Қоғам

16 жастағы жазушының кітабы

Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада ең жас жазушы Даша Цойдың «На перекрестке миров» атты кітабының тұсауы кесілді. Небары   16 жастағы жазушы қыз өзінің кітабында достық пен махаббат, өмірлік мақсат,  қайырымдылық пен ізгілік туралы ой толғайды.

Даша қаладағы №38 мектептің оқушысы. Ол өзінің 400 беттік кітабын небәрі 6 айдың ішінде жазып шыққан екен. Кітаптың тұсаукесерінде ол шығарманы қалай жазып шыққаны туралы кеңінен әңгімелеп, оқырман сауалдарына жауап берді. Оның кітабының кейіпкерлері – студенттер мен жұмыс істейтін жастар. Тұсаукесерде қала әкімінің орынбасары Ирина Смит, мектеп директоры және қоғамдық кеңестің төрайымы Инесса Чернышева, қаладағы Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков сөз алып, жазушылық жолын енді бастаған жас қаламгерге ізгі тілектерін білдірді.

– Мен бұл кітаптың алғашқы оқырманымын. Дашаның анасы ретінде бұл кітаптың жазылу процесінің басы-қасында болдым. Мен үшін қызымның отбасы, достық, мейірімділік, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас  секілді ұғымдарды қалай түсінетіні, оны оқырманға қалай жеткізетіні қызық болды, – дейді жас жазушының анасы Юлия Кнуст. Сондай-ақ ол Қазақстанда тұратын әр адамның өзінің армандарын жүзеге асыруға жол ашық екенін ерекше атап көрсетіп, Тәуелсіз елімізге шексіз алғыс айтуды ұмытпады.

– Мен бұл кітабымды өткен жылдың жазында бастап осы жылдың басында ғана аяқтадым. Жанры туралы айтсам, жастар романы деуге болады. Жастардың мінез-құлығы, өзара қарым-қатынасы туралы ашып жазуға тырыстым, –  дейді Дашаның өзі.

Кітап «Артекс» баспасынан 500 данамен басылып шығыпты. Кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова жас жазушыға Оралхан Бөкейдің бейнесі бейнеленген төсбелгі мен блокнотты сыйға тартты.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button