Тәуелсіздік - 30

2003 жыл: Әлемдік дін басшылары алғаш рет бас қосты

2003 жыл – Тәуелсіз Қазақстанның әр саладағы дамуы түбегейлі өзгеріп, «Қазақстан-2030» стратегиясында айқындалған міндеттерді іске асыруға белсенді кірісе бастаған жыл ретінде есте қалды. Расында «алдымен экономика, содан соң саясат» қағидатын ұстанған жас мемлекет аздаған уақыт аралығында экономикалық, саяси реформаларды сәтті жүзеге асыруы арқылы әлемге таныла бастады.

Бір сөзбен айтқанда, осы уақытта Қазақстан халқы да, оның дүние пайымы да, даму жолы да өзгерді. Елдің, жердің байлығының арқасында экономика қарыштап өсіп, ондай өсім игілігі халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуге бағытталды. Бұл да – көреген саясаттың арқасы. Осы жылдан бастап алдағы үш жыл, яғни 2003-2005 жылдар «Ауылды қолдау жылдары» ретінде жарияланды.

 

Жолдауда айтылған бес басым бағыт

 

Елбасы айқындаған «алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидатына негізделген даму жолында ашық қоғамға қарай ілгерілеушілік анық байқалды. Бұны осы жылдың сәуірінде Тұңғыш Президенттің дәстүрлі Қазақстан халқына арналған Жолдауында жүктелген міндеттердің өзі-ақ айғақтап береді.

Еске салсақ, Елбасы 2003 жылғы Жолдауында алдағы кезеңдерге арналған саяси реформалардың бес негізгі басым бағытын қамтитын бағдарламасын ұсынған болатын. Атап айтқанда, бағдарлама бiрiншiден, мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңалап жетiлдiруді қарастырды. Мұндағы басты мiндеттер – мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттiлiктiң аражiгiн айқын ажырату, бюджетаралық қатынастар жүйесiн жетiлдiруге негізделді. Елбасы ұсынған саяси реформаның екiншi бағыты – сайлау жүйесiн одан әрi жетiлдiру. Бұл ретте сайлау үдерiсi бұрынғыдан да айқын әрi ашық болуға  баса көңіл бөлініп, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын қабылдау міндеті Үкімет пен Парламентке жүктелді. Үшiншiден, саяси жүйенi демократияландырудың маңызды бағыты – азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайта беру. Президент осы бағытта жан-жақты шараларды қамтуды айтып, Үкіметке арнайы тапсырмаларды жүктеді. Төртiншiден, БАҚ туралы жаңа заң қабылдау ұсынылды. Жаңа заң сөз бостандығын қамтамасыз етудiң, сондай-ақ журналистердi меншiктеушiлердiң қысымынан қорғаудың осы заманғы нақты жағдайы ескерiлуге, сондай-ақ шенеунiктердiң еркiн баспасөздiң қызметiне араласқаны үшiн жауапкершiлiгi күшейтiлуге тиiс болатын.

«БАҚ-тың заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгiн де айқындап беру мiндет. Қоғамға керегi – жалақорлық пен жалған сөз бостандығы емес, тура да тұғырлы сөз бостандығы. Билiк пен БАҚ арасындағы үндесудiң көш басында, ең алдымен, журналистердiң қоғамдық бiрлестiктерi және ел Президентi жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi қоғамдық кеңес тұрады және тұруға да тиiс» деп атап өтті Елбасы өз Жолдауында.

Бесiншiден, қылмысқа қатысты құқық аясын одан әрi iзгiлендiрудi жалғастыру жүктелді. Осы ретте Тұңғыш Президент өлiм жазасын қолдануға мораторий енгiзу үшiн Үкiметке осы мәселенi шешу тапсырылып, жазаның өмiр бойына бас бостандығынан айыру сияқты түрiн енгiзудiң ұйымдық, материалдық және заңнамалық шарттарын жасау қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, алқабилер институтын кезең-кезеңiмен енгiзу жайы да осы Жолдауда алғаш рет сөз болды.

 

«Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынды

 

Тоқтала кететін тағы бір жайт, Мемлекет басшысы осы жылы руханияттылықты дамытудың аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде бiрқатар ауқымды жобалардың басын қосатын «Мәдени мұра» атты ортамерзiмдi бағдарламасын әзiрлеп, оны тиімді iске асыруға кiрiсудi ұсынған болатын.

Бағдарламаның мақсаты – халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау, ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз ету, ұлттық әдебиет пен жазудың сан ғасырлық тәжiрибесiн қорыту және кеңейтiлген көркем, ғылыми, өмiрбаяндық дестелер жасау, мемлекеттiк тiлде әлемдiк ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң толымды қорын жасау.

Аталмыш бағдарлама қазақ халқының ықылымнан келе жатқан әрітүрлі тағдырлы кезеңдерде аршылуы кейінге ысырылып отырған мәдени мұрасын зерделеуді кеңінен қамтып, оны шын мәнінде жаңғырта алды. Бағдарламаның құндылығы, оның өміршеңдігі талас тудырмасы анық. Бұл бағыттағы шаралардың әлі де жалғасып, мәдени мұра құндылықтарын үзілместен жаңғырту жұмыстары тізбегінің орындалып жатқаны соны аңғартса керек.

