Қазақтың бауырында тәрбиеленген неміс баласы

 

          Сонау 1942 жылы Самар ауданының Амангелді колхозында он екі жасар неміс баласы пайда болады. Үсті-басы алба-жұлба, аштықтан жақтары суалып, жылтыраған көздері ғана қалған бала Ресейдің Краснодар өлкесінен анасымен Қазақстанға көшірілген  Андрей Элемберг болатын. Жолда анасы ауырып қайтыс болған он екі жасар жетім бала қазақ ауылында үй-үйді аралап, жаны ашыған жандардың берген тары, талқанымен күнелтіп жүреді.

Соғыстың екінші жылы жүріп жатқан, елдегі бар азық-түлік майданға жөнелтіледі. Ауылдағылардың өз жағдайлары да оңып тұрмаса да, сары бас баланы шамалары келгенше асырайды. Бір күні қайыр сұрап жүрген баланы Қайшеке апа (Сәменбаева) көреді. Ел басынан түскен ауыр күнді жалғыз ұлы Құсманмен бірге көріп келе жатқан кейуана баланы көрген сәтте жүрегі сыздап, жетімекті асырап алуға бел буады. Осылайша қазақтың анасы неміс баласы Андрейді өз баласындай тәрбиелеп, өз ұлы Құсманмен тел өседі. Бұғанағы әлі қатпаған жеткіншек он екі жасынан өгізбен жанар-жағар май тасып, бірден колхоздың жұмысына араласып кетеді. Кейін ағасы Құсман үйленгенде, оның әйелі Сақып (Ибраева), Сақыптың анасы Нұрғайша апа, өз анасы Қайшеке апа барлығы бір отбасы болып, ары қарай тіршілік жасай береді. Қос қария  Андрейдің туған анасындай болып кетеді. Көп ұзамай Нұрғайша апасы қайтыс болады да, оның Сақыптан басқа тағы төрт баласы Қайшеке апаның бауырында өседі.  Осылайша, Сақыптың бауырлары Тоқтарғазы, Тұрсынғазы,  сіңілдері Наку мен Майра да  Андрейдің етжақын туыстарына айналады. Әкесі Андрей Элемберг өз ұрпақтарына Мұқажановтар әулеті (Қайшеке апа) мен Ибраевтың (Нұрғайша апа) балаларымен байланыстарын үзбеуді аманаттап кетіпті.

-Мен бір нәрсеге қайран қаламын. Ұлты қазақ апа әкемнің ұлты неміс болғанына қарамастан оны өз баласындай бауырына басты. Сол кезде неміс ұлтына үкіметтің өзі сенімсіздік танытып отырғанда, қарапайым қазақ әйелінің осы ісінің өзі үлкен ерлікпен парапар емес пе?! – деп тебіренеді Андрей Элембергтің ұлы, бүгінде Самар ауданы Миролюбовка ауылында тұратын Андрей Андреевич Элемберг. Бір қызығы, әкесі мен баласының аты-жөні бірдей, тыңдап отырып, шатасып қалмауға тырыстым.

Әкем қазақша бата беретін

Ұлы Андрей Андреевич Элембергтің отбасылық мұрағатында әкесіне қатысты барлық құжаттар, Қайшеке апасының  суреті, әкесі туралы жазылған ескі газеттердің қиындылары аса ыждаһаттылықпен сақталған. Ең құнды құжаттардың бірі – әкесі Андрей Андреевич  Элембергтің 1993 жылы  ақталғаны туралы прокуратураның анықтамасы. Онда Андрей Андреевич  Элембергтің неміс ұлтының өкілі ретінде он алты жасынан есепке алынып, 1956 жылдың 12 желтоқсанына дейін өз бетімен жүріп-тұруға құқы болмағаны,  кейін Қазақстан Республикасының 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес ақталғаны жазылған. Әкесінің әрбір ісін мақтан тұтып, бізді колхоз басшылығынан алған марапаттарымен таныстырды. Ауылын қойып, ауданына  өте сыйлы болған Андрей Элемберг 1994 жылы Самар ауданының құрметті азаматы атаныпты.

