ҚоғамТОП

18-ге толмағандарды да ресми жұмысқа алады

«Жалақы, шамамен, 65 мың теңге көлемінде». Облыста 16 жастан асқандар ресми жұмысқа қабылдана бастады.
– Облыстағы барлық аудан мен қалада «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы құрылды. 16 – 29 жас аралығындағы жастар қала мен аудандардағы абаттандыру жұмыстарына тартылады. Бұл көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен студенттерге біршама көмек болары анық. Арамызда оқу ақысын толық төлей алмаған, карантин кесірінен жұмыс таба алмай жүрген студенттер көп-ақ. Соларға қолайлы болмақ, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекқызы.
«Жасыл ел» жасағының құрамына кіргендер сарбаз, жауынгер деп аталады. Сарбаздарға еңбек кітапшасы ашылып, ресми түрде жұмыс істейді. 18 жасқа толмағандардың ата-анасының келісімі болуы шарт.
– Тағайындалған жалақы ең төменгі мөлшер – 42 500 теңге. Алайда оның үстіне 35 394 теңге қосымща ақы төленеді. Сонда, зейнетақы қоры мен өзге де салықтар бойынша ұсталатын қаражатты алып тастағанда, қолдарына 65 мың теңге көлемінде айлық ақы тиеді. Жалпы осы жазда 1 200 жасты жұмыспен қамтуды жоспарладық. Дәл қазір бізге 400-ден астам өтініш келіп түсті, – деді орталық директоры.
Аудандар ішінде Катонқарағай жастары көш бастап тұр. Ондағы 50 жас осы жоба аясында жұмысқа тұруға ниетті. Ал қалалар ішінде – Курчатов (40 жас өтініш берген). Айта кету керек, әлі бірде-бір өтініш түспеген аудандар да бар.
«Жасыл ел» жасағының штабы Д.Серікбаев атындағы техникалық университетінде де құрылған. Оқу орын штабының жетекшісі әзірге 20 бала жұмыс істей бастағанын айтты.
– 20 студенттің жартысы осы университет ғимараттарындағы абаттандыру жұмыстарына ат салысса, екінші бөлігі Бұқтырма жағалауындағы демалыс базамызға жөнелтілді. Біз негізінен қаражатымызды оқу құралдары мен киім-кешек алуға жұмсаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Естай Қанағатов.
Жастар орталығының жетекшісі жұмыс барысында медицина маскасы, антисептик сынды қорғаныш заттары мәндетті түрде болуы керегін ескертті. Сонымен қатар бір бригададағы жұмысшылар саны 20-дан аспауға тиіс.

Тасқын Болатұлы

Сурет авторы Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button