Қоғам

16 мектепке ұлт қайраткерлерінің есімдері берілді

16 мектепке ұлт қайраткерлерінің есімдері берілді


Облыстағы 16 білім ошағы енді ұлтын сүйген, тәуелсіздік жолында жан аямай қызмет еткен ұлы тұлғалардың есімімен аталатын болады. Осынау сүйінші хабарды журналистерге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жеткізді.

Үкімет қаулысымен Өскемен қаласындағы №33 мектеп Ұлы Абай есімін иеленсе, №1 орта мектепке Шәкерімнің, №3 мектеп-гимназияға Шоқан Уәлихановтың, №16 мектепке Зәки Ахметовтің, Риддер қаласындағы №3 мектепке Дінмұхамед Қонаевтың есімдері берілді. Сондай-ақ, Ұлан ауданы Благодарное орта мектебі Ахмет Байтұрсынұлының, Үржардағы Крупская атындағы балабақшасы Абылайханның, Өскемендегі орталық кітапхана Оралхан Бөкейдің есімдерін иеленді. Ұлт қайраткерлерімен бірге өңір тарихында орны бар тұлғалардың есімдері де құрметтеліп, білім және мәдениет ордаларына берілді.

– Еліміздің даму тарихында орны бар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдерінің өңіріміздегі мектептер мен басқа да мекемелерге берілуі қуантады. Мұның жас буынды елшіл, мемлекетшіл рухта тәрбиелеудегі мәні өте зор. Сондай-ақ, бұл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы аясында тұрғындарымызға ерекше тарту болды, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button