ҚоғамТОП

20 наурызда бүкіл елде бір мезетте күй тартады

Наурыз мейрамының қарсаңында еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында бір мезетте ұлттық күй тартылады. Бұл еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға.

Облыстық білім басқармасының ақпараты бойынша, республикалық челлендж 20 наурыз күні сағат 12.00-де өтеді. Бұл челлендж былтыр алғаш рет ұйымдастырылған екен. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында тартылған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шара өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, елдің мәдени мұрасын жалғастыруға, балалар арасында домбырада тартуды насихаттауға бағытталған.

– Домбырашылар челленджінің мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың музыкадағы шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу. Шараға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Бұл челлендж былтыр алғаш рет өтті. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында ойнады. Бұл еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға, – дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.

Шаралар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткізіледі.

Айта кетейік, биыл Наурыз мейрамы еліміздің барлық жалпы білім беретін мектептерінде 14-23 наурыз аралығында өтеді. Осы күндері тақырыптық челлендждер, жалпыұлттық экологиялық акция және ұлттық ойындардан түрлі жарыстар ұйымдастырылмақ.

Осы айдарда

Back to top button