Қоғам

20 маман жұмысқа тартылды

Азамат Темірбеков

Шемонаиха ауданына «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында 20 маман тартылды.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша биылғы жылдың қараша айына дейінгі мерзімінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Шемонаиха өңірінде 20 маман әлеуметтік қолдау шараларын алған.

Атап айтсақ, 4 958,9 мың теңге сомасындағы көтерме жәрдемақы 17 маманға берілсе, оның ішінде 12 маман білім беру саласына, екі маман денсаулық сақтау саласына, үш маман спорт саласына тартылған. Сонымен қатар, алты маман 24 544 мың теңге сомасында бюджеттік кредит ресімдесе, оның бесеуі білім беру саласының, ал біреуі әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандары болды. Бұған қоса, қараша айының соңына дейін осындай көтерме жәрдемақы білім беру саласында жұмыс істеп жатқан үш маманға төленетін болады.

Биылғы жылы жоспарланған бюджеттік қаражаттың толықтай пайдаланылуына байланысты тоғыз маман әлеуметтік қолдау шараларын алуға 2022 жылғы кезекке қойылды. Жоспар іске асқан жағдайда, үш маман көтерме жәрдемақыға, ал жеті маман бюджеттік кредитке қол жеткізетін болады.

 

Осы айдарда

Back to top button