Қоғам

19-шы ықшам ауданда жаңа станса іске қосылады

19-шы ықшам ауданда жаңа станса іске қосылады


Бұдан былай Өскемендегі 19-шы ықшам ауданның тұрғындары су мен жылудың жырын айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырмайды. Олай дейтініміз, аталмыш ауданда су жаңа жылу сорғы стансасы іске қосылды.

Өскемендегі 19-шы шағын аудандағы жаңа үйлердің жертөлелерінде арнайы сорғылар тұр. Онсыз жоғарғы қабаттағы пәтерлерге не жылудың, не судың қысымы жетпейді. Оның үстіне сорғының гуілі бірінші-екінші қабаттағы пәтер иелерін әбден мезі еткен еді.

Ал жаңа станса толық іске қосылғанда әр үйдің жертөлесінде гуілдеп тұрған сорғылардың еш қажеті болмайды. Стансаның жобасын жасап, құрылысымен айналысқан «Восток котлы» ЖШС директоры Серік Ақбердиновтің айтуынша, сорғы қаңтардың соңында толық іске қосылады. Ал қазір ондағы жеті сорғы қажетті қысымды беріп тұр. Тұрғындардың бұл мәселесін оңынан шешіп берген Серік Ақбердиновке Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар да ризашылығын білдірді.

– Иә, бұл таулы жер болғандықтан жаңағы айтылған мәселелер бар еді. Серік Смағұлұлының арқасында бұл мәселе шешілді. Енді 19-шы шағын ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер біткен соң, үй салу тоқтайды. Есесіне тротуарлар, саябақтар салынады. Жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары қолға алынады, – деді шаһар басшысы Жақсылық Омар.

Қаңтардың соңына қарай бұл шағын ауданда қуатты су сорғы стансасы да іске қосылмақ. Құрылысы 2011 жылы басталып, біраз уақыт қараусыз қалған су сорғы стансасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр қазір.

Мың орындық қазақ мектебі жазда дайын болады

19 шағын ауданда салынып жатқан мың орындық мектептің құрылысы кестеге сай жүріп жатыр. Қазіргі уақытта терезелері салынып, жылу жүйесі жүргізіліп қойды. Жобада жиһаздар да қарастырылған. «Жар-құрылыс» компаниясының өндірістік директоры Александр Зачепило: – Біздің құрылыс компания мың орындық қазақ мектебінің құрылысын осы жылдың маусымында аяқтап, қолданысқа тапсыратын болады, – деп уәдесін берді.

№26 оқу ордасына бас сұққан қала әкімі мектеп асханалары енді бір емес, жеті жылға жалға берілетінін түсіндірді. Сондықтан жалға алған кәсіпкер оқушылардың тамақтануына барлық жағдайды жасау керектігі баса айтылды.

Сондай-ақ бұл мектептегі жүзден астам бала жаттығатын батутты спортзалдың проблемасы да назардан тыс қалған жоқ. Мектеп басшылығының айтуынша акробатикаға мұндай зал тарлық етеді екен. Ал жаттығып жүрген балалардың дені әлемдік додаларда топ жарып жүрген талантты жастар. Залдың жағдайын көзімен көрген Жақсылық Омар мәселені шешуге ықпал ететіндігін жеткізді.

Қалада 11 жылы аялдама бой көтереді

Естеріңізде шығар, қала әкімі Жақсылық Омар әлеуметтік желіде «қаланың қай ауданына жылы аялдамалар қажет?» деген сауал тастаған болатын. Нәтижесінде тұрғындардың ұсынысы бойынша қалада жаңадан тағы он бір аялдама бой көтеретін болды. Ал Халифа Алтай мешітінің алдында құрылысы жүріп жатқан басталған жылы аялдама осы айдың ортасында пайдаланылуға берілмек. Мұндай аялдамалардың бір ерекшелігі – ішінде ұялы телефоныңызды қуаттап алуға болады. Есігі таңертең ашылып, түнгі уақытта автоматты түрде жабылады. Одан бөлек қаңтардың соңына дейін №44 мектеп пен Б.Александров атындағы спорт сарайының маңындағы екі аялдама қолданысқа тапсырылады.

Биыл жүзеге асырылатын жоспардың бірі Серікбаев көшесін кеңейту. Көшені орташа жөндеуден өткізуге қажетті қаржы бөлінген. Алдағы уақытта Потанин және Карбышев көшелеріндегі айналма жолдың бөлігі 11,5 метрге дейін кеңейтіледі.

Мерей Қайнарұлы
Өскемен

Осы айдарда

Back to top button