Түйіндей айтсақ, 2003 жылы Қазақстанның ішкі жағдайы экономикалық өрлеумен, жалақының артуымен, ауылға ерекше назар аударылуымен, сондай-ақ мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жасаумен ерекшеленіп отыр.

Деректерге сүйенсек, елімізде 2003 жылдың 1 маусымынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 5500 теңге болды. Сонымен қатар Қазақстанның алтын-валюта активінің жалпы жиынтығы 6 миллиард долларды құрады. Осының өзі елдің экономикасы елеулі межеге көтерілгенін аңғартады. Соның арқасында әлеуметтің әлеуеті де арта түсті. Мәселен, 2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бірреттік жәрдемақылар алғаш рет беріле бастады.

 

Астанадағы океанариум Гиннес кітабына енді

 

Ал осы жылы Қазақстанның сыртқы саясатындағы һәм халықаралық аренадағы жетістіктеріне келсек, оның өзі де ауыз толтырып айтарлықтай болды.

Әу бастан-ақ бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, сыртқы ықпалдастықта достық қарым-қатынасты мығым ұстана білген Қазақстанның дипломатиясы жеміс беріп, нәтижесінде халықаралық деңгейдегі имиджі арта түсті. Орталық Азия өңіріндегі қазақстандық көшбасшылық мойындалды. Басқа көршілерге қарағанда инвестиция тартымдылығы ғана емес, халықаралық басқосудың елорда төрінде өтуі де  осындай беделдің қалыптасуынан болғаны анық.

Атап айтсақ, бейбітшілік пен дінаралық, этносаралық татулыққа озық үлгі болатын ел ретінде танылып үлгерген ресми Нұр-Сұлтан өз ұстанымын халықаралық деңгейде одан әрі нығыздай түсу үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын өткізді. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дінбасыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің біріне саналары анық.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделінің арқасында оның шақыруын әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері асқан ризашылықпен қабыл алды. Сөйтіп, астанада тұңғыш рет әлемдік дін лидерлері бір дастарханды жағалай отырып, бас қосты, пікір алмасты.

«Бүгін ежелгі қазақ жері зор мәртебеге ие болды – ол әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндердің жетекшілерін үнқатысуға шақырып отыр. Бәріміз де балаларымыз, немерелеріміз бен шөберелеріміз бейбіт жағдайда, басқа халықтармен және басқа конфессиялармен келісімде, соғыс пен жоқтықты білместен өмір сүруін қалаймыз. Біздің қызметіміз, дұғамыз бен жанашырлығымыз планетаның отты нүктелерінде, түрлі жанжалдар аймағындағы миллиондаған адамдардың қасіреті тыйылатын жарқын уақытты жақындатуға жәрдемдеседі деп үміттенемін» деді жиналғандар алдында Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш құрылтайдың нәтижесі де жаман болмады, дінбасылары «Бәріміздің жаратушымыз бір, олай болса өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап, бәріміздің бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды.

Әрбір дәстүрлі дін жетекшісі өзі табынатын жаратушыдан Қазақстанға, оның халқына қолдау көрсетуін тілеп, дұға жасады. Бәйтеректің ұшар басына бірге шығып, бейбіт өмір сүруге, қатар жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Нұрсұлтан Әбішұлының осынау көреген бастамасы жалғасын тауып, Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы Қазақстан астанасында ұдайы өткізіліп тұратын болды. Оны ұйымдастырушы халықаралық жұмысшы тобы және арнайы кеңес құрылды.

Сонымен бір мезгілде Қазақстанның сыртқы саясаттағы қарым-қатынасы да қарыштап дамыды. ТМД елдері арасындағы байланыс осы жылы ширығып, ШЫҰ-ның да әлемдік беделі айқындала түсті.

Айтпақшы, осы жылы астанада пайдалануға берілген «Думан» ойын-сауық кешеніндегі океанариум дүниежүзілік мұхиттың ең шалғайдағы бөлшегі іспеттес болып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

 

Әзірлеген – Ержан Әбіш

«Тарихи аса қысқа мерзiмнiң iшiнде бiз ең шұғыл экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырдық. Бiздiң өзiмiз де өзгердiк, бiздiң пайымымыз да, дүниетанымымыз да өзгердi. Бiз ешкiмнiң де айрықша бiр ақыл айтуынсыз-ақ өз еңбегiмiз өз игiлiгiмiздiң кiлтiне айналатынын, ал мемлекеттiң осыған қажеттi жағдайлар туғызуға тиiс екенiн түсiне бiлдiк. Бүгiн мен берген уәдемдi орындап жатырмын деп ағымнан жарылып айта аламын. Қазақстан экономикасының өсуi бiздiң басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етiп жатыр. Менiң айтқаным да осы уақыт едi, мiне, сол уақыт та келдi. Бүгiн мен бiздiң ең жаңа тарихымызда әлеуметтiк шығыстарды барынша ұлғайтқанымыз жайында жариялау абыройына ие болдым, бiз бұл iстi көп ұзамай қолға аламыз, әрi оның игiлiгi әрбiр қазақстандыққа және әр отбасына тиетiн болады».

 Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаевтың 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауынан

 

Осы айдарда

Back to top button