-Әкем қазақ отбасында тәрбиеленгендіктен, қазақтардың барлық салт-дәстүрлерін жақсы білетін және ұстанатын. Бала кезімнен есімде, жиын-тойға бара қалсақ, жиналған қауым әкемнен бата сұрайтын. Ол қазақ тілін кейбір қазақтардан жақсы біледі деп отыратын көршілеріміз. Әкем қазақша мақал-мәтелдеп сөйлегенде, сүйсінбейтін жан болмайтын, – деп есіне балады ұлы.

Әкесі Андрей Андреевич пен  анасы Гульда Андреевна ( ол да неміс ұлтының өкілі) отбасын құрып, 1962 жылы Миролюбовка ауылына көшкенде ағасы Құсманның балалары мен басқа барлық қазақ бауырлары асарлатып, бір жазда еңселі үйді соғып беріпті. Сол үйде алты бала дүниеге келеді. Бүгінде ұлы Андрей Андреевичтің ағасы мен апа-қарындастары Ресейге қоныс аударыпты. Өзінің үш қызы бар, олардың екеуі сол Самар ауданында тұрады. Дәнекерлеуші мамандығын меңгерген Андрей Андреевичті де бүкіл ел-жұрты сыйлайды. Бесаспап маманның қызметіне жүгінбейтін жан жоқ маңайда. Әйелі Лида мордва ұлтының өкілі, отбасында қазақ, орыс, неміс, мордва ұлттарының салт-дәстүрлерін сақтай береді.

-Мен Қазақстаннан ешқайда көшпеймін. Осы жерде менің әкемнің сүйегі жатыр. Қайшеке апамның бауырында  әкеммен тай-құлындай  тебісіп, бірге өскен Тоқтарғазы, Тұрсынғазы, Майра, Құсман мен Сақыптың балалары Болатқазы, Алтынғазы, Бақытқазы, Марат, Айтжамал, Әлия, Ғалия, бұлардың бәрі менің ағаларым, іні-қарындастарым. Оларды қиып тастап кете алмаймын, – дейді Андрей Андреевич.

-Өзіңіздің мінезіңізде қай ұлттың белгілері басым деп ойлайсыз?

-Қазақтікі сияқты. Көпшілмін. Қазақтардың кеңпейілдігі мен жомарттығы, дархан мінезі мені тәнті етеді, – деп күледі кейіпкеріміз.

Әңгімесін тыңдап отырсақ, бұл жай сөз емес екен. Ана бір жылы әкесінің ағасы Тоқтарғазы Көкжыра ауылында үй салғанда, Андрей барып, барлық жылу жүйесін өзі қатырып салып беріпті. Кеңпейілдік деген осы емес пе?!

Андрей Андреевичтің анасы жағынан туыстары Германияда тұрады. Оларға қонақтап барып, қайтыпты.

  •   Әрине, Германия өте дамыған ел. Халқы жұмыскер. Ерінбей еңбек етсең, Қазақстанда да жақсы тұруға болады. Қазір аздап мал шаруашылығымен айналысып жүрмін. Негізгі мамандығым бойынша да тапсырыс өте көп. Жоғарыда айттым ғой, менің әкем де, өзім де, бала-шағам да  қазақтарға қарыздармыз. Біздің әулеттің құрып кетпей, бүгінгідей кең қанат жайғаны қарапайым Қайшеке апамыздан басталды. Сол кісінің әкеме, бізге деген аналық махаббаты біздің қазақ халқына деген сүйіспеншілігімізді қалыптастырды, – деп ағынан жарылды Андрей Андреевич.

Самар ауданының Құрметті азаматы, бүгінде 96 жасқа келген дербес зейнеткер, Ленин орденінің иегері  Ахметкәрім Ахмадиев ақсақал кезінде Амангелді колхозының төрағасы болған, Андрей Адреевичтің әкесі Андрей Элембергтің көзін көрген қария.

-Мен сенің әкеңді жас кезінен білуші едім. Мен оның сенің бойыңа қазақ халқына тән тамаша қасиеттерді дарыта білгеніне ризамын. Халқымыздың керемет салт-дәстүрлерін дәріптей жүріп,  ел-жұртыңа сыйлы азамат болып қалыптастың. Ел игілігіне істеп жүрген қызметің жемісті болсын, – депті баталы қария  Андрей Адреевич алпысқа толғанда.

«Әкеге қарап ұл өсер» деген осы шығар.

Айна Ескенқызы

Back to top button