17 әшекейі бар кісе белбеу
Абай өз заманында қазақтың өмір салтынан дерек беретін құнды бұйымдардың біразын өлкетану музейіне тапсырған. Сол көне бұйымдардың қатарында кісе белбеу де болған.
Абай мұражайындағы асыл мұралардың бірі – кісе белбеу. Бұл белбеуді Абай Құнанбайұлы 1885 жылы досы Нифонт Долгополов арқылы Семейдің өлкетану музейіне тапсырған. Ұлы ақын тапсырған заттар туралы өлкетану музейінің ескі кіріс кітаптарында осы кісе белбеуді кім берген деген графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинскаго уезда» деп жазылған екен. Сондай-ақ белбеудің ұзындығы 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.
Қазіргі таңда бұл белбеу көрерменнің көзайымына, музейдің мұрасына айналған. Кісе белбеуде металдан жасалған 17 әшекей бар. Олар әртүрлі пішінде жасалған. Кейбірі төртбұрышты, кейбірі тармақты жұлдызша тәрізді. Кісенің биіктігі 18 см жарты шеңбер пішінінде жасалған. Оның жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төрт бұрышты күмістелген металл әшекейлер бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызшалар орнатылған. Жұлдызшаның тоғыз болуында да терең мән болуы мүмкін. Өйткені қазақ зергерлері әр бұйымды дүниетаныммен астастырып жасап келген. Кісе жасалған терінің бетінде металл әшекейлермен үйлесе салынған өрнек бар. Оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан.
Қазақта күміспен күптелген кісе белбеудің неше түрі болған. Ал бұл кісе белбеудің құндылығы Абай Құнанбайұлына қатысты болуында.
Дайындаған – Қызырбек Дүргінбайұлы