Туып-өскен Шығысым ұнайды

Өскемендік Татьяна Лидің арғы аталары кезінде Солтүстік Кореядан патшалық ресейге көшкен екен. Әкесі Бон Су Ли Приморск өлкесінде, анасы Лидия Кан Владивосток қаласында туған. Кейін әке-шешесі өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Сталиннің жарлығымен Қызылорда облысына үш күннің ішінде депортацияланған. Әкесі бар болғаны алты жаста екен, халық у-шу, азын-аулақ түйіншектерімен адам төзгісіз жағдайда, жолда бір ай жүріп Қызылордаға жетеді.
Өмір бойы бау-бақша салып, жандарын баққан корей халқы үшін Қызылорданың жазығы мен аптап ыстығы оңай болмапты. Бірақ Нұқтың кемесіне жер бетіндегі мақұлықтар жұп-жұбымен алынған сияқты, олар да өздерімен ертеңгі тіршілік үшін қажетті өсімдіктер мен көкөністердің дәндерін, қайла-күрек сияқты асай-мүсейлерін ғана алыпты.
-Әкем марқұм алғаш келген кезде жергілікті халықтың мейірімі мен қайырымдылығының арқасында ғана аяқтарынан тік тұрып кеткендерін жиі айтып отыратын. Ол кезде алты жастағы ойын баласы, ауыл адамдарына барып, қолдарындағы саймандарды жүрек жалғайтын бірдеңеге айырбастап жүреді. Кейде қазақтар айырбасқа ештеңе сұрамай-ақ, бар болса, құрт пен айранын беріп, жолдан ашығып жеткендерге сүйеу болыпты. Кейін алғашқы өнімдерін ала бастағанда, әрине, аздап болсын тұрмыстары түзелген екен, – дейді Татьяна.
Әкесі кейін Ташкенттегі Суворов училищесін тәмамдап, жолдамамен Шығыс Қазақстанға қызметке жіберіледі. Әкесі әскери адам болғасын, Татьяна бала кезінен өңіріміздің барлық шекаралық аудандарында тұрып шыққандарын айтады. Әсіресе балалық шағы өткен Күршім ол үшін өте ыстық. Туып-өскен сол бір үй, өзі Катя тәтей деп кеткен көрші апай, Кенжеғали аға, балалары Серік, Қарлығаш түсіне де жиі кіріп, сағыныш жүрегін өртей бергесін, бір іздеп барсам деп армандайды. Мекенжайын да әлі күнге жатқа біледі, Садовая көшесі, 24 үй. Аяғы 42 жыл өткен соң бір танысының көмегімен сол үйді іздеп табады.
-Біз Күршімнен 1976 жылы көшкен едік, 2018 жылы іздеп бардым. Әрине, жарты ғасырға жуық уақыт өткен, көшенің аты өзгеріпті. Бірақ үйімізді жазбай таныдым. Менің бала кезімдегідей сырты ақпен әктелген, есік-терезесі көкпен сырланған. Бірақ кішкентаай болып қалғандай көрінді маған. Аулаға кіріп, жан-жағыма қарадым, түк өзгермеген, жаңа құрылыс та салмаған, біздің қора-жайды да бұзбаған. Үйге кіруге жүрексініп тұрғанымда, үй иесі шықты. Менің кім екенімді білген соң, қуана есік ашып, ішке шақырды. Міне, менің бөлмем, пештің қасында болатын. Жүрегім сыздап, бір жағынан қуаныш, екінші жағынан өкініш пе, бірдеңе өзегімді өртей бастады. Алғысымды айтып, сыртқа шықтым да, көршілерімізге беттедім. Осы жерде бір мистикалық оқиға болды. Қарсы алдымнан Кенжеғали аға шыға келгені! Мен аузымды ашып үлгергенше, ол кісі де «Лида тәтей!» деп дауыстап жіберді. Бір-бірімізге аңтарыла қарап, тұрып қалдық. Бірінші есін жиған көршім күліп жатыр. Сөйтсем ол әкесінен аумай қалған ұлы Серік екен. Ал мен анам Лидияның көшірмесімін. Осылайша, уақыт кемесіне отырып, балалық шағымызға қайта оралғандай күй кештік. Катя тәтей әлі бар екен, әже болған, мені мейірлене құшақтап жатыр. Үстінен балалық шағымның иісі – құрттың исі аңқиды. Құрт жеу үшін үнемі осында келетінмін. Ал Берік деген тағы бір көрші баланың үйінен бауырсақ арылмайтын, – деп әңгіме тетігін ағытты Татьяна.
