20 жылдан кейін жұмысын қайта жандандырды
Жарма ауданының Әуезов кентінде 20 жыл бұрын қаңырап қалған «Аққу» балабақшасы қалпына келтіріліп, қолданысқа берілді. Бұл игі іске Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны мұрындық болғанын айтқан жөн.
Облыстық әкімдік пен ресейлік «Полиметалл» кәсіпорнының арасындағы меморандумға сәйкес 180 балаға шақталған ғимаратты қалпына келтіру ісін қаржыландыру кен өндіруші компанияның мойнына жүктелген болатын. Аталған балабақша осыдан жиырма жыл бұрын жұмысын тоқтатып, шатыры мен есік-терезелері түгелдей тоналған екен. Төрт қабырғасы ғана қалған екі қабатты ғимараты замануаи балабақшаға айналдыру үшін ресейлік компания 240 млн. теңге жұмсапты.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тартуды кент тұрғындары зор қуанышпен қабылдады. Балабақшаның ашылу салтанатына жиналған жұрттың қуанышын кәсіпорын өкілдерімен бірге аудан әкімі Нұрлан Сыдықов та бөлісті. Салтанатта сөз алған ол «Полиметалл» кәсіпорнының ауданның әлеуметтік дамуына қолдау көрсетіп отырғанын атады.
– Бақыршық – бір кездері еліміздегі ең бай кен орындарының бірі болатын. Соңғы оншақты жылдың көлемінде оның қалған кенін игеруге бірнеше компания талап білдіргенімен, ешбірі ыңғайын таба алмай, бастаған істерін аяқсыз қалдырып кеткен. Ал ресейлік «Полиметалл» компаниясы солардың барлығынан озып, өндірісті сауатты ұйымдастыра білді. Биылдың өзінде ғана олар осы комбинатқа 27 млрд. теңгенің инвестициясын құйып отыр. Келер жылы 40 млрд. теңге салмақшы. Бұл инвестициялар кенттегі тұрмыстың жақсаруына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Биыл ауданымызда мемлекет бюджетінен тыс қаржыға осыдан басқа тағы екі балабақша ашылды. Әуезов кентінде балабақша тапшылығы толықтай жойылды, – деген Нұрлан Сыдықов әкімдік атынан тәрбие мекемесіне музыкалық орталық табыстады.
«Бақыршық кен байыту кәсіпорны» ЖШС-нің директоры Юрий Овчинников кәсіпорынның әлеуметтік бағыттағы жобалары мұнымен шектеліп қалмайтынын айтады.
– Осында келген сәттен бастап кәсіпорынның жұмыс аумағындағы елді мекендер мен тұрғындарға ерекше көңіл бөліп келеміз. Жыл сайын Әуезов кенті мен Шалабай ауылының инфрақұрылымын және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында аудан басшылығымен меморандум жасалады. Осы балабақшадан бөлек орталық саябақты қалпына келтіру жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ, дәрігерлік амбулаторияның ішінде жөндеу жұмыстары жасалуда. Металлургтер күні қарсаңында Шалабай ауылындағы мектепке шағын автобус сыйладық. Бақыршық орта мектебіндегі еркін күрес залын жөндеп бердік. Шабалабай ауылында би алаңы салынды. 2018 жылы осындағы комбинат іске қосылуы тиіс. Сол кезде кәсіпорында 780 жұмыс орны пайда болады. Кентте жастардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған мәдени нысан салу жөнінде ұсыныстар айтылып жатыр. Оған да қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Ю.Овчинников.
Шара соңында аудан әкімі мен кәсіпорын директоры ғимаратты әкімдік балансына тапсыру жөніндегі меморандумға қол қойды.
180 орындық тәрбие ошағына бүгінде 130 бала тіркелген. Олардан қазақ және орыс тілдерінде тәрбие беретін алты топ құрылыпты. Бұған дейін Бақыршық орта мектебінің ғимаратында жұмыс істеп келген шағын орталық та осы ғимаратқа көшірілмек.
Қайтадан еңсе тіктеген балабақшаның меңгерушісі Күлжанат Жұмағұлова мұнда 42 адамға жұмыс табылғанын айтады. Тәрбиешілердің көбі жергілікті тұрғындардан жасақталған. Соның бірі – Ләззат Шайзадина.
– 1990 жылы осы балабақшада педагогикалық қызметімді бастаған болатынмын. Кейін бұл мекеме жабылып, басқа салаға ауыстым. Енді, міне, араға жиырма жыл салып, өз балабақшамызға қайта оралдым. Бұл балабақшаның ашылуы – 3000-нан астам халқы бар Әуезов кенті үшін үлкен қуаныш, – дейді ол.
Алексей Воронин есімді жас әке де тәрбие ошағының қайта қолданысқа берілгеніне дән риза.
– Жұбайым осыған дейін баламен үйде отырған. Енді қызымыз жұмыс уақытында «Аққудың» қамқорлығында болады. Ал бұл – біз сияқты жас отбасылар үшін үлкен көмек. Балабақшаның ашылғанына қатты қуандық, – дейді А.Воронин.
Сырты қазақи оюлармен әсемделген балабақша ғимаратын аралаған кент тұрғындары ондағы қажетті құралдар мен техникалық қондырғылардың заманауилығына тәнті болды. Әр бөлмеде ас-су жылытуға арналған қондырғылар қойылыпты. Тұрмысы қайта түзеліп, еңсесі көтеріліп келе жатқан Әуезов кентінің бүгінгі жағдайы кімді болсын қуантары сөзсіз.
Есімжан Нақтыбайұлы