Ертең ең ардақты мамандық иелері – дәрігерлердің төл мерекесі. Біз мереке қарсаңында кішкентай пациенттерінің құрметіне бөленіп үлгерген, облыстық ана мен бала орталығының 2-педиатрия бөлімшесінің педиатры Нұрлан Жампеисовпен жолығып, бала дәрігері жұмысының ерекшеліктері мен құпиялары туралы әңгімелесуді жөн көрдік.
Бала жүрегіне жол таба білген жас маман Нұрлан Асхатұлын көшеде де, отбасымен саябаққа қыдыруға барғанда да өзінің кішкентай пациенттері, олардың ата-аналары танып, амандасып жатады. Білікті бала дәрігерінің кеңесін алу үшін орталықтың қабылдау бөлмесіне шақыртатын, кезекшілік кезінде арнайы іздеп келетіндер қаншама?! Сонда балалар риясыз сенетіндей дәрігер болу үшін не істеу керек?
Нұрлан Асхатұлының пікірінше, дәрігерге ересек адамдардың сеніміне ие болу үшін кәсібилігі жеткілікті болса, бала дәрігеріне кішкентай пациенттің сеніміне ие болу оңай емес. Балаға дәрігердің дәрежесі де, сөйлеу мәдениеті де, емді дұрыс тағайындаған-тағайындамағаны да мүлде қызықсыз. Ол үшін алдында тұрған адамның жақсы ағай немесе апай екенін, өзіне дос екенін және міндетті түрде көмектесетінін білу маңызды. Өз жұмысын лайықты атқару үшін педиатрға әр баланың көңілін табуға жол іздеуге тура келеді. Сыртынан бақылап тұрсаңыз, педиатрдың жұмысы нағыз театрландырылған көрініске ұқсайды. Бұл жерде басты рөлде – бала. Сол себепті балаға деген махаббат, шыдамдылық, мейірім мен жаны ашу, тіпті актерлік сияқты жеке қасиеттерсіз бұл мамандыққа келіп керегі жоқ екен.
Біздің бала кезімізде дәрігердің бейнесі мультфильмдегі ақ халатты, қолында инесі бар Айболит кейіпкерімен ұштасатын. Аурухана десек, көз алдымызға қабырғалары аппақ бөлме елестейтін. Ал қазіргі стационар бөлмелерінің қабырғалары әсем безендірілген. Дәрігерлер бұрынғыдай ақ желең кимейді.
– Балғындар ақ халаттан қорқады. Оларға психологиялық жағынан жайлы болу үшін біз түрлі-түсті костюммен жүреміз. Дерттерінен тез жазылуы үшін олардың айналасы әдемі, қолайлы болу керек. Бөлмелердің қабырғаларына бейнеленген сүйікті ертегілерінің кейіпкерлері мен аң-құстардың суреттері оларға тамаша көңіл-күй сыйлары сөзсіз. Әзірше тек инені немен алмастыруға болатынын ғана ойлап тапқан жоқпыз, – деп күледі дәрігер.
2-педиатрия бөлімшесінде бір айлық нәрестеден он сегіз жасқа дейінгі балалар жатады. Пандемияға байланысты бөлімше қазір фильтр қызметін атқарады. Дене қызуы көтерілген, жөтелген, суық тиген, жіті респираторлық вирусты инфекцияның (ЖРВИ), бронхиттің, пневмонияның белгілері бар барлық балалар осы жерге түседі. ПТР қорытындысы теріс нәтиже көрсетсе, науқас балалар ауруына қарай басқа бөлімшелерге ауыстырылады. Ал өздеріндегі 28 төсекте тек бронхит пен пневмония, ЖРВИ белгілері бар балғындар емделеді. Сәл ересектеу балалармен жұмыс түсінікті, ал жөргектегі нәрестелердің немен ауырып тұрғанын қалай білуге болады? Олар қай жері ауыратынын, қалай ауыратынын айта алмайды ғой. Сол себепті педиатр медицинаны ғана жақсы біліп қоймай, әрі жақсы психолог, әрі педагог, әрі аздап артист болуы керек. Нұрлан Асхатұлының әр жастағы балалармен тіл табысуда өз құпиясы бар.
– Ауырып тұрған бала, әрине, мазасызданып, жылап келеді. Ересектеу, тіпті екі-үш жастағы бөбектерді алдап-сулап, тексере аласыз. Жылы сөйлеп, еркелетсеңіз, көз жасын тыйып, аузын ашады, кеудесін тыңдатады. Ал бір айлық нәрестелермен қиындау. Ондайда анасының көмегіне жүгінемін. Өз баласының мінезін аздап болсын біледі ғой, бөпесін шешіндіріп, өбектесе, уанбайтын сәби болмайды, – дейді педиатр.
Ересектерімен оңай дегеніңізбен, шындығында, сол үш-төрт жастағылармен нағыз артист болуға тура келеді. Бір жақсысы, өзінің бір жарым жастағы Әлихан есімді ұлы болғандықтан, заманауи ертегі кейіпкерлерімен жақсы таныс.
