Қоғам

18 елдің инвесторлары Өскеменге жиналды

18 елдің инвесторлары Өскеменге жиналды
Өскеменде өткен «ALTAI INVEST-2018» халықаралық форумында шетелдік және отандық инвесторларға 110 инвестициялық жоба ұсынылды.
Биыл екінші рет өткізіліп отырған халықаралық форумға облыс әкімі Даниал Ахметов, инвестициялар және даму министрінің, ұлттық экономика министрінің орынбасарлары, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) директоры, Франция, Оңтүстік Корея елдерінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері, барлығы 18 елден 300 делегат қатысты.
18 елдің инвесторлары Өскеменге жиналды
Форумның пленарлық отырысынан соң облыс әкімдігі мен қатысушылар арасында 295 млрд. теңгенің меморандумы мен келісіміне қол қойылды.
– Бұл жай ғана сан емес. Бұдан екі жыл бұрын өткен инвест форумда ЕҚДБ банкімен қабылданған келісімдер мен меморандумдар қорытындысы бойынша ғана біз бүгінде 70 млрд. теңгенің жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл қаржы институтымен алдағы екі жыл ішінде тағы да 150 млрд. теңгенің келісімін жүзеге асырамыз. Шетел инвесторлары, соның ішінде қытайлық бизнесмендер шығысқа үлкен ынтамен келіп жатыр, қазір олар біздің өңірде нәтижелі жұмыс істеп те жатыр. Қытай біз үшін экспорттың үлкен нарығы. Зайсан қаласында қытайлық инвестормен бірлескен шағын трактор зауыты жұмыс істеуде, Бесқарағай ауданына да Қытай инвесторымен 4 млн. доллардан астам инвестиция тартылды, жұмыстар әрі қарай жалғасады. Екі-үш күннің ішінде біздің азық-түлік өнімдерге Қытай стандарттары бойынша сертификаттау жасайтын зертханалық орталықты түбегейлі іске қосамыз, – деді форумда облыс әкімі Даниал Ахметов.
Қытай инвесторларымен байланыстар одан әрі беки бермек. Форумда Қытай компаниясымен қабылданған меморандумның бірі біздің облыста өнімділігі жоғары жылыжай салуға бағытталып отыр.
Форумда концессиялық жолмен Өскеменде құны 21 млрд теңге болатын 300 орындық аурухана құрылысының, сыйымдылығы 3000 тонналық көкөніс қоймасының, Семей, Аягөз, Риддер, Зырян, Шемонайха қалаларында «Ақылды қала» бағдарламасы аясында «Сергек» жобасын жүзеге асыру сияқты бірнеше жобалар бойынша меморандумдар қабылданып, келісімдерге қол қойылды. Қалаларымыздың көшелеріне бейнебақылау жүйелерін орнатуға бағытталған «Сергек» жобасы аясында облыста 8 млрд. теңгенің инвестициясы игеріледі.
Күршім ауданына, Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпір құрылысын жүргізуге де ынта білдіріп отырған бірнеше инвестор бар. Облыс әкімі айтқандай қазір Бұқтырма үстінен салынатын көпірдің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптаудан өткен. Осы уақытқа дейін бірнеше шетелдік компаниямен келіссөздер жүргізілген.
18 елдің инвесторлары Өскеменге жиналды
«ALTAI INVEST-2018» халықаралық форумы аясында өтіп жатқан жергілікті өнімдер көрмесін облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге мәртебелі меймандар арнайы тамашалады.
Аймақтағы түсті металлургия, машина құрастыру, ағаш өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары өнімдерінің көрмесіне шығыстың басты брендінің бірі – панты өнімдерінен бастап, аяқ киімге дейін қойылды.
Франция, Венгрия, Корея, Қытай басқа да елдерден келген қонақтарға облыс басшысы жергілікті өнімдерді көрсете отырып, облыстың инвестициялық әлеуетімен, инвестиция салуға аса қолайлы энергетика, ағаш өңдеу, ауыл шаруашылығы салаларының мүмкіндіктерімен таныстырды.
Вячеслав Асанов, «Шығыс Универсал» ЖШС директоры:
– Біздің болашақтағы басты нарығымыз – Қытай мен Ресей. Біз өсіріп жатқан ханбалық (форель) балығы Қытайда үлкен сұранысқа ие. Осы форумда шетелдік бизнесмендермен бірлесіп жұмыс істеу, серіктестік байланыс орнату секілді мәселелерге жете көңіл бөлеміз. Кәсіпорнымыздың құрылғанына екі жыл болды. Келер жылы майқан (ускуч) балығын өсіруге кірісеміз. Мақсатымыз – Өскемен су қоймасында шарбақты тәсілмен өсіріп жатқан балықтарымызды өңдей отырып шетелге экспорттау. Сондықтан шетелдік инвесторлар, отандық қаржы институттары, инвестициялық компаниялар қатысқан форумға өз өнімдерімізді алып, арнайы келдік.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button