Айтпақшы, Серік туғанда корей көршілері нәрестеге сыйлықтарын әкеліп, өкіл ата-ана атанады. Бір қызығы, Татьянаның әкесі сәбиге бағбаншылық қасиетін де қоса берген сияқты. Катя әжей ұлы Серік не ексе де, қаулап көктеп шығатынын айтып, мақтаныпты. Бау-бақшалары жайқалып тұр екен.
-Біз көршінің балаларымен бір үйдің баласындай аралас-құралас өскен едік. Екі үй арасында ешқашан шарбақ та болып көрген жоқ. Кімнің ауласы қай жерде басталып, қай жерде аяқталатынын білмейтінбіз. Олар бізге келіп, жеміс-жидек жесе, мен көршілерден құрт пен бауырсаққа тойып келем. Қазақтың дархан мінезі мен қонақжайлылығы, жомарттығы корей халқының құрып кетпеуіне септігін тигізгенін менің қандастарым да мойындап, үнемі айтып жүреді, – деп жалғастырды Татьяна.
Жетінші сыныптан шаш қиып үйренген Татьяна бала кезінен шаштараз мамандығын меңгеруді, әсем шаш үлгілерін жасауды армандаған екен. Алматы қаласындағы политехникалық институтқа оқуға түскенімен, оны тастап кетеді. Білім іздеп, Ресейдің Томск қаласына да барады, бірақ бәрібір Өскеменді сағынып, кері қайтқан көрінеді. Аяғы армандаған шаштараз мамандығын меңгеріп алады. Қазір қыз-келіншектердің сәнді шаш үлгілерін жасаумен айналысады. Қызы Карина Шығыс Қазақстан техникалық университетін азаматтық құрылыс мамандығы бойынша сәтті тәмамдап, қазір Алматыда бір белді құрылыс компаниясында жұмыс істейді.
-Қызымның тегін білім алуына мемлекеттің грантымен қол жеткіздік. Тіпті студент кезінде студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша Польшаның Вроцлав қаласында тәлімгерліктен өтті. Кейін магистратурада оқып жүргенде де қызым Солтүстік Ирландиядан тәлімгерліктен өтуге ниет білдіргенде, университет басшылығы тағы да қолдап, оны да тегін өтуге мүмкіндік берді. Әйтпесе, мен бір жалақымен қызымды шетелде тәжірибе жинақтауға жібере алмас едім. Қазір жұмыс істеп жүрген компаниясында негізінен біздің ШҚТУ-ды бітірген мамандар екен, бұл да университет білімінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді, – дейді кейіпкерім.
Өзінің отанын Қазақстан деп санайтын Татьяна жуықта бірінші рет шайға тары мен май салып ішіп көрген екен, ұнағанын айтады. Қонақтарына қазақша ет асып береді. Әпкесі бауырсақты кез келген қазақтың қыз-келіншегінен кем пісірмейді.
-Әке-шешем бала кезімізден қазақтардың жақсылығын, бірлігін үнемі айтып отыратын. Менің әкем көршілерімен тату тұрғаны соншалықты, ағамның есімін жақын араласатын Амангелді деген досының атымен атағысы келіпті. Бірақ Амангелді Ли деген тіркесті жазуға хал актілерін тіркеу органдарында рұхсат бермепті. Тағы бір ұтымды жағы – корей халқы Қазақстанда өз тілін, салт-дәстүрін өркендетуде ешқандай қысым көріп отырған жоқ. Қауымдастық жұмыс істейді. Алматыдан Корей драма театры гастрольге келіп тұрады. 2017 жылы корей халқының депортацияланғанына 70 жыл толуына орай үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Сол жолы біздің отбасымыз корей халқының тарихына байланысты викториналық жарыста бірінші орын алдық. Ол үшін қатты дайындалған болатынбыз. Шынымды айтсам, ата-бабаларымның тарихи отанына барсам деген үлкен арман жоқ менде. Жол түссе, бара жатармын. Маған туып-өскен Шығысым ұнайды, – дейді Татьяна Ли.
Қызық дерек
Екі халықтың тұрмысында бір ұқсастық бар екен. Қазақтардағы сияқты корейлерде де аталас жандарға отбасын құруға тыйым салынған. Қазақтар руға бөлінсе, корейлерде пои деп аталады. Корей халқында фамилиялары ұқсастар көп болғанымен, есімдері бірдей екі адам жоқ. Фамилия династияға байланысты беріледі. 1985 жылғы санақ бойынша, корейлерде бар болғаны 274 фамилия тіркелген. Ең жиі кездесетіндер Ким, Ли, Пак, Цой және Тен. Ал Югай, Лигай деген фамилиялар Кеңес дәуірінде пайда болыпты. Жалғыз әріптен фамилия болмайды деп, -гай жұрнағын жалғаған. Фамилиялары бірдей болғанымен, олар әртүрлі поидан шықса, ондай адамдарға үйленуге рұхсат беріледі.
Айна Ескенқызы