Қоғам

15 шақырым оң жамбасқа келіп тұр

15 шақырым оң жамбасқа келіп тұр


Алексей Полторанин тағы да үздіктер қатарында. Шаңғы жарысынан Словенияның Планица өңірінде өткен Әлем кубогы кезеңінде 15 шақырымдық қашықтықты классикалық әдіспен бәрінен жылдам жүгіріп өткен жерлесіміз алтыннан медаль тағып, жалпы есептегі жағдайын біршама жақсартты.

Риддерлік шаңғышы аталған қашықтықты 36 минут 54 секундта жүгіріп өткен. Жүлде үшін таласта Полторанин басты бәсекелестері норвегиялық Йоханнес Хесфлот Клэбо (нәтижесі 37 минут 07 секунд) мен швециялық Калле Хальварссонды (37 минут 37 секунд) қапыда қалдырды.

Естеріңізге салайық, Алексей Полторанин бұған дейін Италияның Тоблах, сондай-ақ Швейцарияның Ленцерхайде қалаларында өткен Әлем кубогы кезеңдерінде үшінші және екінші орындардан көрінген болатын. Сонымен қатар ол Италияның Валь-ди-Фьемме өңірінде ұйымдастырылған «Тур де Ски» көпкүндік шаңғы жарысы кезеңінің жеңімпазы атанған. Бір айта кетерлігі, Алексей жүлденің барлығын дерлік 15 шақырымдық сайыстарда жеңіп алған-ды. Демек бұл Полтораниннің оң жамбасына келетін қашықтық деген тұжырым жасауға болады.

Осылайша, жерлесіміз 12 кезеңнен кейін Әлем кубогы жарысының жалпы есебінде 556 ұпаймен сегізінші орында тұр. Ал көш басында 875 ұпай жинаған норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button