Жаңа ғимаратта орналасқан аурухана балаларды тексеруге арналған құрал-жабдықтармен толық қамтылған, қажетті деген кез келген зертханалық тексерулерді жасауға мүмкіндіктері жетеді. Өте ауыр жағдайлар болса, барлық мамандарды жинап, консилиум өткізеді. Әсіресе пандемия кезінде балаларда көп жүйелі қабыну диагнозы жиі ұшырасты. Аурудың қауіптілігі – дене қызуы түспей қояды. Сондай кезде Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығындағы, Алматыдағы әріптестерімен байланысқа шығып, емдеу жолдарын ақылдасады. Жиырма күннен асқан нәрестелерге де КТ зерттеулерін тағайындайтын кездер болады. Ондай жағдайда наркоз дәрісі бар бетперде кигізіп, бөбекті ұйықтатып тастайды. Ал есін білетін жастағылармен өзі сөйлесіп, 5-10 минут тыныш жататындай түсіндіріп айтады. Бұл жерде де артист болып, бар өнерін салады.
Бала дәрігері кейде балғындардан бұрын аналарымен тіл табысу күрделірек екенін мойындайды.
– Ата-аналармен жұмыс істеу қиынырақ дер едім. Бала ауырғанда төрт-бес, кейде он күн бойы ұйықтамаған аналары ашулы, агрессиямен келеді. Оларды түсінуге тырысамыз. Үлкендер өзін қалай ұстаса, баласы да соған еліктейді, емнің тиімділігі де соған байланысты. Бес жасқа дейінгі балғындар аналарымен жатады. Қазір бөлімшедегі ең үлкен балалар – он бес-он алты жастағылар. Облыстық орталық болған соң бұл жерге өңірдің түкпір-түкпірінен келеді. Басқа қаладан келгендер мен шетелдік туристердің балалары да бар. Қыдырып келіп, ауырып қалса, ауруханаға медициналық сақтандыру жобасымен жатқызылады, – деп түсіндірді Нұрлан Асхатұлы.
Педиатр бүгінгі таңда ата-аналарға онлайн дәрігерлердің, әлеуметтік желілердегі «мамандардың» ықпалы күшті екенін айтады.
– Кейбір онлайн-сабақтарын тыңдап көрдім. Үй жағдайында дене қызуын қалай түсіруге болады деген сияқты кеңестер береді. Соны естіп алған кейбір аналар сәбилерін үйде өз бетінше емдеп, уақыт өткізіп алады, бізге әбден асқынғанда әкеледі, – деп налыды бала дәрігері.
«Жай жөтелді аздап» дейді анасы, дәрігер тыңдаса, бала ентігіп жатыр, өкпесі қабынып кеткен. Науқас баланың онкологияға не болмаса қан ауруына ұшырағаны сияқты жаман диагноздар кейде екінші-үшінші күні ғана анықталады. Мұндай кезде де оларға естірту оңай емес. Ата-анасын жеке шақырып, медицинаның қарыштап дамып келе жатқанын, үміт үзуге болмайтынын барынша түсіндіреді.
Жүгі ауыр осы мамандықты қалай таңдағанын педиатрдың өзі былайша әңгімелеп берді. Ата-анасының тұңғышы болғасын Нұрлан артынан ерген қарындасы мен інісіне, туысқандарының кішкентай балаларына бала кезінен бас-көз болып жүретін. Оларға күтім жасау, қамқор болу өзіне де ұнайтын. Музыка мектебінде баянда ойнауды меңгеріп, гитара мен домбырада ән салатын өнері де бар. Жайлы да жұмсақ мінезіне, балалармен тез тіл табыса білетініне қарап, ата-анасы да бала дәрігері бол деп кеңес берген екен. 2009 жылы Семей мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі.
Интернеттегі «дәрігерлерге», желідегі «мамандарға» сенетіндерге айтарымыз, Нұрлан Жампеисов сияқты білікті педиатр болып шығу үшін алдымен бес жыл медициналық университетте оқып, кейін екі жыл педиатрия бөлімінде интернатурада, екі жыл резидентурада оқи жүріп, ауруханада жұмыс істеу керек. Нұрлан Асхатұлы тоғыз жылғы оқуымен шектеліп қалмай, еңбек етіп келе жатқан үш жыл бойы 2-педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Зайра Сапиолданқызы сияқты тәжірибелі әрі білімді тәлімгерінен, әріптестерінен көп нәрсені үйреніп келеді. Орталық басшылығы келешекте педиатр мамандарды шетелдің озық клиникаларына білімдерін жетілдіруге жіберу жоспарларында бар екенін де ескертіпті.
2018 жылы ана мен бала орталығының сол кездегі бас дәрігері Ермек Омарбеков Нұрланды Семейде мамандардың жәрмеңкесінде көріп, өзіне жұмысқа шақырады. Жас маман ретінде барлық жағдайлар жасауға уәде береді. Келе сала көтерме ақша беріп, баспаналы болғанша пәтерақысын төлеп тұрыпты. Бүгінде жас маман ретінде жалдамалы баспанаға қол жеткізген. Бұл жерде де ылғи жастар тұрған соң аулада балғындар көп. Есік алдына шыға қалса, көршілері, жалпы, сол ауданда тұратындардың барлығы тентектерін Нұрлан Асхатұлына көрсетіп алуға тырысады. Ұялы телефонына да тыным жоқ. Кейде кезекші дәрігерлер пациенттерінің жағдайын хабарлап, кеңесін сұрайды. Сенбі, жексенбі дегенді білмейді, кішкентай пациенттерінің қасында. Үйдің бетін тәуліктен аса көрмейтін кездері болады. Соған қарамастан осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінбепті.