Қоғам

20 жыл жөндеу көрмеген тас жол жөнделіп жатыр

20 жыл жөндеу көрмеген тас жол жөнделіп жатыр

Облыстық баспасөз орталығында Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне аудан экономикасының даму қарқыны мен халықтың әлеуметтік ахуалы мемлекеттік бағдарлама аясында осы күнге дейін атқарылған және болашақта атқарылмақ жоспарлары жайында әңгімелеп берді.
Индустрияландыру картасы аясында 2010-2014 жылдары ауданда 760 млн. теңгені құрайтын қайта өңдеу саласының екі жобасы жүзеге асырылған болса, «Восток-Автопром» ЖШС-іне қарасты «Автотранспорт құралдары үшін тіркемелер мен жартылай тіркемелерді жасау цехын ұйымдастыру» жобасы жалғасуда. Жылына 600 бірлік тіркеме шығарады деп жоспарланған жобаның жалпы құны 180 млн. теңгені құрайтын көрінеді. Сондай-ақ, аудан көлемінде қолданыста тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны бүгінгі күні 3 мың 934 бірлікті құраса, оның 169-ы заңды тұлға. Жеке кәсіпкерлер саны 3 мыңнан астам, 405-і – шаруа қожалықтары.
Аудан басшысы соңғы үш-төрт жылда аудан бойынша қылмыс түрлерінің азайып, білім беру мекемелерінде білім сапасының көтерілгендігін, сонымен қатар тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасының да жақсара түскендігін айтып өтті. Жиын барысында Шемонайха аудандық мәслихатының хатшысы А.Боровикова мен аудандағы қоғамдық кеңес мүшесі Ә.Баяндинов өздері жетекшілік ететін саланың жаңалықтары мен келешек жоспарлары жайында мәліметтерімен бөлісті.
– Аудандық мәслихатқа жаңадан сайланған 14 депутат жоспар бойынша өз жұмыстарына кірісті. Аудандағы 11 ауылдық округтен сайланған депутаттық корпустың құрамы алдағы уақыттарда заң аясында аянбай қызмет ететін болады, – дейді аудандық мәслихаттың хатшысы А.Боровикова.
Бүгінгі таңда республика бойынша күн тәртібінде тұрған Жер кодексіне қатысты сауалға жауап берген Амангелді Жәмелұлы Шемонайха ауданында әзірге ондай даулы мәселе болмағандығын және болмайтындығын да ерекше атап өтті.
– Аудан бойынша 400 мың гектар жер бар болса, оның 234 мыңы ауылшаруашылығына арналған. Атап айтар болсақ, 140 мыңы егіндік жер, 67 мыңы жайылым, ал қалған жерлер қысқы мерзімге азық әзірлеуге арналған шабындық жерлер. Жалпы, бұл мәселеге байланысты жеке пікірім, жерді белгілі бір мезгілге дейін жалға берген тиімді ме, болмаса басыбайлы сатқан пайдалы ма, бұл мәселе егжей-тегжейлі зерттеліп, ұзақ жылдардан бері жермен айналысып жүрген шаруашылық иелерінің көп жылғы тәжірибелеріне сүйене отырып, бір шешімге келген жөн секілді, – дейді әкім.
Брифингте Шемонайха ауданына қарасты шалғай ауылдардың тұрғындарының жаппай қалалы жерлерге немесе аудан орталығына қоныс аударып жатқандығы да сөз болды.
– Әсіресе шекаралық аймақтардағы «қайсыбір ауылдардан түрлі себептермен көшіп жатқандар жоқ» деп айта алмаймын, – дейді осы мәселеге түсінік берген А.Тоқтаров. – Ауылдан елдің кетпеуін ойласақ, ең әуелі сол жердегі халыққа күнделікті қажет мектеп, балабақша, аурухана, дәріхана, дүкен т.с.с. әлеуметтік маңызы бар нысандарды мүмкіндігінше сақтап қалуымыз керек. Тағы бір маңызды нәрсе – ауыл мен ауыл арасындағы қатынас жолдарының ахуалы. Оларды тақтайдай етіп асфальттап тастамасақ та, жыл сайын жамап-жасқап, ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қыс айларында жауған қарды уақытында тазалап тұру қатаң бақылауымызда. Осы жерде 20 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген Шемонайха – Секисовка тасжолының жөндеу жұмыстары басталғанын айта кеткім келеді. Оған өзіміздің «Қазақмыс» корпорациясының «ВостокЦветМеті» 700 млн. теңге қаражат бөліп отыр.
Брифингте журналистер тарапынан жергілікті орман шаруашылығына, осыдан бірнеше жыл бұрын салынады деп, салынбай қалған көпір мәселесіне қатысты да сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button