Қоғам

16 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ОНЛАЙН ӨТКЕН

7 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 16 368 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 13 932-сі sanaq.gov.kz сайтында, 2090-ы Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 346 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысқан.

Алғашқы алты күннің қорытындысы бойынша  мегаполистер алда келеді. 65 736 астаналық тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Ал Алматыда онлайн санақтан өткен 64 537 адам  тіркелген. Үздік үштікті Шымкент түйіндеп тұр. Мұнда 51 386 адам санақ сауалдарына жауап берген.

Статистер санақ кезінде отбасының  бір адамы өзімен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері үшін санақ парақшасын толтыра алатынын ескертеді. Яғни, sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп, бір отбасын қамту мүмкіндігі қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң жүйе оның толық аты-жөнін автоматты түрде шығарады. Бұл мүмкіндік арқылы санақ парақтарын толтыруға кететін уақытты айтарлықтай үнемдеуге болады. Санақ сауалдарына жауап берген соң хабарлама онлайн өткен барлық отбасы мүшелеріне ортақ болып саналады.

sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

 

Жамал Ермен

 

Осы айдарда

Back to top button