірде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жария еткен болатын.

Бұл Жолдауында Президент: «Ендiгi жерде күн тәртiбiндегi мәселе әлемдiк қоғамдастықта Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы, бiздiң экономикамыздың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы және қазақстандық ғалымдардың, менеджерлердiң, бизнесмендердiң, мамандардың, жұмысшылардың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы болып отыр. Бұл мiндеттi шешу үшiн бiздiң экономикалық, сондай-ақ әлеуметтiк салаларда да еуропалық стандарттарға жету стратегиясын әзiрлеуге кiрiсуiмiз керек», – деп атап өтіп, бірқатар негізгі бағыттарды айқындады.

Бәсекеге қабілетті экономика, адам ресурстарын дамыту және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі мәселелерін топтастырып, оның әрқайсысы бойынша нақты тапсырмалар жүктеген Елбасы осы Жолдауында мемлекеттік саясаттың басты бағдарын да ашып көрсеткен еді.

Бір сөзбен айтқанда, осы жылдар ішінде Орталық Азия өңiрiндегі Қазақстанның рөлi мен беделi күшейе түстi. Еліміздің әлемнiң саяси және экономикалық картасындағы маңызы да артты. Жұрттың әл-ауқаты да экономика өсімімен бірге нығайып отырды.

 

Тәуелсіз Қазақстанның бет-бейнесі

Астанада еліміздің басты ғимараты – «Ақорда» атауына ие болған Президент резиденциясының ашылу салтанаты болды. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 мың шаршы метр. Ол ақ мәрмәр мен малтатастан, озық құрылыс әдістері арқылы соғылған. Тәуелсіз Қазақстанның басты нысанын отандық және шетелдік үздік сәулетшілер жобалады.

Ғимараттың ашылу салтанатында Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді басқару елорданың жаңа орталығынан жүзеге асырылатынын атап өтті және жаңа ғимаратқа «Ақорда» деген атау берді.

«2004 жылдың 24 желтоқсанында тұсауы кесіліп, «Ақорда» деген атауға ие болған ел Президентінің ресми резиденциясы үш жылдан астам уақытта салынып бітті. Көк түсті күмбезбен көмкерілген көрікті ғимарат өзінің классикалық сұлулығымен атам заманғы айбынды сарайларды еске түсіреді және дүние жүзіндегі президент резиденцияларының ең көркем «ондығына» еркін енеді», – деп еске алады бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында.

Сонымен қатар 2004 жылы астанада Тұңғыш Президент музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар. Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылды.

 

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button