Қоғам

15 жүлдемен рекорд жаңарттық

15 жүлдемен рекорд жаңарттық

Рио Олимпиадасының 12-ші және 13-ші жарыс күндері Қазақ еліне тағы да бес жүлде әкелді. Оның бірі – алтын, екеуі – күміс, екеуі – қола. Осылайша, Бразилия жерінде 15 медаль ұтып алған ел құрамасы өз рекордын жаңартты. Және бұл бізге бұйырған медальдардың әлі соңы емес.
Естеріңізге салайық, бұған дейін қазақстандық спортшылардың ең жоғарғы көрсеткіші 13 медаль (Бейжің-2008, Лондон-2012) болатын.

«69» – алаштың салмағы

15 жүлдемен рекорд жаңарттық

Ел қоржынына үшінші алтынды алтын айдарлы ардақты ұлымыз, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов салды. Батыс Қазақстан облысының тумасы ақтық сында өзбек елінің мықтысы Шахрам Ғиясовтан басым түсті.
Осылайша, әуесқой бокста 69 келі қазақтың нағыз оң жамбасына келетін салмақ екені тағы бір мәрте дәлелденді. Аталмыш салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тәуелсіз Қазақ елінің былғары қолғап шеберлері жазғы Олимпиадаларда төрт алтын медальды қанжығасына байлаған. Елеусінов 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарында Бақтияр Артаев бастаған, кейін 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сəрсекбаев пен 2012 жылы Лондонда Серік Сəпиев жалғастырған игі дәстүрдің үзілмеуіне лайықты үлесін қосты. Бұл Олимпиадалар тарихында бұрын-соңды кездеспеген көрсеткіш екенін айта кеткен орынды. Данияр, сонымен бірге, Серік Сəпиевтен кейінгі біздің Әлем чемпиондығы атағын Олимп шыңына шығумен жалғастыра білген екінші боксшымыз. Бүгінде Астана қаласы атынан сынға түсіп жүрген 25 жастағы саңлақ осыған дейін 2013 жылы Әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдары Азия ойындарының жеңімпазы атанған болатын.

Болат Жұмаділовтің жолын жалғады

15 жүлдемен рекорд жаңарттық

Данияр ұлдарының жеңісті жолын тағы бір ерекше сенім артқан боксшымыз, 81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әділбек Ниязымбетов жалғастырады деп үміттенген едік бәріміз. Алайда, Маңғыстау облысының өкілі кезекті рет ақтық сында сүрінді. Финалда жерлесіміз кубалық Хулио Сезар Ла Круздан 3:0 есебімен жеңіліп қалды.
Осы Ла Крузбен отандасымыз осымен үшінші рет шешуші кездесуде қолғап түйістіргенін айта кеткен жөн. Бұған дейін кубалық боксшымен 2011 жылы Бакуде және 2013 жылы Алматыда өткен Әлем біріншіліктерінің финалдарында кездесіп, екеуінде де жеңіліс тапқан еді. Бұл жолы да солай болды.
Жалпы, Ниязымбетов үшін Куба боксшысы алынбас қамалға айналғандай әсер қалдырады. Шаршы алаңда екінші нөмірмен шайқасатын, қашан да аса сақтықпен жұдырықтасатын жерлесіміз осы жолы өз тактикасын ысырып тастап, шабуылға шығуға мәжбүр болды. Себебі, бірінші раундтан кейін жеңіліп жатты. Ла Крузға да керегі сол екен. Отандасымыздан қашып жүріп-ақ, соққыларын жұмсап, ұпайларын түгендей түсті. Нәтижесінде үш раунд та кубалықтың пайдасына аяқталды.
Ниязымбетов болса, осымен екінші рет Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін қанағат тұтты.
– Әділбекті ұтылды деп есептемеймін. Жеңіс үшін аянып қалған жоқ, барын салды. Бірақ қазылар жеңісті қарсыласына берді. Кубалық болса, жұдырықтасудың орнына үш раунд бойы қашқалақтап жүрді, өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, – деп налыды жекпе-жектен кейін ел құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Жалпы, осы Әділбек Ниязымбетовтің жолы бір болмай-ақ қойды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында алған алтынын айтпасаңыз, Әлем чемпионаты мен Олимпиадаларда боксшымызға марапат тұғырының оң жағынан ғана орын бұйырып жүр. Осы орайда, Ниязымбетов екі Олимпиаданың финалында ұтылған екінші қазақ боксшысы екенін де айта кеткен абзал болар. Бұған дейін Болат Жұмаділов Атланта және Сидней Олимпиадаларының финалында қарсыластарына есе жіберген еді.
Дегенмен, қатарынан екі Олимпиадада үздіктер қатарынан көріну екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен жетістік. Сондықтан күміспен күптеліп жүрген Әділбектің алтынмен апталар кезі де алда деген сенімдеміз.

Эльмира Сыздықова – Олимпиадада күрестен жүлде алған тұңғыш қазақ қызы

15 жүлдемен рекорд жаңарттық

Бұл күндері сенім биігінен көрінгендер деп балуандарымызды айтуға болады. Боз кілемнің шаңын қаққан мықтыларымыз екі күннің ішінде ел қоржынына екі қола мен бір күміс түсірді. Бір қызығы, үш жүлдені де әйелдер әперді.
Бірінші болып елін қарағандылық балуан Эльмира Сыздықова қуантты. 69 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақ қызы 1/8 финалда ресейлік Наталья Воробьеваға есе жіберген еді. Алайда, кейін жұбаныш белдесуінің бірінші кезеңінде моңғол Очирбатын Насанбурманы 3:1 есебімен жеңіп, осылайша жартылай финалға өткен болатын. Ал қола медаль үшін күресте мысыр балуаны Энас Мостафаны 7:4 есебімен тізе бүктірген ол Қазақстан қоржынына алтыншы қоланы салды. Осылайша Эльмира Олимпиада ойындары тарихында күрестен жүлделі орынға көтерілген бірінші қазақ қыз атанды.
Ал Лондон Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Гүзел Манюрова тіптен ешкім күтпеген нәтижеге қол жеткізді. 75 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Дүбірлі дода алдында 38 жастағы Манюрованы жарысты ерте аяқтайды, деп есептен сызып тастағандар да көп болғаны рас. Букмекерлердің де болжамдары мәз емес болатын. Алайда, Манюрова тамаша өнер көрсетті, іріктеу кезеңдерінен іркілмей өтіп, финалға сенімді түрде қадам басты. Тек ақтық белдесуде жолы болмай, канадалық қарсыласына есе жіберді.
Бұл Манюрованың үшінші Олимпиадасы екенін айта кеткеніміз жөн. Алғаш рет ол Афины Олимпиадасына Ресей атынан қатысып, күміс жүлдегер атанған болатын.
Сондай-ақ, 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Екатерина Ларионова қола жүлде үшін өткен белдесуде АҚШ спортшысын таза жеңіп, қоржынымызға кезекті жүлдені салды. Бірінші кезеңде 22 жастағы америкалық Елена Пирожкова 0:3 есебімен алға шыққан. Алайда, Қазақстан күрес мектебінің түлегі қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, жеңісті жұлып әкетті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button